Қария сөзі – қазына

Дайрабай Бекбергеннен туған 7 баланың үлкені ғана емес, ел сөзін ұстаған баласы болды десек, артық айтпаған боламыз. Ол 1888-1889 жылдары шамасында қазіргі Жаңаталап пен Аққыр ауылы төңірегінде туған. Әкесі Бекберген 1904 жылы, анасы Рыскүл Шынжырбайқызы 1909-1910 жылдары шамасында өмірден өтеді. Бекберген де жалғыз емес, алдында апасы Айтбике, қарындастары Көшбике, Жаңыл бәрі де Тойқожа Сарғасқалар арасында болады.
Нақтыласам, Перовскі уезіне қараған «Қаракөл-Қуаңдария» болысының №5 ауылында тіркелген. Айтбике Өстемір Сарғасқа Жортақпен бас қосады. Одан Ахмет (Қара Ахмет), одан Айбек, Айым тарайды, ұрпақтары бар. Айым апаның күйеуі – Сарыбай, Сары (Ермағанбет Нұрахметбайұлы Әлиев). Айбектің әйелі – керейт Аяғанның қызы Сақыпжамал. Көшбике апамыз Тоқал Сарғасқа Сапақ баласы Оспанмен бас қосқан. Ұрпақтары жоқ. Жаңыл апа Тойқожа Сарғасқа Бодаш батыр баласы Ерманға тиген. Ерманнан Жарылқап, одан Әбдібайлар өмірге келген. Айтпақшы Бодаш баласы Әлімнен Қадиша туған. Қадиша – Сойырғас Кете Әбіштің зайыбы. Тоғанас, Бодаш батырлар, Шынжырбайлар бір жағынан жиен, бір жағынан нағашы болып келеді. Шаймерден Басаров пен Оспан Мүйтеновтер Жәмила шешемді апалап тұратын.
Айтбике апамыз 1902 жылы Тәутік маңында түйеден құлап қайтыс болса, Бекберген 1904 жылы Қаратерең маңында тамыз айында өмірден өтіп, сол маңдағы қорымға жерленеді. Маңында Мысық тамы мен Байбақты мұнарасы бар.
Бекберген атамыздың Сарғасқалар арасына келіп қоныстануының себебін білмедік. Шынжырбай Келдібайұлының керуен айдаушы жігіттерінің бірі болып жүргенде, керуенге шабуылдаушыларға қарсы ерлік көрсеткеніне риза болған Шынжырбай керуенбасы, үлкен қызы Рыскүлді (1885-1886 жж) Бекбергенге ұзатады. Осылайша өсіп-өнген Бекберген ұрпақтарын көзі көргендер, біздерді «Бекбергеннің бес баласының ұрпақтары» деп құрметтейді.
Сәтбай тамында, Жаңадария бойындағы қорымда Бодаш батыр, керуен басы Шынжырбай, Рыскүл апамыз жерленіпті. Шынжырбайдың төрт құлағы жартылай құлаған. Арғы-бергіден жазып, енді негізгі кейіпкерім Дайрабай қарияға тоқталмақпын.
Дәкең 16-17 жасында-ақ бір ауылдың ауылнайы болыпты, оны өзі айтқан-ды. Кейін 1929-1930 жылдардағы артель, тоздарда еңбек етіп, 1930-1935 жылдары Қызылдихан колхозының төрағасы, төрағаның орынбасары болып қызмет атқарады. 1930 жылы көтеріліс кезінде «қашақ» аталған ауылдастарын елге қайтару жолында олармен сөйлесіп, ауылға қайтарғандардың бірі екен, көзкөргендер солай дейді.
Ол 1932 жылы Жаңаталап колхозына колхозшы болып кіреді. 1937-1938 жылдары колхозда ұйымдастырылған аңшылар бригадасында болып, аңшы да болған. Шынын айту керек, 1922, 1932-1933 жылдардағы елдегі ашаршылық кезінде талай отбасы Өзбекстанға, тіпті Тәжікстан, Ауғанстанға ауған шақта, аңшылықтың арқасында Бекберген әулетінің аман қалғанын айтатын-ды. 1943 жылы шопан болып жүріп, Отан қорғау қоры үшін шығарылған «лотереяны» 10 мың сомға сатып алған. Ол туралы «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған.
Дәкең үйінде көп болған Жалағаш совхозында көлік жүргізген Зікірия Өмірсеріковтың айтуынша, «Ұлбала-ау, шайың қайнап тұр ма, біреу-міреу келіп қалар» деп келмеген қонаққа шәй-суын дайындатып қояды екен, не деген бұл қонақжайлық десеңізші.
1946 жыл, КСРО-ның кезекті сайлауы өтіп жатқан кез болса керек, Дәкең қатты ауырып жатса да сол сайлауға барғысы келіп көршісі Салықбай Күзеровке: – Салықбай, шырағым, қайтсең де сайлауға апар, дауыс берейін» дегенде, сасып қалған Салықбай: – «Дәке-ау, қалай жеткіземін? Көлікке жарамайсыз ғой, – дейді. «… Мені түйенің бір жағына, бір қап шеге құмды екінші жағына теңде» деп сайлауға қатысып, содан сауығып қайтыпты.
Жаңаталап, Мақпалкөлдегі (Т.Жүргенов) ауылындағы, тіпті аудандағы белгілі шежірешілердің бірі – Өміртай Кемелов 2019 жылдың 1 қарашасында «Дайрабай атаның сөздері» атты 3-4 беттік Дәкеңнің сөздерін хатпен маған жолдады. Олардың бірсыпырасы өзімде бар және кітаптарды жариялағандықтан кейбірін бұл мақалама қоспадым.
Дайрабай ақсақал «Жандос» деген жерде қысы-жазы мекен еткен-ді. 1946-1947 жылдары болса керек, бұл кезде Жаңаталап колхозын Сейітжан Сүлейменов басқарады екен. Дәкең қыдырып келіп, Сейітжанның үйіне түседі. Шәй үстінде Сейітжаннан аман-саулық сұрасады. Сонда Сейітжан «Несін сұрайсыз Дәке, Бөріні-біріне салып (Бөрі дегені Сарыбайдың атасы), артынан қарап отырмын» дейді. Сонда Дәкең «Әй Сейітжан, басыңда ми жоқ екен ғой, Бөрі төбені бір айналып қосылады емес пе? Абайла» депті. Шынында Байболат Сарыбайлар жоғары жаққа арызданып, Сейітжанды соттатып жібереді. Осыдан мен көрген Дайрабай қарияның көрегендігі байқалады.
Өмекеңнің екінші әңгімесінде: «... Қалила Әбішовтің үйінде отырғанда, табақты турадым. Дастархан басында Дайрабай, Оспан, Нұртай, Мешер-Әбілда болды. Табақ туралып болған тұста Жаңаталаптан Матай Ғаниев асқа шақыртушы болып келіп, босағадағы орындықта отырғанда оған Мешер-Әбілда, Матайға ет асатты. Сол кезде Дайрабайдың түсі бұзылып, әй көргенсіз, неге табақтан асатасың, табақ менікі емес пе? Жылқының шұбырғаны жайылуға беттегені, досының келгені сұрағаны, табақ менікі, үлкен тұрып табақтан неге асатасың?» деп табақтан ауыз тиген де жоқ. Мен соны көріп, естідім. Бұл әңгіме кейінгіге сабақ болсын деп жазып отырмын» дейді Өміртай Кемелұлы.
Өмекеңнің жазғандарының ішінде мен естімеген мына әңгімені де қосып отырмын. «...1950-1951 жылдары шамасында Қызылдан Дайрабай келіп, Мақпалкөлдегі Кәнтай Байниязовтың үйіне түседі. Әңгіме үстінде Дайрекең елдің жағдайын сұрай отырып: «...Кәнтай колхоз бастық және оның орынбасары кім дегеніне, колхоз бастық Райымбай Сейітжанов, орынбасары Құрманбай Құлтабанов» депті. Дәкең сұрағын әрі қарай жалғастыра, бас бухгалтер, екінші есепші, кассир кімдер дегенінде Кәнтекең «бас есепші Сегізбай, одан кейінгі бухгалтер Қызылбек, кассир Бітеген» депті. Сонда Дайрекең аз-кем ойланып отырып «Ә, мына Сарыбайлардың қуын-ай, теректі қақитып қойып, түбіне түскенін бүріп, теріп жеп жатқанын қарашы» депті ғой. Осы сөздерден сол кезде де сыбайластық пен жемқорлықтың орын алып отырғанын меңзеген сияқты.
Тағы бір Дәкеңе қатысты әңгіме Имаш Ержановпен болыпты. Имаш та Тамдыдан әкелген құмай тазысы бар дегенді естіп, аңқұмар Дәкең сол итті сұрап келеді. Имаш бермепті. Үйден шығып бара жатып, Дайрабай: «Итті сұраған да ит, итті бермеген де ит» деп, босағадағы тазыны алып кете барыпты. Ұтымды сөзге тоқтаған Имаш інісі үндемей қала беріпті.
Бірде Дайрабай, Машан, Сейділда, Есберген, Нұржан ақылдасып, Еске сәлемдесуге барады. Барса, қоржын тамның бір бөлмесінде Ес, екінші бөлмесінде Шәйімбет өкілмен бірге отырған екен. Үлкен кісілердің келгенін байқаған өкіл Шәке «Қарияларға барып, сәлем берейік» дейді.
Өкіл мен Шәйімбет: «Ағалар, біз сіздерге сәлем беруге келдік. Жұмыс адамымыз ғой, жүреміз» дегенінде, Дайрабай: «Кісі болатын кісінің кісімен ісі болады, кісі болмайтын кісінің, кісімен несі болады дегендей, кісі болайын деп тұрған жігіт екенсің, бақытты бол» деп батасын берген екен екеуіне де.
Өміртай Кемелұлының жазғандарынан оның қарулы кісі болғанын көрсететін оқиға да бар. Дайрабайдың жастау кезінде Жәмпік-Ысқаққа жәрдемдесіп, колхоздың түйесін айдасып, қырға барыпты. Қарақұмдағы Уәлі құдығына шөлдеп келген бір тайлақ түсіп кетіп, оны тартып шығара алмай жатқандарға кезігеді. Сонда Дайрабай тереңдігі 12 құлаш құдықтан тайлақты тартып шығарыпты. Ауыр салмаққа шыдамай Дәкеңнің мәсісі қақ айырылып, жыртылып кетіпті деседі. Бұған қарағанда Дайрабай палуандыққа түспесе де, қарулы болғаны анық.
Дайрабай Бекбергенұлының нағашысы әрі інісі, есімі республикаға белгілі Еңбек Ері Ұзақ Еспановқа айтқандарын бұрынғы кітаптарыма енгізген едім. Ұзақ ағай мен Дәкең арасындағы әңгіменің Өміртай айтқан нұсқасын беріп отырмын. Негізгі желісі бірдей болғанмен өзгешіліктері бар.
№16 ауыл төңірегінде Дайрабай атты елге сыйлы, құрметті ақсақал болды. Ұзақ ағамыз Дайрекеңе жыл да болмағанмен реті келгенде арнайы сәлем бере барып, бір көлік қара күріш, он-шақты қап ақ күріш беріп кетеді екен. Бірде Ұзекең ағасы Мақсұт Нұрылдаевты ертіп, Дәкеңе сәлем бере барады. Дайрабай сәлемін алып, амандық-саулықтан соң Мақсұтқа қарап:
– Әй, мынау… Сен Мақсұтсың ғой, ал енді мына қасыңдағы сары бала кім, шырамытып тұрғаным? – депті.
– Ойбай-ау, Дәке, бұл Ұзақ ініңіз ғой, – депті Мақсұт.
– Әй, Ұзақ па, ойпырмай түріңді де ұмытуға айналыппын-ау. Әй, Ұзақжан, мен саған бізді ұмытпасын деп інім Сайлыбайдың қызы Егемжарды ініңе беріп едім ғой, мені неге ұмытып кеттің? – депті.
Ұзекең қатты ұялып қалады. Кеңсесіне келіп, дереу Сайлау дейтін қоймашысын шақыртып, оған: «Бір көлік қара күріш, он қап ақ күрішті тиеп алып, Дайрабай ақсақалға жеткіз» – депті. Сөйтіп Ұзақ ақсақалдың батасын алған екен. Ең қызығы сол Мақпалкөлдегі соқыр Ілияс атанған ағамыз да Ұзақтың Дайрабайға күріш бергенін естіп «Оу, Дайрабайдан мен кеммін бе, әлде Дайрабайдың тамағынан өткен күріш менің тамағымнан өтпей ме?» деп Мәдениетке барады.
Қысқаша айтқанда, үйіне неге келгенін меңзеп әңгімелейді. Сөз мәнісін түсінген Ұзақ ертеңіне Ілекеңе де күріш беріп жіберіпті. «Күріш арқасында күрмек су ішеді демекші, Ілияс Дәкеңнің арқасында күрішті болыпты. Қадірлі ағасын сыйлаған Ұзақ Еспанов «Туған ауыл туралы толғаныс» атты өлеңінде:
...Айтамыз Дайрабайды мақтан қылып,
Сөзінде болмайтын-ды жаттандылық, – деп жырға қосқан.
Дайрабай кезінде Тамдыдағы Назардың Ахметі, Қара Жүргенов (Темірбек Жүргеновтың әкесі), Жылқышы Жиенбаев, Төлеген Тәуіпбаев, Ес Жалдықараев, Сейітжан Сүлейменов, Сүлеймен Еспанов, Көбен Байкөбеков, Келман, Пірман Келдіқұлов, Нұржан Жұдырықов, Келдібай Шонымов, Асан Қараев, Қожахмет Ысмайылов, інілері болып келетін Шәйымбет Есов, Әбжәлел Қожабаев, Әбдіхалық Құттыбаев, Ермахан Кірекесов, Төле Рысбаев сынды басқа да аға-бауырларымен сыйлас болған. 1939 жылы көрмеге інісі Майлыбайдың орнына Мәскеуге де барған. Дайрабайдың директор Төле Рысбаевқа, Жылқыбай ауылсоветке, Мақсұт Нұрылдаев пен Бердәлі Мәмбетовке, пошта бастығы Сәндібек Нахаевқа, Мәлік Ысқақовқа, қызы Райханға және басқа да кісілерге айтқан бәтуалы сөздері көп-ақ. Ол кісінің атында бүгінде жартылай бұзылған «Ханқожа» маңында «Дайрабай» пункті тұр.
Жылқыбай 1930-1932 жылдары шамасында ауылсовет болып тұрғанда Дайрабайды шақыртып алып «Неге колхозға жұмыс істемейсіңдер, колхоз құрылысына қарсысыңдар ма?» деп шүйліккен де. Сонда Дайрекең «Мінгенде сасық күзең аяңдадым» деп басталатын қырық өтірікті жалғастыра беріпті. Жылқыбай «Өтірік өлеңді неге маған айтып отырсың?» дегенде: «Бұл айтқаным өтірік болса, мен туралы айтылған да өтірік» деп, өзінің және інілерінің Жаңаталап колхозын ұйымдастыруға қосқан үлестерін бір-бірлеп айтып, төрағаны мойындатқан екен. Жылқыбай Арыстанбек бидің баласы, Кеңшіліктің әкесі болар деп есептеймін.
Дайрабай Бекбергенұлының бұлардан басқа да айтқан қанатты сөздері болғанын, бүгінде олардың біразын ұмытқанын айтады Өміртай аға. Сөзінің тұздығы әрі сүбелісі Сүлеймен Еспановпен Төлеген Тәуіпбаевқа айтқандарынан да байқалады
№16 ауылда ХХ ғасырдың 30 жылдарында өмір сүрген Сарғасқа Сүлеймен Еспановпен бірге дастарханда отырғанда Сүлекең бір өзі сөйлей беріпті. Сонда Дайрабай: – Сүлеке, тоқтаңыз, қарақалпақ Төлеген секілді бар өтірікті айттыңыз ғой. Біз де бұзаушығымызды езейікші, – дегенде, Сүлеймен ақсақал сөздің мәнін түсініп, тоқтап қалады. Әрі қарай сөз билігі Дайрекеңе ауысады. Сол әңгімені естіп, өкпелеп жүрген замандасы, сыйласы болған Төлеген Тәуіпбайұлына Дайрабайдың: – Сүлеймен наһан емес пе, оның аузына ешкім шақ келмейді, аждаһаның аузына сен сияқты дәуді тығып, сөзді зорға алдым ғой, – деген сөзіне Төкең де арқалап, өкпесін ұмытып кетіпті.
Дәкеңнің осындай елге сыйлы болуына зайыбы Ұлбала Жалғасқызының еңбегі зор. Шешеміз Ұлбала 1909 жылы туып, 1993 жылдың 11 сәуірінде Мақпалкөлде қайтыс болды. Бейіті шалының қасында, «Айқожа ишан» қорымында. Ренжігенде бар айтатыны «мың болғыр» еді. Дайрабайдан – Райхан, Шәйкүл, Қалдаш өмірге келген.
Райхан 1930 жылы «Бозарықта» туған, ер мінезді, сөзге батыр, қонақжай еді. Кейде еркінсіп кетіп, дұрыс сөздерін бұзып алатын кездері де болды. Батыр ана, өмір бойы үй шаруасында болды, қойды да, сиырды да соя беретін. Отағасы Үнгіт-Жаппас Бөкеш Молдахметов көп сөйлемейтін, өз ісіне мығым, білікті, шопыр болды. Ал Шәйкүл 1935 жылы «Ақтікен», «Бозарық» маңында өмірге келген. Орта мектепті Мақпалкөлде бітірді. Жәрімбет Сарғасқа Әбдібек Ысқақовпен бас қосты. Шәйкүл апамыз көп жыл Жалағаш совхозында мал шаруашылығында еңбек етіп, екеуі де сол жерден зейнетке шықты. Қаракеткен теміржол стансасында тұрады.
Шәкең – көп сөйлемейтін біртоға кісі. Қонақ күту, ағайындарымен араласы өте жақсы болды. Балаларының үлкендері Дайрабайдың үйінде жатып оқыды. Олар «Кәкемнің күпісінен шықтық» деп ризашылықпен айтып жүр.
Дәкеңнің кенжесі Қалдаш 1954 жылы туған. «Мақпалкөл» орта мектебін бітірген. Кейін Жаңаталап, Жалағаш совхозында еңбек етті. Бүгінде Қызылорда қаласында тұрады.
2017 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Жаңаталап ауылында Дайрабай Бекбергеновке көше аты беріліп, салтанатты жиын өтті. Оған Астана, Алматы, Қызылорда қалалары мен Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарынан көптеген ағайын-туыс, дос-жаран, жерлестері қатысты. Осы жиынға республикаға белгілі ақын-жыраулар қатысып, жыр жырлады. Соның бірі атақты айтыскер ақын Серік Ыдырысов:
... Тірілтіп бүгін жатырмыз,
Дайрабай бидей көкені-ай.
Дайрабай бидің көшесінде
Ел басқаратын мінекей,
Қыз да тусын, ұл да тусын, – деп жырласа, ақын, жазушы Нұрлыбек Саматұлы:
... Ұға алмай өзгерісті ел сенделгенде,
Жөн сөйледі адасып келгендерге.
Ақыл жастан шығады деген сөз бар
Би деген тарады аты ел мен жерге, – деп елдің сөзін өлеңге айналдырды.
Кәкем әркез өзінің қандай жағдайда өмір сүргенін, осынау абыройға қалай жеткенін сұрағанымда: – Балам-ау, үш азамат үш нәрсесімен менің де өздерінің де аттарын шығарды. Біріншісі – Тамды еліндегі (Тәуелібай) Назардың Ахметі. Ол «Інілікке жарайтын жігіт екенсің» деп Бозайғырын маған сыйласа, қармақшылық Кірекестің Ермаханы аң құмарлығымды біліп, тазысын берді. Үшіншісі – өздерің көрген Құттыбайдың Әбдіқалығы, «ұзақ жыл сыртта болдыңыз, ел ішіне көшіп келіп жатырсыз, мына үйді сізге беремін» деп осы үйді сыйға пұлсыз берген-ді. Мен де өз ретімде А.Назарұлына бір түйе, Е.Кірекесовке ақбозат, Ә.Құттыбаевқа Еспенбет нағашымның көзі болған деңбент белбеуді ұсындым. Бүгінде ол белбеу Бақытбек Нұрманбетовтың үйінде.
Дайрабай атына көше беру салтанатты түрде өтті. Жиында Жалағаш ауданының сол кездегі әкімі Талғат Дүйсебаев, еңбек ардагерлері Бұқарбай Жәлиев, Өміртай Кемелов, Дайрабай қызы Шәйкүл апа сөз сөйлеп, көше ашу лентасын қиды. Республикаға танымал ақын-жыраулар Серік Ыдырысов, Жұмабек Аққұлов, Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Айдос Рахметов, жас жырау Шұғыла Марқабаттар жырдан шашу шашса, ақын Нұрлыбек Самат, Қуат Әдистер арнауларын оқыды. Жиынға қоғам қайраткерлері Алмагүл Божанова, Жұпаркүл Иманбаева, Тұрман Омаров, Болат Мырзабеков т.б. белгілі азаматтар қатысты.
Қорыта айтарым, Дайрабай – ой толғап, билік айтып, белін буып дауға да араласқан адам. Тапқыр жауап һәм уәж айтылса, «Дайрабай былай деген екен» деп бұл кісінің сөзін әлі күнге дейін мысалға келтіріп айтып жүр. Демек, Дайрабай ақсақалдың өмірі өнегеге толы болған. Мұндай азаматтар көп болса, ел бірлігі мен тірлігі түзу болары анық.
Тынышбек МАЙЛЫБАЙҰЛЫ,
этнограф, жазушы,
«Құрмет» орденінің иегері