СЫР ӨҢІРІ ҚАСИЕТТІ ЖЕРЛЕРІНІҢ ГЕОГРАФИЯСЫ ҚЫЗЫЛОРДА-ҚЫЗЫЛҚҰМ БАҒЫТЫ
Қызылорда – Қармақшы ауданы, Көмекбаев ауылы – Бәбіш-мола қалашығы – Шірік-Рабат қала-қорымы – Сеңгіртам қорымы – Баланды кешені – Ұйғарақ қорымы – Оңтүстік Түгіскен қорымы – Солтүстік Түгіскен кесенесі – Жент қалашығы.
Бәбіш-мола кешені – еліміздегі ең ежелгі қала. Б.з.д. ІV-ІІ ғасырларда егіншілікпен айналысқан Арал маңы сақтарының ірі орталығы. Қалашықпен қатар ондаған қоныстар мен ірі ғибадатхана орналасқан кешен.
Ал Шірік-Рабат қала қорымы – б.з.д. IV-II ғасырларда қанатын жайып, Арал маңы сақтарының «дах» деп аталатын тайпасының діни-рухани астанасына айналған орталық.
Сеңгіртам қорымы – Сырдың төменгі ағысын б.з.д. VІІІ-VІІ ғасырларда мекендеген көшпелі тайпалардың «өлікті өртеу» ғұрпы жүрген «шлакты» обалар мәдениетінің қорымы.
Баланды кешеніне – б.з.д. ІV-ІІ ғасырлар мерзімделетін қоныстар мен ірі жерлеу құрылыстары кіреді. Әсіресе, Баланды-2 кесенесі ең алғашқы дәстүрлі күмбезді сәулет өнерінің туындысы болып табылады.
Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен обалы қорымы – б.з.д. VII-V ғасырларда Аралдың шығыс өңірін мекендеген тайпалардың мате¬риалдық мәдениетінің бейнесін толық сипаттайтын ескерткіштер.
Солтүстік Түгіскен кесенелері – кейінгі қола дәуіріндегі (б.з.д. ІХ-VІІІ ғасырлар) көсемдер жерленген орын. Саз кесектен тұрғызылған кесенелер Орта Азия мен Қазақстан ғана емес бүкіл Евразия даласына танымал ескерткіш.
Жент – Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы ортағасырлық қала орны. Қалада мұсылман дінін ұстанған түркі тайпалары қоныстанған. Жент Х-ХІІ ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы негізгі үлкен қала болған.
(жалғасы бар)
Әзілхан ТӘЖЕКЕЕВ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ
«Археология және этнография»
ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі,
тарих ғылымдарының кандидаты.