Қыдырәлі Болманов мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болды
Қыдырәлі Болманов мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әншінің жаңа қызметке тағайындалуы туралы жаңалықты мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың көмекшісі Ерлан Жұрынбаев айтып берген болатын. Танымал өнер иесі енді еліміздегі мәдени мәселелерге араласатын болады.
Өнер иесі бұл жаңалықты әлі көпшілікке жарияламаған. Ол кеше ғана қала әкімінің кеңесшісі болып тағайындалған әріптесі Мейрамбек Бесбаевты құттықтап, мәдениет саласының ең жауапты бағыт екенін айтып өткен болатын.
"Көптеген зиялылар, елге еңбегі сіңген небір дарын иелері, жаны жарқын, көңілдері жайсаң, көкірегі ояу алматылықтар тұратын мегополисте, мәдениет саласы, өте жауапты сала! Қызметіңді Алла абыроймен көмкерсін, берекесін берсін!" - деген болатын Қыдырәлі Болманов.
Енді өнер иесі өзі жауапты деп санайтын саланың даму жолына кеңес беруші ретінде қызметін бастайтын болды.
stan.kz