Бастау – кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жоба
Облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалында «Бастау» жобасы негізінде 40-қа жуық азамат оқу курсын аяқтады.
«Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты болып табылады. Бұл жобаға қатысу үшін ниет білдіруші азаматтар аудан әкімдігі жанындағы халықты жұмыспен қамту орталығына немесе өзі тұратын ауылдық округ әкімшілігіне өтініш беріп, әрі қарай палатаның филиалына жолданады. Бұған дейін үміткерлер үшін тестілеу ұйымдастырылып, емтихан қорытындысы бойынша оқуға қабылданды. Оның ішінде биыл Жастар жылына орай қарастырылған грант негізінде оқып, бизнес жобасын ұсынған жастар да бар.
– Алдымен тестілеуден өттік. Сынақтан өткендер жобаның қатысушысы болып табылады және бұл азаматтар әрі қарай бір ай мерзім көлемінде кәсіпкерлік негіздеріне қатысты арнайы оқытылады екен. Мен де оқуға жолдама алып, кәсіпкерлік палатада дәріс алудамын. Оқуды аяқтаған соң нан өнімдерін дайындайтын кәсіп көзін ашқым келеді, – дейді оқуға қатысушы Мәдина Баекеева.
Айта кетейік, «Бастауға» жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтыған азаматтар және өз ісін кеңейтуді көздейтін кәсіпкерлер қатыса алады. Оқуға қатысушыларға бизнес-тренер Арыстан Молыбаев дәріс беруде.
Н.ЖАНҰЛЫ