"Мәселе қиындай түседі": Назарбаев Брюссельдегі саммитте сөз сөйледі
"Азия-Еуропа" форумының 12-саммитіндегі пленарлы сессияда сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік жағдай дүрліккен қақтығыстар мен санкциялық, сауда соғыстарының өршуіне орай шиеленістің шарықтау шегіне жеткенін айтты деп хабарлайды Ақорда.
"Біз осы "Азия-Еуропа" форумының саммитін сол мәселелерді шешуге пайдалануымыз керек. Өкінішке орай, қазір әлемде нәтижелі келіссөздер мен түсіністік жетіспей тұр.Баршамыз өткен ғасырдың 60-жылдары орын алған Кариб дағдарысымен салыстыруға болатындай, экономикалық және саяси қарсыластықтардың куәсі болып жүрміз", - деді Елбасы.
Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ, Ресей, Қытай, Еуроодақ пен басқа да ірі мемлекеттерді саммит арқылы әлемдік қақтығыстарды шешуге шақыру керектігін алға тартты.
"Сирия, Украина және басқа да елдердегі жағдайды ретке келтірумен айналыспаса, мәселе қиындай түседі. Баллистикалық зымырандардың таралу қаупі жойылмайынша, халықаралық лаңкестік басты мәселе болып қала бермек."Екінші Дүниежүзілік соғыс пен басқа да қақтығыстардан кейін мемлекет басшылары бірге кеңесе отырып, лаңкестікпен күресудің ортақ жолын тапқан. Сондықтан мен барлық мемлекетті диалог орнатуға шақырамын. Келіссөздер үшін Астана алаңын пайдалануды ұсынамын", - дейді Назарбаев.
Сөз қорытындысында президент Азия мен Еуропадағы жаһандық түйткілдерді шешуде Қазақстанның әріптестік орнатуға қашан да дайын екенін қайталап өтті.
https://kaz.nur.kz