» » ОЙЫНДЫ 12-ші ОРЫНМЕН АЯҚТАДЫ

ОЙЫНДЫ 12-ші ОРЫНМЕН АЯҚТАДЫ

Жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан ақ олимпиаданың алғашқы турында сәтті өнер көрсетіп, келесі кезеңге жолдама алды. Мәнерлеп сырғанау сайысынан ел намысын қорғайтын отандасымыз қысқа бағдарламада өнер көрсетті. Нәтижесінде үздік 24 спортшының қатарына еніп, еркін бағдарламаға жолдама алды.

Байрақты бәсекеде 57,95 ұпайға қол жеткізген Элизабет Байтаққызы тоғызыншы орынға табан тіреді. Жас та болса елдің мақтанышына айналып үлгерген спортшы қыздың әкесі Байтақ Тұрсынбаев Элизабеттің жарақатына байланысты жоғары деңгейде өнер көрсете алмағанын айтты. Бірақ, бұл төменгі көрсеткіш емес. Он сегіз жасар отандасымыздың алғашқы ондықтан көрінуін жанкүйерлер жеңіске деген алғашқы қадам деп болжады. Алайда, қазақстандық спортшы ойынды жалпы есепте 12-ші орынмен аяқтады. Бұл сайыста алтын және күміс медальдар қос бірдей ресейлік спортшылардың еншісіне бұйырды.
Айта кетейік, тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Айза Мамбекова небәрі 44,40 ұпай жинап, үздік 24 спортшының қатарынан көріне алмады. Он сегіз жастағы екі отандасымыз да Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отыр. Былтыр сәуір айындағы Әлем чемпионатында жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева тоғызыншы орынға қол жеткізген еді. Осылайша, Қазақстан тарихында тұңғыш рет Олимпиада ойындарына екі жолдама жеңіп алды.


23 ақпан 2018 ж. 892 0