Нұрсұлтан Назарбаев 4 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдады
Ақордада Ресей, Өзбекстан, Италия, Түрікменстан елшілері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сенім грамоталарын Мемлекет басшысына Қазақстандағы Ресей Федерациясының төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, Түрікменстан елшісі Тойлы Комеков, Өзбекстан елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Италия Елшісі Паскуале Д`Авино табыстады.
Алдымен Елбасы қызметтерін жаңадан бастаған елшілерге сәттілік тіледі.
«Баршаңызды Қазақстандағы жаңа дипломатиялық миссияларыңыздың ресми басталуымен шын жүрегіммен құттықтаймын. Жауапты әрі мәртебелі міндеттеріңіз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты одан ары нығайтуға серпін береді деп сенемін. Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңдерде болғалы тұр», - деді Елбасы.
Осы орайда ол еліміздің 25 жылда дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтіп, мемлекетіміз сыртқы саясатқа да баса мән беретінін жеткізді.
«Қазақстан ширек ғасыр ішінде дипломатиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналды. Қолға алған игі бастамалардың түпкі мақсаты – әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарында болу. Қазақстан халықаралық байланыстарды дамыта түсу үшін көпжақты сыртқы саяси бағытын жалғастыра беретін болады. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті, халықаралық құқық негіздерін нығайтуды көздейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз», - деді Президент.
Сонымен қатар, Назарбаев Қазақстанның әлемдегі мәселелерді шешуге өз үлесін қосып жатқанын жеткізді.
«Бұған Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан жұмыстарының нәтижесі дәлел. Қазақстан халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, шиеленістерді шешуге өз үлесін қосып келе жатқанын баршаларыңыз білесіздер. Солардың бірі – Сириядағы ахуалды бейбіт жолмен реттеу мәселесі. Бұл шиеленісті тарқату ісінде Астана процесі маңызды рөлге ие болып, айтулы шаралардың біріне айналды. Қазақстан ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД және ҰҚШҰ арналарынындағы іс-қимылға ерекше мән беретіндігін білесіздер. Еліміздің сыртқы саясатындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерінің мәні зор», - деді Елбасы салтанатты жиында.
Сондай-ақ, Елбасы елшілерге Қазақстан өткен жылы жақсы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгенін хабарлады.
«Еліміздің сыртқы саясатындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерінің мәні зор. 2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жақсы экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайту, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық негізгі бағыттардың бірі. Біз сауда-саттық көлемін ұлғайтып, өндірісті өркендету үшін тиімді инвестиция әкелуге мүдделіміз. 2017 жылы Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингі бойынша 190 елдің арасында 36 орынға ие болды», - деді Назарбаев.
Жиын барысында Президент елшілерге Астана халықаралық қаржы орталығының жұмысын жандандыруға шақырды.
«ЭКСПО-2017» көрмесі барысында жасыл технологияны дамыту жөнінде халықаралық орталығы мен ІТ стартаптардың халықаралық технопаркі құрылды. Астана халықаралық қаржы орталығының қызметін жандандыру - Қазақстанның басты басымдықтарының бірі. Осыған орай сіздер де халықаралық қаржы орталығын дамытуға атсалысып, оның игілігін көруге шақырамыз. Өзара тиімді сауда экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстандағы зор мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану қажет», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өтетінін мәлімдеді.
«Астана экономикалық форумы, әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының 6 съезі, дүниежүзілік ислам экономика форумы өтеді. Осы бас қосуларға сіздердің елдеріңіз белсене қатынасады деп ойлаймын», - деді ол.
Сөз соңында Президент қызметтерін жаңадан бастаған елшілердің жұмысына табыс тіледі.
«Құрметті елші мырзалар, Қазақстандағы дипломатиялық қызметтеріңізді бастауларыңызмен тағы да сіздерді құттықтаймын. Еліміздегі атқарған жауапты қызметтеріңіз табысты, әрбір күндеріңіз сәтті болсын. Баршаларыңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.
https://baq.kz
Пікір 2