340 МЫҢНАН АСТАМ ОТБАСЫҒА ЖАҢА ЖӘРДЕМАҚЫ ТАҒАЙЫНДАЛМАҚ
Көпбалалы отбасыларға көмек көрсету әрқашанда бірінші орында. Мемлекет тарапынан халықтың осындай топтарын қолдау арқылы елдегі тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік туады. 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасыларға жаңа жәрдемақы тағайындалмақ. Жәрдемақы нақты кімдерге беріледі? Бала санына қарай мөлшері қандай? Осы турасындағы сұрақтарға жауап алу үшін аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетоваға жолықтық.
– Эльмира Мергенбайқызы, жаңа жәрдемақыға елімізде шамамен қанша отбасы үміткер?
– Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша 4 немесе одан да көп баласы бар 340,3 мың отбасы мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Бірақ аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін.
Аталған мемлекеттік жәрдемақы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша әзірленді. Бұл табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағыттың бірі. Тиісті заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін болады. Содан соң барып, яғни жаңа жылдан бастап бұл әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатын болады.
– Аталған жәрдемақыны беруде отбасының табысы есептеледі ме? Шамамен бір балаға қанша теңгеден төленеді деп күтілуде?
– Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай, яғни 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға 53 125 теңге, 6 балаға 63 750 теңге, 7 және одан да көпбалалы отбасыларға 74 375 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды.
Сонымен бірге Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар. «Алтын», «Күміс» алқамен немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденімен марапатталған аналарға жеке мемлекеттік жәрдемақы төленеді, олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.
Сонымен бірге АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төлене береді. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады. 2020 жылдан бастап жаңа жәрдемақы тағайындалған отбасылар АӘК де құжат тапсыруға құқылы. Тек жаңа заңдылық бойынша жаңа жәрдемақы есептелетін табысқа қосылатын болады.
– Аз қамтылған немесе көпбалалы отбасылар үшін мемлекет тарапынан бұдан бөлек қандай жеңілдіктер қарастырылып отыр?
– Табысы аз отбасылардан шыққан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз ету жұмыстары басты назарда болады.
Әңгімелескен Н.АЛМАС