Көпқабатты тұрғын үйлер бой көтермек
Қашанда тұрғындарды, ең біріншіден, баспана мәселесі алаңдатады. Себебі, үйі жоқтың күйі де болмайтыны әуелден белгілі. Сондықтан өлең айтса да өзінің лашығында қамсыз әуендеткенді қалайды халық.
Бағзы бір замандағы Жиренше шешеннің хан сарайында тұра алмай, өз лашығына келіп: «Ай-хай, өз үйім, кең сарайдай боз үйім» дейтіні де сол әркімнің өз «лашығы» яки, өз баспанасы болғанға не жетсін» дегенге меңзейді. Осы орайда, қарапайым халықтың үй салуға немесе оны сатып алуына қалтасы көтермейтін тұсы тағы бар. Әйткенмен, жұртшылықтың жоғын түгендеуге келгенде мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдау көп.
Соның негізінде, аудан төңірегінде де тұрғындардың баспаналы болуына барлық жағдай жасалуда. Облыс орталығында бой көтеріп жатқан тұрғын үйлер секілді аудан орталығында да көпқабатты үйлер салынбақ. Заманауи талаптарға сай келетін көп қабатты тұрғын үйлер құрылысының іргетасы үстіміздегі жылы қаланатынын есепті кездесулерде аудан әкімі Ғ.Қазантаев сүйіншілеген болатын.
Тереңөзек кентінің А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысына тұрғын үй кварталы құрылысының инфрақұрылымын бастауға өткен жылы республикалық бюджеттен 100 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мұнда қатарынан түсетін көпқабатты тұрғын үйлер үй кезегінде тұрған жандардың қоныс тойын тойлап, баспаналы болуына септігін тигізбек. Атап айтқанда, тұрғын үй кварталынан 3 қабатты 9 тұрғын үй салыну жоспарлануда. Ол үшін осы жылы республикалық бюджеттен 388,9 млн. теңге қаржы бөлініп, 18 пәтерлі №3 тұрғын үй және 24 пәтерлі №4 тұрғын үйлер салынып, 42 пәтер пайдалануға берілетін болады.
Оған қоса, облыс әкімі ауданға іссапарында бұл жерден тағы да көппәтерлі тұрғын үйлердің бой көтеруіне қолдау білдірді. Соның нәтижесінде, №3, №4 көпқабатты тұрғын үйлермен қатар 18 пәтерлі №1 және 24 пәтерлі №2 тұрғын үйлер салынбақшы. Мұны да республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапқан. Осылайша, аудан орталығында барлығы 84 пәтерлік 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, ауданда баспана мәселесі реттілігімен шешімін таппақ.
Е.БЕРКІНБАЕВ
Пікір 1 884