» » Футбол: «Тобыл» мен «Ақжайық» тең тарқасты

Футбол: «Тобыл» мен «Ақжайық» тең тарқасты

Футболдан ел біріншілігінің алтыншы турында Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қостанайлықтар көш бастаушы командалардың бірі болса, «Ақжайық» турнир кестесінде бел ортада келеді. Соған қарамастан, қарымта шабуыл кезінде оралдықтар есеп ашты. Украиналық легионер Андрей Ткачук алыстан Азат Ерсәлімовке дәл пас берді. Оң қапталдан суырылып шыққан Азат тағы бір украиналық ойыншы Адеринсола Хабиб Эсеоланы тапты. Эсеола мүлт кеткен жоқ. Сөйтіп ол биылғы чемпионаттағы үшінші голын соқты. Алаң иелері алға ұмтылып баққанымен, көпке дейін ештеңе шығара алмады. 33-минутта астаналық төреші Тимур Құмашев оралдық Еркебұлан Нұрғалиевті симуляция жасады деп, екінші ескерту беріп, алаңнан қуды. Он ойыншымен «Ақжайық» қиын жағдайда қалды. Енді оларға тек қорғануға тура келді. Екінші таймда «Тобылдың» бас бапкері Владимир Никитенко басқа амалы таусылған соң, 58-минутта Таңат Нөсербаевты шығарды. Көп ұзамай бұл тактика өз жемісін берді. Команда капитаны Азат Нұрғалиевтің пасынан кейін Т.Нөсербаев 70-минутта таразы басын теңестірді. Бұдан кейін қостанайлықтардың жеңісті жұлып алатындай мүмкіндіктері болды. Дегенмен кейде оларға дәлдік жетіспеді. Оған қоса «Ақжайықтың» қақпашысы, украиналық Евгений Боровик сәтті ойнап, екі мәрте өз қақпасын аман сақтап қалды. Осылайша қос команда 1:1 есебімен тең тарқасты. Сол сияқты бүгін Петропавлда жергілікті «Қызылжар» «Атырауды» қабылдап, бұл ойын да дәл сондай есеппен аяқталды. 24-минутта қызылжарлық Шота Григалашвили 11 метрлік айып добын дәл орындаса, 76-минутта «Атырау» сапындағы Орал футболының түлегі Эльдар Әбдірахманов есепті теңестірді.
ҚазАқпарат
22 сәуір 2018 ж. 875 0