» » ЕУРОПА ЛИГАСЫ таяқ тастам жерде

ЕУРОПА ЛИГАСЫ таяқ тастам жерде

Биылғы Қазақстан премьер-лигасы облыс хал­қы үшін олжалы болды. Рас, командалар сапын­да­ғы ойыншылар тарапынан үздік голдар қақпада ту­лаған жоқ. Дегенмен, өзіміздің жергілікті команда жан­күйерлерін жерге қаратпады.

«Жергілікті командасы қайсысы болды екен» деп оқырман да ойға батпайтын шығар. Себебі, жоғарғы лигамызда Сырдан жалғыз «Қайсар» ғана емес пе?. Бірақ, сол бір ғана команда барша жанкүйерлерінің мерейін үстем етті. Бір қызығы, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінің жолдамасын жеңіп алуға сәл-ақ қалдық. Турнирлік кестеде бір ғана ұпаймен бізден бір саты жоғары жайғасқан «Ордабасының» олжасы осы болды. Болмаса, алаңдағы шымкенттік команданың қарқыны Қайсармен шамалас еді.
Премьер-лиганың алғашқы ойындарында жеңіске қол жеткізіп, толық үш ұпай еншілеу қызылордалық команда үшін қалыпты жағдай. Ал, турнирдің орта тұсында біраз ұпайды уысынан шығарып алу да бұл клуб үшін өзіндік ұстаным іспетті. Оны ойын барысында көріп те жүрміз.
Жалпы, қолына қалам ұстаған әріптестерімнің көбі жергілікті команданың жанкүйері. «Қайсар» өз алаңында қонақтарын қабылдайды» десе қарасы қалың жанкүйерлердің қатарын тілшілер қауымы да толықтыруға тырысады. Тіпті, сырт алаңда сырбойылық команданың ойынын тамашалауға жұртпен бірге біз де сапарлаймыз. Жеңіске жетсе, көппен бір марқайып қаламыз. Ал, сәтсіз ойын көрсетсе, көңіліміз түсіп, сын-пікірлер айтып та жататын кездер болады. Бірақ, бұл «Қайсар» тек жеңіске жетсе, жанкүйеріміз» деген сөз емес. Керісінше, команда сапындағы әр ойыншының қуанышымен ортақтасып, «әттеген-ай» дейтін жерде де мұңдас екеніміздің тағы бір дәлелі.
«Қайсар» премьер-лигаға өткелі аймақ басшысы тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілді. Тіпті, әр ойынын алаң сыртында тамашалап жүрген облыс әкімі өзін жергілікті команданың нөмірі бірінші жанкүйері екенін айтып та жүр. Үлкен қолдаудың жауапкершілігі де жоғары болатынын қайсарлықтар жақсы біледі. Сондықтан, әрбір кездесудегі ойынында қарқынын үдетуде.
Екі жыл бұрын ептеп премьер-лигаға ентелеген бұл командаға аймақ басшысы тарапынан турнирді кем дегенде алтыншы орынмен тәмамдау талабы қойылған еді. Осы орайда бас бапкер Стойчо Младенов жемісті еңбек етті, тапсырма да 100 пайыз орындалды. Ал, биылғы турнирлік кес­теде бұдан бір саты жоғары орынға жайғасу міндеттелген. Талап әдеттегідей өз деңгейінде орындалды. Елу жылдық тарихы бар бұл клуб келер жылы Еуропа лигасына өтсе, күте білсек Чемпиондар лигасының да ауылы алыс емес сияқты. Жәй сөз ғой, болмаса ҚПЛ үшін азуын айға білеген елордалық клуб барда 11 командаға бұл бақтың жолы әлі алыс шығар.
Командасының ойыны алға баспай жатса «отандық ойыншылар қашан негізгі құрамда өнер көрсетеді, легионерлерге тәуелділіктен қашан арыламыз» деген сыни сұрақтар әрбір жанкүйерге маза бермейді. Көптің аузында жүргесін жаттанды пікірге айналды демесең, осыған жұмыс жасасақ, жемісін көретініміз анық. Бұл ретте не істеу керек? Әлбетте, осы орайда жауапкершілік бірінші лигада өнер көрсететін командалар бапкеріне түседі. Себебі, қалыптасқан шетелдік командалар сапында танымалдылыққа ие болған жаңа жұлдыздардың көбі бастапқы лигадан шығып жатады. Өкінішке орай бұл дәстүрдің жемісін біз көре алмай отырмыз. Мәселен, бір ғана «Байқоңыр» командасын алайық. Меніңше, бұл клубтың да негізгі мақсаты – жаңа жұлдыздарды әзірлеу, «Қайсардың» құрамын мықты аяқдоп шеберлерімен толықтыру. Рас, бір кездері осы жұмыстар ойдағыдай орындалып жатты. Бертін келе бұл сабақтастық жалғасын үзген болуы керек. Болмаса, бастапқы команда сапында доп теуіп жүрген бірнеше ойыншымен Байқоңырдың түлегі шектелмесе керек.
Бірін айтып, келесісіне кезек бергендей болдық, негізгі ой ойыны алға басқан қызылордалық клубтың болашағы ғой. Осы қарқынынан таймаса талай бәсекеде «Қайсардың» көңілімізді қалдырмайтыны анық. Бастысы, Еуропа лигасына ептеп келеміз. Жеңісті сәттер көп болсын!

К.БАЛҒАБАЙ.
25 желтоқсан 2018 ж. 874 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930