» » ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

ТӨККЕН ТЕРДІҢ ЖЕМІСІ

Диқан қауымы ала жаздай күн көзіне пісіп жетілген егінді жинауға кірісті. Дала кемесіндей алып техникалар атыздан-атызға өтіп, дәнді дақылды масақ қалдырмастан жинап, бункерге тоғытуда. Бұл – жергілікті «Мақсат» фермерлік қожалығындағы дала дүбірі.
Қожалық 120 гектарға күріш және 30 гектар жерге жоңышқа екті. Мұндағы мамандардың айтуынша егіс алқап­та­рында жүрген техниканың бәрі жарақты. Жер табанын қуырған екі комбайн алтын реңдес алқап үстінде жосылтып барады. Әзірге гектар берекесі 60-65 центнерден айналуда.
– “Гектарынан қаншадан алғанда өзін-өзі ақтайды”? – деп сұрадық шаруашылық басшысы Мақсат Дәулетбековтен.
– Ол енді егіннің шығымына байланысты ғой. Әр гектардан 60 центнерден жоғары өнім алғанда тұқымы бар, жанар-жағар майы бар, салығы мен еңбеккерлерге төленетін жалақыны қоса өзін-өзі ақтап шығады. Негізі 4 жылдың көлемі болды, күріш дақылын егумен айналысып келеміз. Әр жылда мол өнім алуға тырысып отырмыз. Бір қуанарлығы биыл күріштің шығымы жақсы, – деді ол.
Егістік ауқымы шағын болса да өзге жерлердегідей қарбалас науқанда білікті мамандардың жетіспеушілігі тәрізді қиындықты бастан кешіп отырған жоқ екен. Мәселен, мұнда 14 адам жұмыс істейді. Барлығы осы ауылдың азаматтары. Өнімнің бітік шығуы үшін аянбай тер төгіп жүрген майталман механизаторлардың бірі Марқабай Бегалиевті де егіс алқабынан кездестірдік. Еңбек адамы бұған дейін де осы салада ұзақ жылдар бойы жұмыс жасапты.
– Көктем шыға дала қосына аттанамыз. Жер жыртып, дән сеуіп, атызға су жібергенше техникадан түспейміз. Одан кейін егінді күтіп-баптауға кірісеміз. Жалпы осы жұмыстардың артында қызу еңбек жатыр ғой. Ал күріш піскен уақытта атызға түсіп, дәнді ысырапсыз жиып алуға жұмыламыз. Өзім негізі жаткист әрі механизатормын. Бәріміз бір үйдің баласындай аянбай еңбек етіп, мол өнім алуға тырысып келеміз, – дейді Марқабай Бегалиев.
«Елде болса, ерінге тиеді» демей ме?! Шаруашылық ауыл­дағы балабақшаны, мектеп асханасын күрішпен қам­тамасыз етіп отыр.
Айта кетейік «Мақсат» фермерлік қожалығының иесі – Мақсат Дәулетбеков Ақсу ауылының тумасы. Жастайынан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжірибесімен қазір күріш егіп, жер баптап жүр.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ

22 қыркүйек 2019 ж. 567 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930