Илья Ильин: Шаршадым, мансабымды аяқтағым келеді
Қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадада алтын жүлдеге ие болып, мұнан кейін спорттық мансабын тәмамдағысы келетінін айтты, деп жазады Stan.kzақпарат агенттігі.
Бұл туралы спортшы Instagram желісінде жазды.
Өз сөзінде Илья спортта жүргеніне 24 жыл болғанын атап өтті. Сол уақыттан бері жеңісім көп болды және тағы да жеңетініме сенемін, дейді ол.
«Менің жасым 30-ға келді және мен әлі де залдамын… Иә, шаршадым… Иә, қажысам да, өзімнің спорттағы жолымды Токиода өтетін Олимпиаданың алтын жүлдесімен тәмамдағым келеді», – дейді Ильин.
Сонымен қатар Илья спорттық мансабының әдемі аяқталғанын қалайтынын айтты.
«Бұрын өзіме тапсырма берген едім. Әлі күнге дейін сол бойынша келе жатырмын. Әлдекімге өзімнің күшті, таза екенімді дәлелдеу үшін емес, 4 Олимпиадаға қатысатынымды мақсат еткенім үшін осы жолда келемін. Шаршадым және аяқтағым келеді, алайда әдемі аяқтасам деймін. Егер олай болмаса, бәрі-бір өзімнің спорттық жолымды бақытты деп білемін», – дейді ауыр атлет.
Stan.kz