А.Мамин Түркістандағы халықаралық әуежайдың капсуласын салу рәсіміне қатысты
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Түркістан облысында да жұмыс сапарымен болды.
Үкімет басшысы шаһардағы құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанға барып, іс барысымен танысты. Үкімет басшысы әуелі халықаралық әуежайдың капсуласын салу рәсіміне қатысты. Қазақстан мен Түркияның біріккен жобасына 70 млн доллар көлемінде инвестиция тартылмақ. Әуежай терминалы жылына 3 миллион жолаушыны қабылдай алады. Сапар аясында Премьер-Министр Оқушылар сарайы, туристік бағыттағы колледж, спорт және музыка мектептері, Халыққа қызмет көрсету орталығы, аттракциондары бар парк, музыкалық фонтан, амфитеатр, сондай-ақ облыстық әкімдік, медиа-орталық және конгресс-холл ғимараттарының құрылыстарымен танысты.
Сонымен қатар Қ.А. Яссауи музейі, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана және визит-орталығының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары тексерілді. Асқар Мамин сондай-ақ саябақ пен «Нұр-Сұлтан» алаңының, Неке сарайының, Rixos Turkestan қонақ үйінің құрылысы басталған алаңдарды аралап көрді. Жаңадан бой көтеретін ғимараттарды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін келешекте «Яссы» шағын станциясы салынады. Сапар аясында жалпы сомасы $1,97 млрд құрайтын 5 құжатқа қол қойылды.
https://24.kz