ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРУДА СЫР ЕЛІ КӨШ БАСЫНДА
Осыдан бірер күн бұрын ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Сол жиында баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр құрылыс пен тұрғын үй тапсыру саласындағы өңірлердің көрсеткішіне тоқталды. Министрдің айтуынша, тұрғын үй тапсыру бойынша Қызылорда көш басында тұр екен.
Сөзіміз дәлелді болуы болуы үшін Роман Склярдың айтқанын нақпа-нақ келтірейік. «Құрылыс бойынша нақты көлем индексі 2019 жылғы қантар-шілде айларында 111,5 пайызды құрады. 8 өңірде оң динамика байқалады. Атап айтқанда, Қызылорда (275,5%), Қарағанды (193,6%), Атырау (129%) облыстары көш басында. 3 өңірде көрсеткіштің төмендегені байқалып отыр. Олар: Маңғыстау облысы (-30,4%) және Нұр-Сұлтан (-12,5%), Шымкент (-34,4%) қалалары», – деді ол Үкімет отырысында.
Жалпы қазір Сыр өңірінің қай ауданына барсаңыз да толассыз салынып жатқан ғимараттарды көресіз. Бұған облыстың бас қаласы саналатын Қызылорданың бүгінгі келбетін қосыңыз. Қала көшелері кеңейген, жарықтандырылған, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Ұлттық нақышпен әдіптелген оюлар тіпті ғажап. Әсіресе әр жерге қойылған бағзы заманның бейнесін беретін ескерткіштер өткен күндерден сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Бір жерде халықтық дәстүрді насихаттаған «Қыз қуу» ойынының ескерткіші бой көтерсе, енді бір жерде аламан бәйге бедерленген. Осындай көріністерді тамашалап келе жатқанда түйелі көшті көресің. Кейде алдыңнан кең жайлауда жүрген жылқылардың бейнесі шыға келеді. Мұндай тас мүсіндер қала сымбатын арттырып тұр.
Бұл көріністердің барлығы Қызылорданың еліміздегі ешбір облыс орталығынан кем түспейтінін айғақтап тұр. Соңғы жылдары салынып жатқан тұрғын үйлердің өзі бірнеше шағын ауданның бой көтеруіне сеп болды. Тіпті Сырдарияның сол жағалауы игеріле бастады. Мұндағы “Болашақ” университетінің бас ғимараты мен тұрғын үйлер алыстан менмұндалап, арман қуған жастарды өзіне шақыруда. Жоспар бойынша бұл аумаққа 800 пәтерді құрайтын тұрғын үй кешені, әлеуметтік-мәдени және білім беру нысандарын салу көзделген. Сонымен қатар 100 адамды қабылдай алатын емханасы бар, 300 адамға арналған көпсалалы аурухана, музей мен студенттер қалашығы салынады. Осында орналасқан 320 орындық балабақшаға балаларды қабылдау жүруде.
Бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сызбасы бойынша Рухани жаңғыру орталығының ғимараты бой көтергені белгілі. Онда 1925 жылы этностың аты «Қазақтар» деп ресми аталған тарихи шешім қабылданған. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болды. Мұнан бөлек Сыр жастарын бір арнаға тоғыстырған орталық бой көтерді.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков журналистерге берген бір сұхбатында: “Тұрғын үй құрылысы – тек мақсат қана емес, ел экономикасының өрлеуіне серпін беретін зор күш”, – деген еді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып, еліміздің барлық өңірінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда. Сыр елінде соңғы 6 жылда тұрғын үй салу едәуір артқан. Облыс бойынша 361 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 709 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Апатты жағдайдағы баспана мәселесі толық шешімін тауып, 713 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1862 пәтерді құрайтын 43 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Халыққа бастапқы жарнасыз баспана алуға мүмкіндік беретін «Орда» жол картасы іске асуда. Сонымен қатар «Баламекен» жобасы аясында 100 отбасы «Болат Өтемұратов қорының», ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Маусым айында 100 пәтерлі 50 үйдің құрылысы пайдалануға берілді. Бұған қоса «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылуда. Міне, осындай жұмыстар Сыр елін көшбасына шығарып отыр. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған серпінді жұмыстардың мұнымен бітпесі анық.
Азиз БАТЫРБЕКОВ