Қазақстан мен БАӘ сотталған тұлғаларды беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері сотталған тұлғаларды өзара беру туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Сәйкесінше құжат бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Әбу Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид әл Нахаянның келіссөздерінен кейін рәсімделді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында сотталған тұлғаларды беру туралы шартқа ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров пен БАӘ Әділет министрі Сұлтан бен Саид әл-Бади қол қойды. Шарт сотталған тұлғаларды азаматтығы бар мемлекетке жазасын өтеуге беру мәселелері бойынша ынтымақтастық үшін шарттық-құқықтық база құруды көздейді.
Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен БАӘ Мәдениет және білімді дамыту министрі Нура бинт Мұхаммед әл-Кааби екі министрлік арасындағы мәдени саласы ынтымақтастығы туралы келісімді бекітті. Бұл құжат екі елдің мәдени және өнер салаларындағы ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған.
Ал ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен БАӘ Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Ануар бен Мұхаммед Гаргаш ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Сауаб» дерадикализация жөніндегі халықаралық орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеген болатын. Рәсімделген құжат ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытуды қарастырады.