Мәслихат: 25 жылдыққа арналған шара
З.Жарқынбаев атындағы №202 орта мектепте Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылуына 25 жыл толуына орай волейболдан аудандық турнир өтті.
Турнирге кент, ауылдық округтерден, аудандық бөлім, мекеме қызметкерлерінен құралған 44 команда, 450-ге жуық спортшы қатысты. Спорттық доданы ашқан аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Биыл тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолында қоғамды одан әрі демократияландыруға халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан жергілікті мемлекеттік басқарудың бір тармағы өкілетті орган Қазақстан Республикасы мәслихатының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қазір еліміздегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 3300-ден астам депутат болса, оның ішінде біздің облыстағы жергілікті мәслихаттарда 145 депутат бар, оның 29-ы облыстық, 13-і Жалағаш аудандық мәслихат депутаттары. Осы орайда аудан тұрғындары атынан аудандық мәслихаттың барлық шақырылымдағы депутаттарын мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Мерейлі мереке қарсаңында мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі бұқаралық спорт түрін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударып, ұйымдастырылған игі істеріңізге сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат хатшысы Мейрамбек Еспанов, турнирдің бас төрешісі Дархан Кіребаев сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығын, ережесін айтып өтті. Турнирге келген спортшылардың барлығы үздік өнер көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша І орынды №123 мектеп-лицей командасы жеңіп алды. Ал ІІ орынды аудандық спорт бөлімі иеленсе, ІІІ орын №232 орта мектеп командасына бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар табысталып, қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Н.АЛПЫСБАЙҰЛЫ