"Тиімді пайдаланды деуге бола ма?": Депутат 10 млрд теңгені дұрыс игермегендердің жазасы туралы сұрады
Бюджет қаржысын дұрыс игермеген бірінші басшылар өз еркімен қызметінен босатылған, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров парламент палаталарының бірлескен отырысында республикалық бюджет қаржысын тиімді игермеген қол астындағы қызметкерлерінің өз еркімен қызметінен босатылғанын мәлімдеді.Мәжіліс депутаты Берік Оспанов министрге қойған сауалында гидротехникалық құрылыс-жайларды реконструкциялау мен жаңғыртуға республикалық бюджеттен бөлінген шамамен 10 млрд теңгенің тиімді жұмсалмағанын айтты.
Бұл ақша толық көлемде «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнына аударылған және барлық қаражат толық игерілген деп көрсетілген. Алайда жоспарланған нысандар құрылысына қаражат бөлінгенімен, алты жоба іске аспаған.
«Бұл ретте оларға көзделген 5,8 млрд қаражат «Қазсушар» кәсіпорнының есепшотында жатса, бюджет қаражатын тиімді пайдаланды деп есептеуге бола ма?» - деп сұрады депутат министрден.
Омаров бұл жобаларды атқаруға 2016-2018 жылы 14,5 млрд теңге бөлінгенін, оның 11,1 млрд теңгесі игерілгенін айтты. Нәтижесінде бүгінде 15 жобаның 9-ы іске қосылған. 2019 жылдың басында 2,4 млрд теңге игерілді деп көрсетілсе, бүгінде 1,4 млрд теңге игерілмей отыр. Қалған алты жобаның үш жобасын – шілдеде, екі жобаны – тамыз айында, қалған бір жобаны қараша айында іске қоспақ.
Министрдің айтуынша, 3-4 жыл бұрын дайындалғандықтан, жобалау құжаттарының ескіруі қаражаттың игерілмеуіне себеп болып отыр.
«Құжаттарды қайта қарауға тура келді. Соларды қайтадан қарап, жаңадан бекітіп, ақшаларды игеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгінде игермеуге байланысты су комитетінің және «Қазсушар» кәсіпорнының бірінші басшылары қызметінен өз еркімен босатылды», - деді министр.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің халық ақшасына байып отырған шенеуніктерге ашынғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
http://stan.kz