» » Шағын және орта Бизнес қанат жаяды

Шағын және орта Бизнес қанат жаяды

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына кешегі Жолдауы біздің барлық сала бойынша бағытымызды айқындап берді деп айтуға толық негіз бар. Әсіресе импорт былай тұрсын, шикізатқа тәуелділіктен арылуды мақсат еткен елдің болашағы жарқын боларына біз кәміл сенеміз. Осы ретте Қазақстан президенті бірінші кезекте шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттерді жиілетпей, керісінше қолдауға басымдық берудің маңыздылығын ашық айтты. Бұл – құптарлық бастама. Себебі, елде кәсіпкерлік саласы дамымай, экономиканы әртараптандырамын деу – бос сөз. Енді «Бұл бағытта қолдау қалай жүреді?» деген сауал туындауы мүмкін. Мұнан бұлай бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылады. Қазіргі таңда осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау күн тәртібіндегі мәселе. Кешегі саяси науқанда Ел президенті Парламент пен Үкіметке осы мәселені шешуді жүктеді.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе шағын қалалар мен аудандар, қалаберді ауылдық елді мекен тұрғындары үшін аса тиімді болып отыр. Себебі, моноқалалар мен ауылдық елді мекендерде жекелеген адамдардың ішінде үлкен кәсіп бастауына қаржылық күші қауқарлысы аз. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту осындай елді мекендер үшін маңызын жоғалтпайды. Алдағы уақытта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағ­дар­­ламалар жемісін берген жағдайда кіші бизнесті жетілдірудің жемісі ірі кәсіпорындар ашуға да алып келері сөзсіз.
Елбасы да өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде шағын несие беру аясын кеңейтудің тиімділігіне тоқталған болатын. Мұндағы мақсат өзін-өзі жұмыспен қам­ты­­ғандар мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіп­керлікті дамыту еді. Әрине, кәсіп ашу тек кәсіп­кер үшін ғана емес, жұмыссыздықты жоюға да ықпал етері анық. Сондықтан бұл жерде қаржы көзінің басым бөлігі іскер азаматтарды қолдауға бағытталып отырғаны бір жағынан әлеуметтік сала­ның да жақсаруына жасалып жатқан оңтайлы жағдай деп түсінуіміз керек.
Өзіміздің Жалағаш ауданында қазіргі таңда 2340 шағын кәсіпкерлік нысаны бар. Бұл шағын аудан үшін төмен көрсеткіш деп те айта алмаймыз. Десе де тоқмейілсуге де болмайтынын назардан шығармаған абзал. Бізді өткен жылдың тиісті ке­зе­ңімен салыстырғанда жұмыс жасап тұрған кә­сіпорындар санының артқаны қуантады. Нәти­же­сінде, қосымша жұмыс көзі де жоқ емес. Жала­­ғаштағы тек шағын кәсіпорындардың өзі 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақса­тын­да мемлекеттік бағдарламалармен жыл басынан бері жалпы құны 1 млрд 433,8 млн теңгені құрайтын 172 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде 80 жоба мал шаруашылығын әртараптандыруға бағытталса, 6 жоба егін шаруашылығының өркендеуіне жол ашып отыр. Ал 24 жоба жолаушылар және жүк тасымалы қызметіне бағытталса, 62-сі қызмет көрсету бағытында қаржыландырылған. Жалағаш аграрлық өңір болғандықтан жергілікті халық та егін мен мал шаруашылығы бағытында кәсіптің ебін жетік біледі. Мұнан бөлек жыл басынан бері жалпы құны 556 млн теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асып, 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Жыл аяғына дейін 190 млн теңгені құрайтын 4 жобаны іске қосу күн тәртібінде. Нәтижесінде, қосымша тағы да 47 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда 4 жобаның құрылыс жұ­мыстары басталып кетті.
Аудандағы кәсіпкерлік нысандарының басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалардың қол­дау­ымен жүзеге асуда. Бір ғана Жалағаш ауда­нынан біз кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдар­ла­ма­лардың жемісін көріп отырмыз. Кешегі Жол­дауда жүктелген мін­дет­тер осы бағыттағы жұмыстарды жан­дан­дыр­маса, кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигіз­бейді. Оның үстіне Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажеттігін айтты. Сондай-ақ Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 млрд теңге бөлуді тапсырды. Мұнан бөлек әлеуметтік бағыттарға, оның ішінде отбасы бизнесін құруға, бірінші кезекте көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізуді қолға алатынын айтты. Алдағы уақытта саяси құжаттағы міндеттер өз деңгейінде жүзеге асса, кәсіпкерліктің қанат жаюымен қатар әлеуметтік саланың әл-ауқаты арта түседі.
07 қыркүйек 2019 ж. 704 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 762

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930