Бас қала баспана салудан көш бастап тұр
Былтыр еліміз бойынша жалпы аумағы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл – 100,8 мың баспана. Ал сол 11,2 млн шаршы метрдің 2,4 млн шаршы метрі биыл 20 жылдығын кеңінен атап өтуге дайындалып жатқан Астанаға тиесілі. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш.
Жалпы, елімізде тұрғын үй салу жұмысы жыл санап жанданып келеді. Былтырдың өзінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2016 жылғымен салыстырғанда 6,2 пайызға артқан. Осылайша тұрғын үйді іске қосудың жылдық жоспары 111 пайызға орындалыпты. Мұның бәрі елімізде «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасының арқасы дейді мамандар. Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын 2016 жылдың соңында Президент тапсырмасымен әзірлеген болатын. «Нұрлы жер» бойынша 15 жылда 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Бағдарламаның негізгі мақсаты да сол – халыққа тұрғын үйдің қолжетімділігін одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешенді шешу. Атап айтсақ, былтыр тұрғын үй құрылысына 979,8 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл оның алдындағы жылғы деңгейден 18 пайызға жоғары. Өткен жылы салынған 100,8 мың баспананың 75,8 мыңы жеке сектор есебінен, 25 мыңы мемлекеттік инвестиция есебінен жүзеге асып отыр. Олардың 27,9 мыңы жеке үйлер, ал 72,9 мыңы көп қабатты үйлердегі пәтерлер. Ал өңірлерде тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін 77,3 млрд теңге бөлінген, өткен жылы оның 99,5 пайызы немесе 76,9 млрд теңгесі игеріліпті. Республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беруден 2,4 млн шаршы метрмен Астана қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Алматы қаласы (1,9 млн м2), Маңғыстау (833 мың м2) және Ақтөбе (792,3 мың м2) облыстары иеленген. Жалпы, тұрғын үй салудан Астананың көш бастап тұруы қатты таңғаларлық құбылыс емес. Себебі жыл санап өсіп, кеңейіп-қанат жайып келе жатқан бас қаланың тұрғындар саны да күн санап артып келеді. Соған сай баспанаға қажеттілік те күшейе түсетіні анық. Мәселен, өткен жылдың басында-ақ үй алуға 44 мың адам кезекте тұрыпты, соның 6 мыңнан астамы 2016 жылы ғана кезекке тұрғандар. 2016 жылы кезектілік тәртібімен және тұрғын үй бағдарламалары шеңберінде азаматтарға 603 пәтер берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2017-2021 жылдары елорда бойынша шаршы метрі 1000 АҚШ долларына дейінгі бағаға 40 мың пәтер тапсырылады деп жоспарланған. Соның ішінде бюджет қаржысы есебінен қалалық құрылыс басқармасы арқылы 8247 пәтер, яғни 5940 несиелік, 2307 арендалық баспана берілмек. Тоқтала кететін тағы бір жайт, өткен жылдың тамызында Мемлекет басшысының өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі кеңесте берген тапсырмасы бойынша бағдарламаға екінші деңгейлі банктерді белсенді тарту және оны іске асырудың тиімділігін арттыру туралы өзгерістер мен толықтырулар әзірленіп, қабылданды. Енгізілген алғашқы өзгерістер бағдарлама тетіктерін өзектендіруді көздеді. Айталық, құжатқа Астана қаласында тұрғын үй құрылысының проблемалы нысандарын қаржыландыру тетігін іске асырудың нормаларын регламенттейтін бөлім қосылды. Аяқталуы тиіс нысандар тізімін қала әкімдігінің ведомствоаралық комиссиясы анықтайды. Мұның өзі елордадағы ең өзекті баспана мәселесінің біршама шешілуіне септігін тигізер деген сенімдеміз. Сондай-ақ көпшілік көкейінде жүрген тағы бір мәселе – «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Астанадан жер алу жайы. Алайда жақында Үкімет үйінің баспасөз орталығында айтылған мәліметке сүйенсек, жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу тәртібі бойынша Астана мен Алматыдан жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу қарастырылмаған. Бірақ жерге болмаса да үйге қол жеткізуіңіз әбден мүмкін. Ендеше өз мерейтойы қарсаңында «Нұрлы жер» бағдарламасымен елордада салынған және салынатын баспананың көп болуын ғана тілейміз.
«Егемен Қазақстан»
Egemen.kz
Пікір 2