» » Ілиястың ізі

Ілиястың ізі


 Кеңестік жүйе құлап, оймақтай он бес одақтас рес­публика өз алдына отау тіккен уақыт.  Қызметтік жолдамамен Қызылордаға көштік.  Ол кезде облыс орталығында көз қызығарлық көрікті орын жоқтың қасы. Дегенмен тарихи қаланың тамаша үлгісі бізді бірден баурады.
Ескі базар аумағына ор­наласқандықтан күнделікті көз үйренген көне ғимараттар туралы қызығушылық артты. Перовск қаласының ат қорасы (кейінгі түрме), тү­зем­дік мектеп (Аль-Асад мекемесі), әскери комиссариат, ҚазОАК секілді ғимараттар өткенімізді жаңғыртып тұратын. Қазақтың ақын-жазушылары Сәкен, Бейімбет, Ілияс тұрған үй­лер­де тақтайша ілініп, ары-бері өткенде көз салып қоятынбыз. Ел на­рыққа бейімделген уақыт­та жаңа үйлер мен ғи­мараттар салына бас­тады. «Мәңгілік от» алаңына жақын жер­дегі ескі үй бұзылып, орнына  белгілі кәсіп­кер үй тұрғызды. Алғашқыда «қап» деп жүрдік. Себебі мұнда мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаева тұрған еді. Тарихи жәдігерге  саналы қараған кәсіпкер тақтайшаны орнына  іліп, ұрпақ алдындағы ұлағатты іске ыждаһаттылықпен қарады.
Енді бір мәселе ескерусіз қалып жүр. Бүгінгі «Айтбек» дүкенінің орнында тоқал тамдар болатын. Дәл сол үйлерде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтің тұрғаны туралы тақтайша ізім-қайым жоғалды. Кәсіпкер сол жағдайды назарда ұстап, дүкеннің бір бұрышына ілгенде құба-құп іс болатын еді.
Бір кездері үйге Алматыдан белгілі ақын Қайрат Әлімбек келіп,  Ілияс тұрған үйге барғанымыз бар. Үй тұрғыны өзбек ұлты екен, олар ақын жайлы ауыз ашпады, кім екенін де білген жоқ. Бұған Қайрат аға ренжіп алды да: «Десек те тарихты түгендеген Сыр жұртының ақынға деген құрметіне ризашылығым шексіз. Ақындар қайда қаңғырмады, қайда қонақтамады. Оны ескеріп жүргендер  кем. Ал, Қызылорданың үлгісі көпке өнеге» деген еді.
 Ия, жөн-ақ. Қызылорда астана кезінде қазақтың маңдайалды марқасқалары осында болды. Тамаша туындылардың туындаған тұсы да осы жерде өтті. Қайран, сол шығармаларды жинақтап, «Қызылорда же­ріндегі қаламгерлер жинағы» деп жарыққа шығарса қандай жақсы!
Көптеген әдебиетті ақтарып жүріп, ақын Ілияс Жансүгіров тура­лы тың дерек ізде­генбіз. Біз кездері белгілі журналист Жақсылық Бекқожаевтың айтқаны еске түседі. Ол: «Ілиястың ұлы, режиссер Болат Жансүгіров «Сыр сұлуы» ансамблі туралы деректі фильм түсіруге Қызылордаға келді. Сол кездесуде оның маған «әкемді осы жақта атыпты деген сөз бар» деген еді. Бірақ бұл туралы ешқандай құжат табылмаған.  Жуырда ақынның тағы бір баласы,  жасы сексендегі Саят Жансүгіровтің Азаттық радиосына берген сұхбатын оқыдым.  Енді соған назар аударып көрейік.
«Әкем – Ілияс Жансүгіров, шешем – Фатима Төребаева. Әкем осы Талдықорғанның Ақсу өңірінің тумасы. Шешем – Жаңақорғаннан. Екеуі 1928 жылы Қызылорда ел астанасы болып тұрған кезде табысқан. Әкем ол кезде Мәскеудегі оқуын бітіріп келіп, қызмет істеп жүрген кезі. Шешем екі сіңлісі мен бір інісі төртеуі Ташкент жақтағы 1916 жылғы бір соғыста ата-аналарынан айрылып, жетім қалады. Сөйтіп, сол Ташкенттегі патша өкіметі ашқан интернатта өседі, білім алады. Шешем әдемі дауысы бар әнші болатын. Сөйтіп, әкем екеуі танысып, қосылады. Сосын астана Алматыға ауысқанда осында көшіп келеді. Ол кезде әкем өте беделді, атақ-даңқы шығып тұрған кез. Тағдыр солай болған шығар, менің екі жасымда әкем мен шешем ажырасты. Менен кейін Сайра деген қарындасым болды. Бірақ, ол шетінеп кетті. Ажырасқаннан кейін шешем мені алып, төркіні – Түркістан жаққа кетіп қалды. 1934 жылы Ілияс пен Затаевич қазақтың ән-күйін жинап жүрген кезде әкем шешемді шақыртып, Алматыдағы филармонияға орналастырды. Шешем филармонияда 1936 жылға дейін әнші болды. Сол уақытта әкем маған келіп тұратын. Біздің үй орталық базардың жанында жатақханада болатын. Сонда әкем келіп, мені еркелетіп, ойнатып кететін.
Менің әкем халықтың адамы ғой. Сол кездегі мейірімді бейнесі әлі көз алдымда. Және әкеме деген жылылық әлі күнге жүрегімнен кетпейді.
Жастайымнан ағайын-туыс, үйге келетін адамдардың бәрі әкеңе ұқсайсың деп айтатын. Мектепте, кейін Мәскеудегі Тау-кен университетінде орысша оқыдым. Жұмыста да өңшең орыстардың арасында болдым. Алайда, тілімді сақтадым. Қазір әкем туралы мақала жазып тұрамын. Әкемнің өз кіндігінен тараған ұрпақтарына келетін болсақ, үшінші әйелі Фатима Төребаевадан мен және кішкентай кезінде шетінеп кеткен Сайра есімді қарындасым екеуміз. Ал, төртінші әйелі Фатима Ғабитовадан Үміт, Ильфа есімді екі қыз, Болат есімді бір ұлы бар. Ильфа мен Болат бұл күнде бақилық болды. Өзіме келсем, Жамал, Ризеда есімді екі қызым бар. Жамал – Мәскеуде, Ризеда Хорватияда тұрады.
Әкемнің төрт әйелі болған. Бірінші әйелі Жәмила өзінің жерлесі, өзімен жасты екен. Жас кезінде әкем сауықшыл болыпты. Өзі де өнерлі адам. Дос-жаран көп. Ал, әйелге не керек? Тыныштық керек. Сөйтіп, тағдыр шығар, екеуінің дәм-тұзы жараспай ажырасып тынады. Одан кейін тағы бір өзінің жерлесі Аманша деген кісімен қосылады. Білетіндердің айтуынша, Аманша деген өзі сұлу, мінезі сондай тамаша адам болған екен. Ол кез әкемнің Киринституттың (Киргизский институт) бастығы болып жұмыс істеген тұсы. Содан ол кісі өзі сұранып, Мәскеуге оқуға аттанады. Кезекті бір оқу демалысы кезінде ауылға кетіп бара жатып, Алматыдағы жолдас­тарына келеді. Сол жерде дос­тары оған Аманшаның дүние салғанын естіртеді. Сонда осы оқиғаны көзімен көрген әкемнің Есболатов деген досының әйелі «Сыр сандық» деп аталатын естелік кітапта Ілиястың әйелін жоқтап, еңіреп жылағанын жазып, «бүйтіп жарын жоқтап жылаған ерді соған дейін де, одан кейін де көрмедім» деп еске алады. Аманшаны ерекше жақсы көрген ғой. Әкеміз Аманшадан кейін менің шешеме үйленеді. Ажырасқаннан кейін өзінің досы Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитоваға қосылады. Фатима Жәнібек, Азат және Фарида есімді үш баласымен әкеме тиеді. Екеуі қосылғаннан кейін сол үйден ұсталып кете барады.
Бұны да айту керек шығар, 1940 жылы Фатима Ғабитова Мұхтар Әуезовтен көтерген перзенті – Мұрат Әуезовті дүниеге әкеледі. Бәрі бірін-бірі білген. Мұхтар әкеммен дос болған.
Әкем ол уақытта Жазушылар одағын басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда дем алады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын алып кеткен. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз.
Әкемнің шығармаларын, басқа да заттарын арбаға тиеп әкетіп бара жатқанда Сапарғали Бегалин көріп қалып, жүгіріп барып, төбелескен бе, тартып алған ба, әйтеуір әкемнің бір кітабын алып кетеді. Ол әкемнің «Құлагер» поэмасы екен. Сөйтіп, «Құлагерді» сақтап, әкем ақталған кезде Фатима Ғабитоваға әкеліп табыстайды. 1938 жылы 26 ақпанда әкемді, Бейімбет Майлинді және тағы басқа көптеген азаматтарды түнде атқан да, Алматының түбіндегі мына Жаңалыққа апарып, құлағалы тұрған үйлердің іргесіне тастап, үйдің қабырғаларын үстерінен құлатып кете берген» – дейді.
Бұл жерде екі мәселені алға тартқым келеді. Біріншіден, Ілияс Қызылордаға келген кезі орда бұзар отыздағы жігіт шағы еді. Жалындаған шағы өткен қаладан бұрынғыдан бірде-бір белгі сақталмаған. Екіншіден, қа­зіргідей рухани жаңғыруға бет­бұрыс жасалған уақытта ақын­ның тұрған үйіне ескерт­кіш тақта қойылса деген ұсыныс. Міне, осы тұрғыдан тиісті органдар назарына аталған мәселені еске салып отырмыз.

Қаныбек ӘБДУОВ,
журналист.
http://www.syrboyi.kz
16 шілде 2018 ж. 992 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 778

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031