» » Ауыл спортшылары топ жарды

Ауыл спортшылары топ жарды

Мәдениет ауылдық округі әкімі аппаратының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай волейболдан аудандық ашық біріншілік өтті. Аталған жарыстың негізгі мақсаты – дене шынықтыру және салауатты өмір салтын насихаттап, топтық рухты көтеру, жағымды имиджді нығайту, жастарды дене шынықтырумен және спортпен белсенді айналысуға тарту, жастар арасында достық қатынастарды күшейту.

Тартысқа толы сайысқа аудан бойынша 7 команда қатысып, өзара бақ сынады. Дүбірлі додаға Бұқарбай батыр, Еңбек, Мырзабай ахун, Мақпалкөл ауылдық округтерінен, кент орталығындағы Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі және Мәдениет ауылдық округінен командалар қатысты. Шараның ашылу салтанатында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қаншагүл Мұстафаева қатысушыларды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып, спорт сүйер қауымға сәттілік тіледі.

Тартысқа толы сайыстың қорытындысымен III орынды Еңбек ауылының жастары қанжығасына байласа, №123 мектеп-лицейінің жастары II орыннан көрінді. Бағы мен бабы қатар шапқан Мәдениет ауылының жастары осы жарыста өз мықтылықтарын дәлелдеп, жарыстың жеңімпазы атанды.

Спорттық шарада өз өнерімен көзге түскен қатысушылар да құр қайтпады. Мәселен, «Үздік ойыншы» номинациясымен Мәдениет ауылдық округінен Дархан Сәбенов, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінен Асылбек Абилханов, Бұқарбай батыр ауылдық округінен Зумрат Мажиев марапатталды. «Nur Otan» партиясы Жалағаш аудандық филиалы төр­аға­сының бірінші орынбасары, аудандық мас­лихат депутаты Қаншагүл Мұстафаева арнайы "Үздік ойыншыға" сый-сыяпат көрсетіп, аудандық партия филиалының алғыс хатымен марапаттады.

Мәдениет ауылдық округінің әкімі Адай Мұстафаев жарысқа қатысушыларға арнайы кубог, алғыс хаттар мен қаржылай сыйлық табыс етті. Аталған шараның соңында жастар жағы өз ойларын ортаға салып, тартысқа толы жарыстың өте жоғары деңгейде өткенін айтып, алдағы уақытта осы жарысты дәстүрге айналдыруға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Осы ойынның жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасаған ауыл кәсіпкері Нариман Рахметовке алғысымызды білдіреміз!

“Мәдениет ауылдық округі әкімі аппараты” КММ


28 қыркүйек 2021 ж. 633 0