Канело мен Гаттидің жолын таңдаған – Садриддин Ахмедов
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ боксшылары әдетте кәсіпқой боксқа бір-екі Олимпиада ойындарына қатысып, жүлдеге ілініп жатса ғана ауысатын еді. Осы стреотипті бұзған отандастарымыздың бірі – Садриддин Ахмедов.
Садриддин Ахмедов деген кім?
Қазақстанның бокс жанкүйерлерінің бәрі бірдей бұл жігіт туралы біле бермейді. Ол Василий Жиров, Геннадий Головкин, Бейбіт Шүменов секілді әуесқой бокстан Олимпиада ойындарына қатысқан жоқ. Былайша айтқанда, ересектер арасында айтарлықтай жетістігі жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, бұл жайлы кеңірек тарқатуды жөн санадық.
Алдымен, қысқаша таныстырып өтсек. Садриддин 1998 жылы 31 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Жетісай қаласында дүниеге келген. Көп балалы отбасында өскен. 7 жасында елордамыз Астанаға көшіп, 57-мектепте оқыған. Көпшілік жас боксшының есіміне қатысты әр түрлі пікірлер айтып жатады. Боксшының айтуынша, Садриддин деген сөздің мағынасын арабшадан аударғанда «Ислам мақтанышы» дегенді білдіреді екен.
Бокспен Астанаға келген соң айналысқан. Мектеп жүргенде-ақ өзгелерден ерекше дарыны бар екенін аңғартып, әр түрлі жарыстардан жүлделі оралып көзге түседі. Соның арқасында Қазақстан жастар құрамасының сапына қабылданды.
Садриддиннің талантын ашқан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәулет Мұстафин болатын.
2016 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен әлем чемпионатында оған тең келетін ешкім болған жоқ. Ахмедов «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келіде өнер көрсетті. Әлем чемпионатында техникалық арсеналының мүмкіндігі қаншалықты жоғары екенін көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Мысалы, Литвадан келген қарсыласын мерзімінен бұрын ұтты, оны екі рет нокдаунға түсірді. Ширек финалда Садриддиннің жойқын соққысына қырғыз боксшысы тап болды.«Ахмедов маған бокспен айналысуға 10 жасында келді. Мен оған, ол маған сенді. Сөйтіп, екеуіміздің тандеміміз өз жемісін берді. Тоғыз жылдың ішінде біраз додаларға қатыстық. 2014 жылы Болгариядағы әлем чемпионатында Садриддин үш кездесу өткізді. Ол жолы жүлдеге іліге алмады. Бірақ бұл чемпионат оған сабақ болды. Сол кезде-ақ шәкіртімнің потенциалын байқадым. Келесі жолы чемпионатта жеңіске жететінімізге сенімді болдым. Садриддин менің үмітімді ақтады», – дейді Мәулет Мұстафин Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Санкт-Петербургте Садриддин үшін өзбек Ұлықбек Собировпен кездесу ең маңызды болатын. Себебі, бұған дейін бір мәрте есе жіберіп алған.
«Бапкерлерім Ұлықбек Собировпен жақын қашықтықта жұдырықтасу керектігін айтты. Өзіме ол салмақ қуып, шаршаған сияқты болып көрінді. Қарсыласымның осал тұсын пайдаланып, бірінші нөмірмен жұдырықтастым. Алғашқы раундта оны барынша шаршатып алу керек болды. Чемпионат басталмай тұрып ішкі түйсігімде осы боксшымен шығып қалам-ау деген ой болды. Өйткені, Ұлықбекте кеткен есем бар еді. 2015 жылы кездесіп, жеңіліп қалған едім. Ол кезде енді 69 келіге ауысып, жаңа салмаққа бой үйретіп жүрген кезім. Басты мақсат қарымта қайтару болды. Одан бөлек, естеріңізде болар, Рио олимпиадасынан кейін қазақстандық боксшылар, өзбек боксшыларынан төмен нәтиже көрсетті деп, жанкүйерлер тарапынан үлкен сынға ұшыраған еді. Ойымда сол бір өкінішті жанкүйерлерге бір сәтке болсын ұмыттырып, қалай да жеңіске жетуім керек еді», – дейді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісіне берген сұхбатында.
Әуесқой бокста қалмады
Жастар арасындағы әлем чемпионатын ұтқаннан кейін Садриддин Ахмедов те Абылайхан Жүсіпов секілді әуесқой бокстағы карьерасын жалғастыратын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ ол көп жүрген жоқ.
Қазақстанда әуесқой бокста 69 келіде бәсекелестік өте жоғары. Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов секілді боксшыларымыз осы салмақта Олимпиада чемпионы атанған. Аталған боксшылардың ізбасарлары да жетерлік болатын. Асланбек Шымбергенов, Абылайхан Жүсіпов бар. Солармен бәсекелес болуға, тіпті, болашақта ұлттық құраманың бірінші нөмірлі боксшысы ретінде Садриддин Токиодағы Олимпиадаға баруы мүмкін деген болжамдар жиі айтылды. Алайда, 2017 жылы Ахмедов кәсіпқой боксқа ауысып кетті.
«Қазақстандық Артуро Гатти»
Жоғары да жазғанымыздай, бізде боксшылардың көбісі 25-тен асып, 30 жасқа жақындаған тұста кәсіпқой боксқа ауысып жатады. Ал Садриддин басқа жолды таңдады. Мексикалық Сауль Альварес алғашқы жекпе-жегін 15 жасында өткізген. Қазіргі кезде жерлесімізді атақты Артуро Гаттимен салыстырып жүргендер көп. Ол да кезінде кәсіпқой боксты 18 жасында бастаған.
«Бәлкім, көпшілік сыртқы кескін келбетіміз ұқсаған соң салыстыратын шығар. Бірақ мен Артуро Гаттидің деңгейіндегі боксшымын деп айта алмаймын. Өйткені, маған әлі көп жұмыс істеу керек. Қазіргі кезде жоғары жетістікке жету үшін ерінбей жаттығу керек деген мақсат қойып отырмын», – дейді боксшы Prosports.kz сайтына берген сұхбатында.
Кәсіпқой бокста кімдерді жеңді?
Садриддин дебюттік кездесуін осы жылдың 8 сәуірінде өткізді. Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде ол 26 жастағы мексикалық Тони Баррераспен (1-1, 1 КО) жолықты. Қазақстандық боксшыға қарсыласын жеңу үшін 31 секундтың өзі жеткілікті болды.
Одан кейін мамыр айында Давид Лемье – Карим Ашур жекпе-жегі аясында аргентиналық Ариеля Алеханро Зампедримен жұдырықтасты. Бірінші орта салмақ дәрежесі бойынша төрт раундқа жоспарланған кездесу бірінші раундта аяқталды.
Маусым айында 28 жастағы мексикалық боксшы Густаво Гарибайды бесінші раундта нокаутқа жіберді. Бұл Гарибайдың спорттық карьерасындағы 11-ші жеңілісі болатын.
Жақында Садриддин кәсіпқой рингтегі төртінші жеңісіне қолына жеткізді. Ол бұл жолы кездесуін Канаданың Монреал қаласында өткізді. 20 жастағы жерлесіміз мексикалық Хавьер Хесус Мендоспен жолыққан (7-5-1, 6 КО). Жекпе-жек 6 раундқа жоспарланған еді. Бірақ Ахмедов қарсыласын бірінші раундта-ақ сұлатып тастады. Қазақ боксшысының жеңіске жетуіне 57 секунд жеткілікті болды. Осылайша, ол кәсіпқой рингтегі төрт жеңісінде нокаутпен аяқтап отыр. Ал Мендес карьерасында алтыншы рет қарсыласына есе жіберіп алды.
Жекпе-жектен кейін 20 жастағы боксшының талантына канадалық сарапшылар да оң бағасын берді.
«Мен бұл бокс кешінде болдым. Ахмедов – осы кештегі ең жас талантты боксшы болды. Оның қарсыласын нокаутқа түсіруі ерекше есте қалды. Мендоза қазақстандық боксшыға қарсылық көрсете алмады. Тіпті, ешқандай мүмкіндігі болған жоқ. Меніңше, Ахмедовке енді қарымды қарсыластармен шығу қажет. Мұндай әлсіз боксшыларды жылдам нокаутпен жеңу оған соншалықты абырой әкелмейді. Садриддиннің потенцииалы мол. Менімен мамандардың көбісі келіседі деп ойлаймын. Ол өзінің жоспарын жылдам жүзеге асыруына толық мүмкіндігі бар», – дейді канадалық сарапшы Лорент Поулин «Vesti.kz» сайтына берген сұхбатында.
Сондай-ақ тілшілер қауымы да қазақстандық боксшыға жоғары баға беруде. Мысалы, солардың біреуінің пікірін ұсынсақ:
«Мен шынымен бұл баланың талантын жоғары бағалаймын. Оның бойында боксшыға тән қасиеттің барлығы бар. Жақсы әсер қалдырды деп жазады», – BoxRec сайтының редакторы Филипп Сент-Мартин.
Канадада жаттығады
Кәсіпқой бокста табысқа жету тек талантқа ғана байланысты емес. Көбінесе, негізгі промоутерлік компания мен оның менеджеріне келіп тіреледі. Бұл ретте Ахмедов Канаданың Eye of the Tiger Managament промоутерлік компаниясын таңдаған. Бұл қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс промоутерлік орталық. Себебі, бұған дейін Батыр Жүкембаев, Абылайхан Хұсайнов және Нұрзат Сабыров сынды боксшылар осы компаниямен келісімшартқа отырған. Жетекшісі – Камиль Эстефан. Жерлесіміздің менеджерінің есімі – Анна Рева. Садриддинді Михаил Романчук жаттықтырады. Ал жекпе-жектерге танымал маман Майкл Моффтың жетекшілігімен дайындалады.
Садриддиннің салмағындағы чемпиондар
Қазақстандық боксшы бірінші орта салмақта өнер көрсетеді. 69,9 келіге дейін салмақта (154 фунт) Қанат Исламда өнер көрсететінін айта кетуге болады. Ал чемпиондарға тоқталып өтсек.
Кәсіпқой бокстағы ең беделді тұжырым WBC саналады. Бүкіләлемдік бокс кеңесінің осы салмақтағы белбеуі 28 жастағы Джермелл Чарлоға тиесілі. Ол бұл белбеу 2016 жылдың мамыр айынан бері иелік етіп келеді. Осы уақытқа дейін үш рет сәтті қорғаған.
WBA тұжырымының екі чемпионы бар. «Супер» белбеуді осы жылдың 7 сәуірінде кубалық Эрисланди Ларадан 28 жастағы АҚШ боксшысы Джарретт Хёрд тартып алған. Ол сондай-ақ IBF белбеуіне де ие. Ал осы тұжырымның екінші белдігі аргентиналық Брайан Карлоста.
WBO тұжырымында мексикалық Хайме Мунгияның дәурені жүріп тұр. 22 жастағы боксшы осы жылдың 12 мамырында Садам Әлиді ұтып, алғашқы белдігіне қол жеткізген. Одан кейін белбеуін екі рет сәтті қорғады.
WBO тұжырымының құрлықтық белдігі (NABO) 34 жастағы қазақстандық Қанат Исламға (25-0, 20 КО) тиесілі.
«Алдағы екі-үш жылда әлем чемпионы атағын таласқым келеді. Ол үшін айтулы ірі жекпе-жектер өткізу керек. Алдымен, жастар арасындағы әлем чемпионы белбеуіне ие болсам деп ойлаймын. Сосын уақыт көрсетеді. Қазіргі кезде шаршы алаңға шығып, рейтингімді жақсарту. Сол кезде чемпиондыққа таласуға мүмкіндік туады. Менің арманым – кәсіпқой бокста әлем чемпионы атану. Осы мақсатыма жету үшін аянып қалмаймын», – дейді боксшы Prosports.kz сайтына берген сұхбатында.
Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ
Baq.kz