» » Қиын-қыстау кезде бірге болған қазақ атай мен поляк азаматы жылап қауышты (фото)

Қиын-қыстау кезде бірге болған қазақ атай мен поляк азаматы жылап қауышты (фото)



Польша Президенті Анджей Дуда Қазақстанға жер аударған Яблонскийлер отбасын ажалдан сақтап қалған Тасыбай Әбдікәрімовты медальмен марапаттады. Түркістан облысының тұрғыны қазір поляктар жерленген қабірге күтім жасап жүр деп хабарлайды Хабар 24.

Тасыбай Әбдікәрімовты марапаттау кеші Варшавада өтті. 85 жастағы ақсақал "Ерлік пен бауырластық" медалімен марапатталды. Қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген поляктарға қол ұшын созып, көмектескен адамдарды марапаттауға осы награданы тек Президент табыстайды екен.



"Осы жақсылықтарын халыққа айтып, паш ету маңызды. Бұл медальді алғаш болып Қазақстан тұрғынына табыстадық. Бұл үлкен абырой. Польшадан, бүкіл поляктар атынан алғысымыздың белгісі. Оның айтқан әңгімесі жанымды тебірентіп, көңілімді босатты", - Польша мәдениет және ұлттық игілігі министрінің орынбасары Магдалена Гавин.

Бұл марапатқа риза болған Тасыбай Әбдікәрімов қазақ халқының ұлы қасиеттері туралы сөз етті.

"Маған медаль берді. Оған миллион мәрте рақмет. Бұл берген марапатқа мен қазақ халқына ырзамын. Қазақ мықты болғанына ырзамын. Себебі қазақ халқы бауырмашыл, өзге жұртты өзіне жат санамай, өз құшағына баурап, бар нәрсесін жәрдем беріп тұрды", -дейді ақсақалдың өзі.

Тасыбай мен Валентин 1952-жылы танысқан. Қиын-қыстау сәтте бірге болған олардың достығы Яблонскийлер Польшаға көшіп кеткеннен кейін де ажыраған жоқ. Бір-біріне хат жазысып тұрған достар ұзақ уақыттан кейін қайта қауышқанда көз жастарын тыя алмады.



Валентин Яблонский Қазақстанға қатты ауырып келгенін еске алады. Қазақтар болмаса, тірі қалуым екі талай еді дейді. Оңтүстік Қазақстанға әкеліп, тамақ-сусыз құр далаға тастағаны әлі есінде. Сол кезде бар-жоғы 16 жастағы Тасыбай қол ұшын созған.

"Өте жүдеу әрі ауырып тұрғанымды көрді. Кімсің және қайдан келдің деп сұрамай, тамақ әкеп берді. Осы кісілердің арқасында тез жазылдым. Тасыбай мен бүкіл қазақ халқына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Қолдарында барымен бөлісті. Сіздердің елдеріңізде өмір сүрген жылдары Қазақ халқы мен оның дәстүрін жақсы танып білдім. Қымыздың дәмі мен киіз үйде ет асып жегеніміз әлі жадымда сақталған. Қазақстанға барғым келеді. Жастық шағым өткен кез туралы кітап жазайын деп жүрмін", - деді ол.

Валентин жазылған соң өзі қазақтарға көмектесе бастаған. Медициналық білімі бар ол фельдшер болып жұмыс істеп, күн сайын ауылдарды аралап, талай жанды ажалдан арашалаған. Осылай қазақ тілін де жетік үйреніпті.



"Валентин менің жүрегімде өлгенше тұрады. Себебі дос көп болады, біреу сенің дүниеңе дос болады, біреу сенің қызметіңе, ал мен қиыншылық көрдім, ол да қиыншылық көрді, мен оны жүрегіммен жақсы көремін", - дейді Әбдікәрімов ақсақал.

Тасыбай ақсақал өмір бойы агроном болып жұмыс істеген. Тоғыз баланы тәрбиелеген ол бүгінде немелерінің қызығына бөленіп отыр.
Қазақ пен поляк арасындағы достық әлі талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.

https://kaz.nur.kz
21 маусым 2019 ж. 593 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 773

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930