Қ.Тоқаев: Елбасының тапсырмаларын орындау – басты міндетіміз
Елбасының тапсырмаларын уақытылы әрі сапалы орындау – депутаттардың басты міндеті. Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Бюросының отырысында Парламент жоғарғы Палатасы жұмысының негізгі бағыттарын белгіледі, - деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.
Парламент Президенттің бес әлеуметтік бастамасын және кешенді әлеуметтік-экономикалық іс-шараларды қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды заң жобалары бойынша жұмыстарды жалғастыратын болады. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық және индустриялық бағдарламаларды іске асыруға бағытталған заң жобалары да бар. Ақтауда өткен Каспий маңы мемлекеттерінің V саммитінде бес мемлекеттің Президенттері қол қойған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция да ратификацияланатын болады. Жалпы алғанда қазіргі кезде Парламентте елуден астам заң жобасымен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тек Сенаттың қоржынында 8 заң жобасы болса, оның ішінде дін мәселелері, жарнама, стандарттау туралы құжаттар бар.
Сенаттың алдағы отырысы 6 қыркүйекте өтеді. Палата Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы; Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан мен Өзбекстан Үкiметтерiнің арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобаларын қарайды. Отырыста одан басқа электрондық жүйені пайдалануды бақылау және жұмысын қамтамасыз ететін адамдар жөніндегі комиссия құру туралы мәселе қаралады.
Бюро жұмысын аяқтай келіп Сенат Төрағасы депутаттар жұмысының сапасын арттыруға, сондай-ақ парламенттік бақылаудың рөлін күшейтуге әріптестерінің назарын аударды. «Әрбір парламенттік тыңдауда қабылданған ұсыныстардың орындалуы комитеттердің тұрақты бақылауында болуы тиіс», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Abai.kz