ТМД БАСШЫЛАРЫ ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Мемлекеттер басшылары жиын барысында Ресей Федерациясының ТМД-ға 2017 жылы төрағалық етуін қорытындылады.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинді ТМД-ға төралығының табысты аяқталуымен құттықтап, Ресей Федерациясының Еуразиялық кеңістіктегі интеграцияны дамыту және Достастықтың халықаралық беделін нығайту үшін атқарған жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы биылғы қарашада Минск қаласында өткен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының саммитінде өңірлік және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелері қарастырылғанын айтты.
– Бізде келіссөз арқылы шеше алмаған мәселе жоқ. Бәрімізге егемендік пен өзара құрмет қағидаттарын негізге алып, ары қарай жұмыс істеу қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинге алдағы Ресей Федерациясы президенттігінің сайлауында табыс тілеп, Ресейдің көпұлтты халқы дұрыс шешім қабылдайтынына сенім білдірді.
Соңында тараптар түрлі салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық етуіне орай Тәжікстан Республикасына сәттілік тіледі.