» » Кавказдағы Жаңа жыл кеші

Кавказдағы Жаңа жыл кеші

Жалағаш  ауданындағы  Калинин атындағы кеңшарда қызметте жүргенімде 1979 жылдың желтоқсан айында Краснодар ауыл шаруашылығы институты жанындағы бүкілодақтық білім жетілдіру курсына екіайлық оқуға бардым. Институтта 9000 студент 17 мамандық бойынша білім алады екен. Сондай-ақ Азия, Африка, Латын Америкасындағы дамып келе жатқан он бес елден 2 мыңдай студент оқиды. Білім жетілдіру курсына Кеңес одағының күріш егетін өлкелерінен, атап айтқанда, Кубаньнан Қиыр Шығыстағы Амурға, Оңтүстікте  Ферғана жазығынан Қарақалпаққа дейінгі аймақтардағы шаруашылық мамандары шақырылып, білімдерін көтеретін.

Краснодар өлкесі кеңестік  ауыл шаруашылығының озат тәжірибесі мен ғылыми жа­ңа­лықтарының көш бас­­­тау­шысы болғанын бүгінгі аға ұрпақ жақсы біледі. Күріш ғы­лы­ми-зерттеу институты да осында ор­наласқан. Курс тың­даушыларына  жақ­­сы жағдай жасалған, екі адамға бір бөл­ме, арзандатылған тамақ, бос уақытта Солтүстік Кавказ, Қара теңіз жағалауына саяхат жасау, тарихи орындармен та­нысу қа­растырылған. Курста Одақтың барлық өлкесінен 60 тыңдаушы екі топқа бөлініп оқуы­мызды жалғастырдық. Аты Одақ­қа та­нымал Кеңес одағының ба­тыры партизан, Социалистік Еңбек Ері А.И.Майстренко басқаратын «Крас­ноармейский» күріш ша­руашы­лы­­ғы­ның басшыла­ры­мен, өзімен кездесіп, тәжі­­рибе алмасуымыз естен кет­пес сәттер болды. Тың­дау­шылардың ара­сында Крас­но­дар өлкесіне қа­райтын Ады­гей автономиялық об­лысы­ның Теучежский ауданы­нан адыгейдің Ахмед  Бызуба, орысша аты Алексей Бызуев деген жігіті болды. Жігіт аға­сы болып қалған ол өз кеңшарында бө­лім­­ше меңгерушісі болып қыз­­­мет атқарады екен. Тау хал­­қына тән қияқ мұртты, ірі денелі Ахмедпен жақын­да­сып, етене араласып кет­тік.
Жоғары білімді, ауыл ша­руашылығының ма­маны, өндіріс басшысы Әле­кең жан-жақты білімді азамат екен. Қазақстан, қазақтар тура­лы, өмір салтын, әдет-ғұрпын, об­лыстың жағдайын, ауыл ша­руашылығын, оның ішінде кү­ріш шаруашылығының жағ­да­йын сұ­раумен болатын. Мен де білгенімше жауап беремін. Сон­дағы айтқаны әлі есімде: «Сендер, қазақтар – ұлт болып қалыптасқан өз елдерің, өз­деріңнің жерлерің, әдет-ғұ­рыптарың, салт-дәс­түр­лерің, өшпес тарихтарың бар ха­­лықсыңдар. Сондай елді бас­қарып отыр­ған әлем таныған Д.А.Қонаевтай басшыларың бар» деп өз елінің, ұлтының жағдайын айтып мұңайған еді. Азаматтың жанына бататыны – басқа  да тау халықтары сияқты бодандыққа қарсы ата-бабаларынан бері кү­ре­сіп келеді. Отаршылдықтың кесірінен дінін жоғалтқан, орыс­­тандырылған. Кеңестік дә­уірде де өлкелік басқарудан шығып, автономиялық рес­публика бо­луға талпынған. Бірақ оған жол берілмегенін, аты-жөні орыстанып кет­кенін, тілінің жоғалып бара жат­қа­нын айтып қиналатын.
Ескі таныстай болған Әле­кең Жаңа 1980 жылды қарсы алу­ға үйіне қонаққа шақырды.  Жел­тоқсан айының соңғы күні жеке көлігімен келіп, алып кет­ті. Күріш кеңшарының бас­шы­лары тұратын орталық бө­­лімше аудан орталығында орна­ласқан екен. Аудан орта­лығы қала тә­різдес салынған. Кеңшар­дың басшылары мен бас маман­да­ры­ның үйлері кот­тедж, ыстық, суық су кір­гізілген. Аулалары – қыс болса да, көкорай шалғын. Қылқан жапырақты ағаштар, қысқаша айтқанда ұжмақ дерсің. Хал­қы да мәдениетті, үнемшіл, бекерге ақша шашпайды екен. Әр үй жыл бойы пайдалануға, сатуға бір тоннаға жуық жүзім шарабын, көкөніс тағамдарын дайындап алатын болған. Кешке досымның қалада тұ­ратын балалары, туыстары, көршілері жиналды. Шамасы, қонақ келеді дегенді естіген бо­лу керек. Мені Қазақстаннан, курста бірге оқитын жол­да­сым деп таныстырды. Дастар­қандағы тағамдар өздерінің еккен-терген өнімдерінен да­йындалған, ша­масы, Жаңа жыл кешінің мәзірі үшін болу керек, бір шиша орыс арағы мен бір шампан, қол­дан жасалған жүзім шарабы қо­­йылыпты. Қандай үнемшіл халық десеңізші?!
Көңілді отырыста кеңшар­да бас инженер болып істейтін Сүлеймен көршісіне:
– Өзің сыйлы қонақ шақы­ра­сың, дастарқаның жұпыны. Ал қазақ хал­қы қонақжай, өзі аш отырса да, асын қонағына береді дегенді естуші едім. Бөлімше меңгерушісің, мұ­ның достым, жарамайды. Қо­нақ Жаңа жылды біздің үйден тау халқынша қарсы алады. Қазір барлығың да біздің  үйге барасыңдар, – деп әңгімені қыздыра түсті.
Бас инженердің әйелі са­тушы болып істейді екен, дас­тархан жақсы дайын­дал­ған, стол толы дүкеннің ши­шалары. Көңілді отырыс өтіп жатты. Түнгі он екі, Жаңа жыл құрметіне шампанның ашылуы мұң екен, даладан тар­сылдаған мылтық дауы­сы, соғыс басталып кет­кендей  атыс естілді. Бұрын мұн­дай­ды естіп-көрмеген соң мас бол­ған бұзақылар ма деген ың­ғайсыздықпен үй иесіне қа­радым. Олар мәз болып ра­хаттана күліп, орындарынан тұрып, қол шапалақтап тост көтерді. Осы кезде иы­ғына қосауыз мылтығы, чер­кес шапаны, басында тау халық­тарының бөр­кін киген үш жігіт кіріп келді. Қызулау. Ал­дымен ұзын бойлы, мұртты, адыгей жігіт келген бойда:
– Қайда менің жерлесім, қайда менің қазағым? – деп ентелеп, төрде отырған мені құшақтай бас­тады. Красно­дар қаласындағы ауылша­руа­шылық техникумын бітір­ген­нен кейін Талдықорған об­лысының Ақсу кеңшарында механик болып, екі жыл жұ­мыс істеп, біздің елдің салт-дәстүрін жақсы біле­тін азамат екен. Оны жер­лес­тері де «қазақ» дейді. Өзі де «қазақпын» дейді екен. Жерлесім білгенінше қа­зақ­тың салт-дәстүрін, өмір тір­шілігін, ешкімге сөз бер­мей отырғандарға айтып түсін­ді­румен болды. «Қазақ қонақ­тарына семіз қой сояды, оны үлкен қазанға салып асады, піскесін ұннан  қамыр салып, үлкен табақпен әкеледі. Ор­таға алып қолмен, мына бес бармақпен жейді. Оны «бес­бар­мақ» деп атайды. Тәттілігі сондай бес бармағыңды жеп жі­бер­геніңді білмей қаласың» деп әңгімесін жандандыра түсті. Тың­дап отырғандар жер­лесімнің аузына қарап қа­лыпты. Бір жігіт:

– Сіз айтыңызшы, жерлесі­ңіздің айт­­қаны шындыққа қан­ша­лықты жа­қын? – деді.
Мен:

– Қазақ қонақтарына қой, тапса, одан үлкен ірі қара сойып, құрметтеп қонақасы береді. Бұл – халқымыздың дәстүрі, жерлесім тағамды қалай дайындайтынын, оның дәмділігін жеткізе айтты. Бі­рақ тағам дәмді екен деп, бес бармағын қоса жеп жібереді дегені шындыққа жуыспайды, – дедім.
Жұрт ду күліп, бір көңіл­деніп қалды. Бұл халық Жаңа жылды аспанға мылтық атып қарсы алады екен. Мұндай шараға тыйым салынғанмен, тоқтамаған. Ер­теңіне жер­ле­сімнің үйін­де қо­нақта, тау бөктеріндегі кеңшарда өз әріп­тестерімнің отбасында болып, шағын ғана тау халқының өкілдеріне қазақ халқын, оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен өмірінен хабардар еттім.
Құдайға шүкір, қазір тә­уелсіз ел болдық. Бізді дүние жүзі таныды. Алда жаңа же­тістіктер мен жарқын болашақ күтуде. Ол үшін еліміздің ты­ныштығы, халқымыздың бір­лігі қажет.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының құрметті азаматы
06 қаңтар 2021 ж. 10 633 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031