Қанат Ислам WBO Inter-Continental титулын иеленді
Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам Алматыдағы бокс кешінде қарсыласын 14-секундта нокаутқа жіберді. Бұл туралы Қазақпарат тілшісі хабарлады.
«Қазақтың» доминикалық қарсыласы Хулио де Хесус шаршы алаңда небәрі 14 секунд қана қарсылық көрсете алды. Осы жеңісінің арқасында Қанат Ислам орта салмақта WBO Inter-Continental чемпионы атағына қол жеткізді.
Балуан Шолақ атындағы бокс кешінде Қанат қарсыласын қауіпті соққылардың астына алған болатын. Онысы нәтижесін көп күттірмеді де. Ауыр соққыдан ес жия алмаған доминикалық боксшы жер жастануға мәжбүр болды. Бірінші раундтың 14-секундында келген бұл жеңіс Қанаттың кәсіпқой бокстағы 26-ыншы сәтті жекпе-жегі ретінде тарихқа енді. Қарсыласы Хулио де Хесус болса, 27 кездесуіндегі екінші жеңілісін бастан өткеріп отыр.
Аталмыш жекпе-жек андеркардында Қанаттан бөлек, 9 қазақ боксшысы шаршы алаңға шықты. Олардың барлығы да жеңіске жетті. Сапарбай Айдаров, Бексұлтан Раушанов, Берікбай Нұрымбетов, Арман Рысбек, Нұрсұлтан Аманжолов, Асқар Ерубек, Абылайхан Құсайынов, Руслан Мырсатаев және Мадияр Әшкеев сәтті кездесулер өткізіп, рейтингтегі көрсеткіштерін жақсартты.
egemen.kz