» » » ҮМБЕТ, СӘМБЕТ БІР ТУҒАН

ҮМБЕТ, СӘМБЕТ БІР ТУҒАН

Атақты Балқы базар жырау (ақын) өзінің бір толғауында “Әлім-Шөмен бір туған” деп жырлаған. Сондай-ақ бізде XIX ғасырдың 70 жылдары мен XX ғасырдың 30 жылдарында Қуаң бойындағы “Көкшоқы”, “Тәутік”, “Ақтікен” маңында өмір сүрген ағайынды Тілеген ұлдары Үмбет пен Сәмбетті бір туған деп мақаламыздың басына қойдық. Шынында да олар – бірге туған қос бауыр. Олар – Қаракөл-Қуаңдария, Қостам болыстығының тұрғындары. Өз тұсында Байболат Сарыбайдың сөзін ұстаған, бірнеше рет алмакезек болыс болған адамдар. Жалпы осы өңірде Шөмекей руларының адамдары Қаракөл-Қуаңдария мен Қостам болысын құраған. Архив жазбаларында 1896-1903 жылдарда Тойқожа Сарғасқа Сәтбай балалары Мырзабек пен Ержан, Тілеубай Сарғасқа Боранбай Алшанұлы, Жанғабыл Сарғасқа Қалданұлы Құланбай кезек-кезек өзара келісіммен болыстыққа сайланып отырылған.

Үмбет пен Сәмбет Тілеген балаларының (Тіле­ге­нов) архив құжаттарында есімдері 1903-1930 жыл­­дар аралығында кездесті. Кезекті бір сайлауда (1909) болыстықты Үмбет алса, Сәмбет Қостам бо­лы­сының №3 ауылының ауылнайы болғаны жа­зы­лып қалған.

1913 жылдың 14 ақпанында Сырдария облы­сының әскери-губернаторына Қаракөл-Қуаңдария болысында тұратын Дегенбаевтар өздерін Қостам болысына ауыстыруды сұрап жазған бірнешеуінің арыздары қатталған. Бұл тұста Қостам болысын басқарушы Үмбет Тілегенов екен. Бұл құжатты Қостам болысы №2 ауылының ауылнайы Төлебай Қалқожаевтың халықтан жиналған (табыс) ақшаны өзі пайдаланып кеткені жайлы арызды Қазалы уезінің №3 учаскесінің бітімгершілік соты арнайы (1914-1915) қараған. Осындағы әңгіме болып отырылған 50 сомды бұрынғы болыс басқарушысы Ержан Сәтбаев, жаңа болыс Үмбет Тілегеновке өт­кіз­гені жайлы (18-09.1912 ж.) қолы бар. Осы іс бойынша М.Сәтбаев, Е.Сәтбаев, Т.Қалқожаев, Үмбет, Сәмбет Тілегенов тағы басқалардан жауап алын­ған.

1913 жылғы Дегенбаевтардың арызына бай­ла­нысты Қаракөл-Қуаңдария болсының №5 ауыл тұрғыны Сейітахмет Зарқұмов старшиналарды сай­лаудың дұрыс өткені және оған 178 шаңырақ ие­сінің қатысқанын жазып, Дегенбаевтардың басқа болыстыққа көшуіне қарсы болғаны да «тайға таңба басқандай» нақтылаған. Демек, жоғарыда жазып кеткенімдей бәрі ру-тайпасының адамдары болса да кейде қыстау, болмаса жайлауға байланысты, басқа да мәселе бойынша келіспеушіліктер болып тұрғаны аңғарылады. Бірақ болыстарды сайлау кезінде ру басылары мен елдің ақсақал, билерінің ақылдасуымен шешіліп, келісім беріп, шар салған тұстары да аз болмаған.

Болыс сайлау науқаны алдында Қырдан Сырға (елге) келген Сәтбайды Қалдан би шақырып, оның ойын білмек мақсатында «Неғып жүрсің?» де­генінде Сәтбай ақсақалдың “Ұлымның үлкені Мыр­забетті (Мырзабек) болыс қылғым келеді» де­гені бар. Сонда Қалдекең «Дұрыс-ақ екен, дұрыс» депті деседі. Содан да қатар жатқан ауыл­дар арасында шарға талас, жүгіріс болмапты. Сөйтіп 2-3 жақтан келісім болғандықтан у-шусыз Мырзабек Сәтбайұлы Қаракөл-Қуаңдария болыс басқарушысы болып сайланған. Мұндай оқиғалар Үмбет, Сәмбет Тілеген ұлдарынан болыс болу тұсында да орын алған сияқты.

Архивтік құжатта Қазалы уезіне қарасты №3 учас­­келік бітімгершілік соты осы уезге қараған Қос­там болысы №1 ауылдың бұрынғы ауылнайы Опан Бекішевтің ісін қараған. Онда 1914 жылдың 1 қарашасы мен 1915 жылдың 28 қаңтар ара­лы­ғын­дағы құжаттар өтірік жазылғаны, бұл тура­лы Байкөбек Боқаев, Романқұл Еркөбеков, Оразымбет Дүкенбаевтарды шақырып, істі қа­ра­ған. Осы мезгілде болыс Үмбет Тілегенов екен. Бұл істе де оның қолы бар. Алмакезек демек­ші, 1915 жылғы құжатта “Қостам болысының бас­қа­рушысы Сәмбет Тілегенов, кандидаты Жүсіп Үрге­нішбаев” деп жазылған. Жоғарыдағы куәлікке ша­қырылғандардың бірі Байкөбек Боқаев 60 жаста болыпты. Сонда ол кісі 1853-1854 жылдары туған болады.

Қостам болысынан 1909 жылдары Ержан Сәт­баев, 1911 жылдары Үмбет Тілегенов, 1914-1915 жылдары Сәмбет Тілегеновтер болыстықты басқарғанын біле аламыз. Сонымен қатар Үмбеттің 1872-1873, Сәмбеттің 1873-1874 жылдары өмір­ге келгенін анықтауға мүмкіндік туды. Архив құ­жатында 22 қараша 1914 жылы Қостам болысы Сәмбет Тілегенов 41 жаста деп анық көрсетілген. Бұл цифрды 1930 жылғы архивтік деректе Сәм­беттің 1873 жылы туғанын жазыпты. Біздің дерегіміз дұрыс болып шыққандай.

Ағайынды қос тұлға, билікке араласқан Үмбет пен Сәмбетті былайғы жұртшылық «Бірі балға, бі­рі төс» деп айтатын болған. Бұл қысқа сөзден-ақ олар­дың ер азаматқа тән мінезі, қажыр-қайраты мол болғанын айқын ағаруға болады. Ел ішінде Үмбет пен Сәмбет есімдері қатар аталғанмен Сәм­бетті көбірек айтатыны аңғарылып қалады.

Олардың арғы бабаларының біразы елге аға­лық жасаған, тіпті Кете-Шөмекей руларын бас­қар­ған Сәдір Алтыбаевпен оның баласы Бекіш және Шөмекейліктердің төбе биі атанған Жанғабыл Сар­ғасқа Қалдан Талқанбайұлы. Тойқожа Сәтбай мырза, Жәрімбет Сарғасқа Қара Жүргенов т.б. жақ­сы сыйластықта болғаны ауызекі әңгімелерде жиі айты­лады.

Үмбет пен Сәмбеттің арғы бабалары Сарыбай руының Байболатынан тарайды. Қарақұм мен Қы­зылқұм өңірлерінде «Байболат төбесі», «Бай­болат құдығы» атты жерлер бар. Осы Байболат ба­бамыздан туған Ақпан батырдың бір баласы Қатай аталған. Қатайдан Білеке, одан Бегім туады. Бегімнен Тілеген, Тәуке тарайды. Тілеген атадан Үмбет, Сәмбет, Биғазы, Айдарғазы, Ишан­ғазы өмірге келген. Менің өзім Айдарғазы мен Ишанғазыны көріп өстім.

Болыс Үмбет Тілегенұлынан Назар, одан Самал. Самалдан Серікбай. Олар бүгінде Қызыл­орда облысы Жалағаш ауданының Аққыр ауы­лын­да тұрады. Сәмбет аса бай болмаса да орташа дәулетті кісі екен. Жылқыны көбірек ұстаған көрінеді. Қариялардың әңгімелерінен қазаны оттан түспеген, сыйлы қонақтарды тай сойып күтетін болғанын бай­қаймыз. Сәмбет қыстауы қазіргі Шаймағанбет ахун қорымының арқа жақ бетінде болған. Сәм­беттің зайыбы Ырғыз бен Торғай өңіріне белгілі Мамай, Мәмбет, Орақтардың бірінің қызы болса керек. Олардың бәрі оқыған-тоқыған азаматтар бол­ған деседі.

Ал өзім көбірек араласқан Сәмбетұлы Әбілтай, оның балалары Амантай мен Алуаштың арғы ата­сы мен әкесі жайлы әңгіме қозғамақпын. Сәмбет Тіле­генұлы (архивтік жазбаларда Тілегенов) 1873 жылы Перовскі уезі, қазіргі Қызылорда об­лы­сы Ала­месек ауданының №3 ауылында туған. Жоға­ры­да жазғанымдай бай болған, болыс болған кі­сі. Білімі бастауыш (кейде сауатсыз депте жа­зып­ты). Ұсталғанға дейін мал шаруашылығымен ай­на­лысқан. 1930 жылдың 15 қыркүйегінде Қызыл­ор­да округтың ГТУ органдары ұстап, «үштігінің (ОГПУ) 1930 жылдың 19 қарашысында сотталған. С.Тілегенов РСФСР қылмыстық кодексінің 58-2, 58-8, 58-10, 58-12 статьяларымен сотталып, атылған. Ұс­талған кезде оның 24 жылқысы, 12 түйесі, 12 қойы және патша кезінде ауылдың ауылнайы бо­лыс болғаны көрсетілген. Отбасында 7 жанның бол­ғанын, партияда жоқ соты болмағанын орташа екендігін және ең ауыр жаза беріліп атылғаны, 1991 жылдың 14 шілдесі күнгі Қызылорда облыстық про­куратурасы ҚСРО үкіметінің 16 қаңтар 1989 жылғы указына сай ақталған.

Тілегеновтердің кейінгі ұрпақтары атасы Сәм­беттің жазықсыз болғандығы туралы шешімді 60 жылдан кейін алып, тыншығандай. Сәмбет Тіле­ге­новтың негізгі айыбы Кеңес үкіметіне қарсы үгіт жүргізді, байлардың малдарын жасыруға көмектесті және 1930 жылғы Қарақұм мен Қарақтағы ша­руалар көтерілісіне күш-көлікпен көмек берді, т.б. айыптаулар тағылып, әйгілі 58 статьямен ауыр жазаға тартылған. Ұрпақтарының айтуынша, ата­ла­рын үштікке көрсетіп, ұстатқан өз ағайындары бо­лыпты. Бұл сол заманның қасіретті істерінен туын­даған сияқты.

Сәмбет Тілегенұлы 1928-1930 жылдарда ауыл­дың кеңес қызметінде болғандықтан алдағы болар оқиғаларды сезіп, 28 арғымақ атын қызыл әскерге, бірсыпыра төрт-түлігін, жама-ағайындарына беріп, малдарын азайтса керек. Соның нәтижесінде 1928-1929 жылдардағы «тәркілеуге» ілінбей қалған сияқты.
Осы зерттеу мақаланы жазуыма түрткі болған Сәмбеттің немересі Алуаш Қажы болды. Бір ауылда қатар өскендіктен Әбілтай ағаның отбасын жақсы білетіндердің бірі едім. Бірақ Алуашпен сөйлесе келе Сәмбет пен Әбілтайдың өмір жолдарында талай ақтаңдақтардың бар екені аңғарыла түсті.

Әбілтай Сәмбетұлы Тілегенов 1905 жылы қазіргі Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Аққыр мен Жаңаталап ауылдары төңірегінде туған. Молда алдын көріп, діни сауатын ашқан. Мектепте де оқыған. Әкесі Сәмбеттің 1930 жылғы «халық жауы» аталуынан бастап қудалануға түседі. Қу­да­лаудан қашып, «қашақ» атанып, Қызылқұм іші­не бой тасалап өмір сүреді. 1941-1945 жылғы со­ғыс алдында елге оралып, колхозшы, іле-ша­ла майданға аттануға арыз беріп, 1942 жылы со­ғысқа аттанады. Жан алып, жан беріскен алапат майданда мергеншілер құрамында болып, талай мәрте немістерді жер құштырады. Майдандағы екі жыл ішінде алты рет жараланып, елге 1944 жылы оралады. Келе сала колхоздың жылқысын бағып, озат жылқышы атанады. Жұбайы жылқышыға кө­мек­ші болып, бие сауып, қымыз өндіреді. Әбекең атақ­ты «Шіркейлі» каналын қазуға қатысып, озат «кетпенші» де атанған.
Әбілтай ағаның үйі қонақтар келіп-кетіп жататын үй болды. Бала болсақ та кейбірін өзім де көрдім. Бірде «Құмаралда» отырған кезінде әкеммен бірге барғаным бар. «Құмарал» жайлауы көк шалғынға бөленген. Суда құйрықтарын бұлғап, кісінескен жыл­қылар, басын биенің бауырына тығып еміп жатқан құлын-тайларды көріп тамашалағаным бар. Бір сәт «Құмаралдағы» төбе басына шығып Амантаймен ойнаған сәттерім бүгінгі күні есіме түсіп отыр. Әкеміз Әбілтайдың үйіне не шаруамен барғаны есімде жоқ, мүмкін қымыз ішіп, әңгімелесу үшін барған шығар.

Әбілтай Тілегенов ауыл арасындағы ас-тойларда ғана емес, Жалағаш, Қармақшы аудандарындағы тіпті Түркіменстандағы өтетін көкпар тарту ойынына қатысып, жүлде алған азамат. Ауылдастары ол кісіні «көкпаршы», «палуан» деп атайтын.
Әбекенің алғаш өмірге келген ұл-қыздары ше­тінеп кетеді. Біз көрген үлкені Мәрияш 1938 жылы туған. Қаратамыр Әбіш баласы Мұсамен отау құрып, бала-шағалы болды. Көп жыл Аққыр совхозында шопанға көмекші болып, Мұса ағамызбен бірге мал шаруашылығын өркендетуге айтарлықтай үлес қосты.

Әбекең 1990 жылы, зайыбы Нәрен Ідірісқызы 1994 жылы, Амантай Әбілтаев 1983 жылы өмірден өткен. Бұл үшеуі де «Шаймағанбет ахун» мешітіндегі қорымға жерленген.

Әбілтайдың ұлы Амантай 1943 жылы өмірге келген. Әкесі майданға алынғанда іште қалған Аман­­тай бізден бір сынып төмен оқыды. Қарулы жігіт болатын. Бір саусағында ақау болатын. Сонда да қатарластарымен күрескенде жығып кететін. Мек­­тептен кейін Қазалыдағы ауыл шаруашылық тех­­никумының бухгалтер бөлімін бітірді. Жас ма­ман Жаңаталап совхозының №2 бөлімшесінде бух­галтер, бас бухгалтер қызметтерін атқара жү­ріп, ауылдастарының мұң-мұқтажына баса на­зар аударған азамат. Жас отау құрғандар мен қа­залы үйлерге еңбеккерлерден қаражат жинап көмек беру, «асар» жасау сияқты ізгілікті істерді ұйымдастырғанын жаңаталаптықтар айтып жүр.
Оның тағы бір қыры адалдығы, тәртіптілігі екен. Күріш егу т.б. жұмыстар туралы сол жылдарда арыз­дар жазылып, Мәскеуден тексерулер ке­ліп жататын. Сол бір тексерушілер Амантай Әбіл­таев­тың есеп-қисабынан кемшіліктер таба алмай, таза азамат екен деп аттанады екен. Оны сол тұста қызметтес болған көзі тірі азаматтар айтады. Сондай атпал аза­мат оқыс жайдан қаза болды. Оның артында үйел­мелі-сүйелмелі 7 баласы қалып, ер жетіп, азамат болып өсті.
Амантайдың бір-бірін ұнатып қосылған жары текті әулеттің ұрпағы Зағира (Зақа) Бердәліқызымен бас қосып үлкен әулет атанды. Амантайдың атқара алмай кеткен істерін балалары жалғауда.
Әбекеңнің кенжесі (еркесі) Алуаш 1947 жылы туған «Жаңаталап» жетіжылдық, «Мақпалкөл» орта мектебін бітіргеннен кейін Қызылорда қала­сын­дағы дәрігерлік училищеге түсіп, медбике ма­ман­дығымен «Аққыр» совхозындағы ауруханада ең­бек етеді. Кейін Қызылорда қаласында Алматыға қоныс аударғанша медбике болып, абыроймен қыз­метін атқарды. Кейінгі жылдарда пойызда жол­­серік те болды. Бүгінде Алуаш – ұлын ұяға, қы­зын қияға қондырған отбасының отан-анасы. Алуаш қарындасым ағайын-туыстарына жанашыр, мұсылмандыққа ден қойған ана. Меккеге барып «қажы» атанды. Үлкенге ізет, кішіге құрмет жасай жүрген абзал аналардың бірінен саналады. Киім киі­сі, сөз сөйлеуі көпке үлгі боларлық. Түрлі ме­ре­ке­лер қарсаңында туған жердің үлкені сіз­дер деп біздерге телефон шалып, амандық-саулығымызды сұрап тұ­рады. Біздерге деген тілек-саулығына алғы­сымыз шексіз.
Ағайынды қос тұлға Үмбет, Сәмбет Тіле­ген­ұл­да­рын жаза отырып, олардың бүгінгі ұрпақтарын да аз-кем оқырмандарға таныстырып өттім. Қоры­тындыда айтарым, «Қаракөл-Қостам» аталған қос болыстың адамдары арасында бірлік пен тірліктің сақталуына осы болыстың басқарушысы болып қызмет атқарғандардың барлығы атсалысқаны аңға­рылады. Сол бір XIX ғасырдың басындағы тату­лық, достық, ағайындық қатынастары бүгінде Қаракөл-Қуаңдария мен Қостам болыстығының ау­мағында орналасқан Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүр­генов (Мақпалкөл, Еңбекші), Мәдениет атты ауыл­дардың ынтымағы жарасқан ел болып отыр. Оған бізде қуанамыз.
С.Тілегеновтың тікелей ұрпағы А.Әбілтаеваның жазған арызына Алматы қалалық талдау орта­лы­ғы­ның қайтарған жауапқа ұрпағы да, біз де риза емеспіз. Сәмбет Тілегенов туралы тергеу істерін алып, танысқан кезде нағыз шындық ашылмақ. ҚР Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «қуғын-сүргін, ашаршылық жылдардағы оқиға­лар­ды анықтап, оларды ақтау жөніндегі арнайы мем­лекеттік комиссия құрылып жұмыс істеп жатыр. Осы орайда Сәмбет Тілегеновтың ақталғанымен то­лық бағасын алмағанын ескеріп, бағасын алса, ұрпақ білсін деген ниетпен мақала жазылды. Тәуел­сіздігіміз мәңгілік болсын!

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, зерттеуші
«Құрмет» орденінің иегері



10 тамыз 2021 ж. 671 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 730

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930