» » Жанкүйерлер күткен жеңіс

Жанкүйерлер күткен жеңіс

Өткен сенбіде спортсүйер қауымды көк жәшікке телмірткен Жапония елінің Сайтама қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде орта салмақтағы IBF және IBO чемпионы, отандасымыз, қазақ елінің батыры Геннадий Головкин орта салмақтағы WBA Super белбеуінің чемпионы, жапондық Риото Муратамен орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша жұдырық түйістірді.

Шаршы алаңға шыққан екі спортшы да 1 раундтан бастап жекпе-жек тізгінін өз қолына алуға тырысып, бір-бірлерін техникалық жағынан барлағандай болды. Жалпы раундтар өткен сайын жұдырық алмасуда Геннадийдің кәсіби шеберлігі басым екені теледидар алдындағы жанкүйерлерге де сезілгендей. Оның саналуан соққылары жапон боксшысына дәл тиіп, әр тұстан қиғаштай ұрған соққысының ауырлығын Мурата да сезініп жатты. Сөйтсе де отандасымызға бойы ұзынырақ қарсыластың оң қолымен қайта-қайта ұрған соққыларына ерте бейімделу оңай соққан жоқ. Дегенмен, қазақ батыры алға ұмтылу, көп соққылар беру және тура соққылармен қарсыласты есеңгірету жоспарына берік болып, 3 раундтан бастап жекпе-жекті толықтай бақылауға алды.

Бесінші раундта Головкиннің басымдығы байқала бастады және жекпе-жек басымдығы оның жағына қарай айқын өтті. Ал тоғызыншы раундта Головкиннің тік оң қол арқылы соққан ауыр соққысы Муратаны жауапсыз қалдырды, ол есеңгіреген әсермен шаршы алаңда құлады. Өз шәкіртінің жағдайын түсінген жапон спортшысының жаттықтырушысы шаршы алаңға ақ сүлгі лақтырды. Осы сәтті жіті бақылауда ұстаған төреші Луис Пабон жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Сөйтіп «GGG» 9 раундта айқын басымдықпен қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді.

Жекпе-жектен кейін қазақ чемпионы Геннадий Головкин өзіне жанкүйер болған спортсүйер қауымға шексіз алғысын білдіріп, жалпы өткен кездесу туралы жекпе-жектен алған әсерін жеткізді.

– Бұл жолғы қарсыласым Олимпиада чем­пионы әрі WBA тұжырымы бойынша чемпион болды. Болды емес, қазір де чемпион. Бүгін соны рингте көрсетті. Жапония жерінде осындай үлкен спорт оқиғасы өткеніне қуаныштымын. Өз елдеріміздің жарқын өкілдері ретінде жақсы шоу көрсете алдық деп ойлаймын. Рахмет Қазақ елі! Алға, Қазақстан!», – деді ол.

Жекпе-жектің тағы бір әсерлі сәті десек болар, отандасымыз Геннадий Головкин қазаққа тән мәдениеттілігімен жапондық қарсыласы Риота Муратаға кездесуден кейін шапанын тарту етіп, қарсыласына зор құрмет көрсетті. «Қарсыласыма зор құрмет! Ол чемпион және чемпион болып қала береді» деп жапондық спортшыға ыстық ықыласын білдірді. Көпшілік қазақстандық былғары қолғап шеберінің бұл әрекетіне үлкен қошемет көрсетіп, ризашылық танытты.

Қазақ барысы «GGG» әлемге қазақ жігіттерінің осындай керемет болмысын паш етсе, ал теледидар алдындағы ел жанкүйерлерінің көкірегін бір сәт зор мақтаныш кернегендей болды.

Жазкен Жандос


12 сәуір 2022 ж. 1 417 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 781

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031