» » Астанада алғаш рет мұздағы мотожарыстан әлем чемпионаты кезеңі өтеді

Астанада алғаш рет мұздағы мотожарыстан әлем чемпионаты кезеңі өтеді



Алғаш рет Астанада 3-4 ақпанда мұз үстіндегі мотожарыстан әлем чемпионатының бірінші кезеңі өтеді. Әлемнің 6 елінен келген спортшылар өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазақстанға 2018 жылғы маусымдағы бес кезеңнің алғашқысын өткізу мәртебесі бұйырды. Қалған финалдық жарыстар дәстүрлі түрде Ресей, Голландия, Германияда өтеді. Қазақстандағы кезеңнің ерекшелігі – жабық кешеніндегі «Алау» мұз айдынында өтуі.

«Биыл біз Қазақстан астанасында орналасқан керемет стадион «Алауда» өткіземіз деп шештік. Бұл спорттық шара бәріне ұнайды деп үміттенеміз. Мұның барлығы министрліктің, әкімдіктің және халықаралық федерацияның қолдауымен өтіп жатыр», - деді ҚР автомотоспорт федерациясының презденті Марат Әбіқаев.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда әлем чемпионатының кезеңдері Алматыда сәтті өтті. Ал бүгінде елордаға осы жарысқа қатысу үшін Ресейден, Нидерланды мен Германиядан, Австрия және Швециядан спорттық делегация келген.

«ҚР автомотоспорт федерациясымен серіктестігіміз Алматыда басталды. Жарысты осындай әдемі стадионда өткізетінімізге қуаныштымыз. Бұл үшін қаншама іс тындырдық. Соның нәтижесінде бүгін Астанада тұрмыз. Дәл мұндай мұз үстінде жарыс өткізу үшін көп күш пен логистиканы қажет», - деді Халықаралық мотоциклшілер федерациясының өкілі Армандо Кастанья.

Еске сала кетсек, Астанадағы кезеңде еліміздің үздік спортшылары wild-card (Wild card – жарыс қожайындарының өкіліне берілетін арнайы жолдама) арқылы жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астанадағы жарыста ел намысын 2012 жылғы Еуропа чемпионы Андрей Шишегов қорғайды.
Айта кетсек, спидвей немесе мұздағы мотожарыс – мұз үстінде өтетін сайыстың бір түрі, әдетте оған арнайы дайындалған мотоциклдер пайдаланылады. Спидвей ең қиын әрі қауіпті спорт түрі саналғанымен, оған ден қойғандар саны артып келеді.



Baq.kz
03 ақпан 2018 ж. 784 0