Көкшетаудың 195-жылдығында әлемнің екі бірдей рекорды орнатылды
Бірі, құрақ көрпеден жасалған 33 метр шеңбер болса, екіншісі ұзындығы 11120 метр құрақ көрпе Гиннестің рекорттар кітабына енгізілді.
ERNUR.KZ. Көкшетаудың 195-жылдығында әлемнің екі бірдей рекордты орнатылды. Бұл ресми түрде Гиннестің әлемдік рекордтар кітабында тіркелді, деп жазады ҚазАқпарат.
Краснояр кентіндегі «Құлагер» атшабарында Көкшетау қаласының 195-жылдығына арналған құрақ көрпе тігуден «Құрақ көрпе Fest» фестивалі өтті. Оған қала тұрғындары, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты. Фестиваль барысында екі бірдей рекорд орнатылды. Оның бірі, құрақ көрпеден жасалған 33 метр шеңбер болса, екіншісі ұзындығы 11120 метр құрақ көрпе Гиннестің рекорттар кітабына енгізілді.
Шараға Гиннестің әлемдік рекордтарын ұйымдастырудағы ресми төреші мәскеуден келген Влад Кабулов қатысып, арнайы сертификаттарды аймақ басшысы Ермек Маржықпаевқа тапсырды.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықованың айтуынша, құрақ көрпені жасауға 2 ай уақыт кеткен.
«Көкше өңірі ақындық, әншілік өнерімен ғана танымал емес, қол өнерімен де әйгілі. Өңірде он саусағынан өнер тамған Үкіжан Ементаева сияқты қөлөнердің хас шеберлері бар. Осындай шеберлеріміздің арқасында сүйікті Көкшетау қаламыздың 195 жылдығына ерекше тарту жасап отырмыз», деп атап өтті Зере Қиықова.