Қазақ баласынан "қорқып" қалған америкалық боксшы өмір бойына спорттан шеттетілді
Арман Рысбектің кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуіне келмей қалған америкалық Хаким Аткинсон бокстан шеттетіледі. Бұл туралы Vesti.kz порталына қазақстандық боксшының менеджері Фархад Шарипов айтып берген деп хабарлайды NUR.KZ.
Жекпе-жек АҚШ-та 28 қаңтар күні өтуі керек еді. Бірақ Рысбектің қарсыласы, 24 жастағы Хаким Аткинсон (2-9, 1 КО) кездесуге келмей қойған.
- Аткинсон қорқып қалды. Басқа айтарым жоқ. Арман - қарымды қарсылас. Енді басқа, мықтырақ қарсылас қарастыратын боламыз", - дейді Шарипов.
- Америкалық боксшы неден қорқып қалды? Нокаутқа түсіп қаламын деп пе? Ол жекпе-жек үшін сыйақысын алып қойды ма?
- Иә, ол сыйақыны алды. Шынында нокаутқа түсіп қаламын деп қорқып кетті ол.
- Енді ол қандай жазаға тартылуы мүмкін?
- Оны өмір бойы бокстан шеттетті. Енді ол мүлде жұдырықтаса алмайды. Басқа қалаларды нақты білмеймін, бірақ ол Флоридада жекпе-жек мүлде өткізе алмайды.
- Ал 17 ақпанға жоспарланған жекпе-жек өтеді ме?
- Иә. Қазір қарсылас іздестіріп жатырмыз.
Еске салайық, Бүкіләлемдік бокс сериясында "Астана арландары" клубы сапында чемпион болған Арман Рысбек өткен жылдың соңында кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Ол негізі 28 қаңтар күні кәсіпқой бокстағы бірінші кездесуін өткізу керек еді. Бірақ қарсыластың келмей қалуына байланысты, отандасымыздың бірінші кездесуі өтпей қалды.
https://kaz.nur.kz