Айна әлемі

Көзіңізді бір сәтке жұмып өз бет-бейнеңізді санаңызда елестетіңізші. Ойыңызға соңғы рет айнаға қараған сәттегі түр-түсіңіз келді ме? Білесіз бе? Әлемдегі жаратылыс ішіндегі адам ғана өз бет-бейнесін елестете алатын, өз түрін танитын тіршілік иесі.
Оған себепші, негіз нәрсе – айна. Айна қашан пайда болды? Қандай мақсаттарда қолданылады? Осы сұрақтар төңірегінде ойланып көрейікші…
Тарихқа жүгінсек, айнаның Отаны – Венеция екен. Орта ғасырларда тек Венецияда ғана айна өн­ді­рісі дамыған және айна жасау құпиясы өзге елдерге таратылмай қатал сақталған. Айна құпиясын жасыру мақсатында айна шеберлерін Венеция маңындағы Мурано аралына көшірген. Ал құпияны таратушыларға өлім жазасын жариялаған. Айна шеберлеріне барлық жағдай жасалатын және олар елдің бай-шонжарлары, ақсүйектері дәрежесінде баға­ла­натын болған.
Бүгінгі күні алғаш пайда болған кезінен әлдеқайда төмен түсіп қалған айна бағасы сол кездерде алтынмен өлшенетін бағалы зат болған-ды. Ұзындығы адам бойындай болатын айна құны орташа көлемді кемемен теңесетін. Себебі шағын айна жасау жүз сағаттық қара еңбекті қажет ететін.
Ежелден айнаны тек тұрмыстық бұйым ғана емес басқа да көптеген мақсаттарда қолданған. Аңыз бойынша, ежелгі грек ғалымы Архимед айнаға түскен күн сәулесін шағылыстыра пайдалану арқылы Сиракуза қаласына келе жатқан римдіктердің кемелерін жағып жіберіп отырған.
Испан шіркеулерінде айнамен адам жазалаудың түрлі әдістері қолданылған. Солардың бірі жаза­лану­шыны қорап тәріздес түгел айнадан және жағулы шырақтан тұратын бөлмеге бірнеше күнге қамаған. Ішінде отырған адамға тәуліктер бойы оңынан да, солынан да, төбесінен де, астынан да өзі секілді бірнеше адамдар қарап тұратын және оның әр істеген ісін қайталайтын көрініс нәтижесінде көп жағдайда жазаланушы бұл бөлмеге шыдамай ақырында жынданып, есінен ауысып, ауру болып шығатын болған.
Айна туралы әр елде әр түрлі түсінік қалыптасқан. Бірі айнаны сындырсаң бақытсыз боласың десе, бірі бақытты боласың деп жориды. Бірақ көп жағ­дай­да айнаны сиқырмен, тылсым күштермен байла­ныс­тырады.
Орта ғасырларда Еуропаның барлық шір­кеулері айнаны сатуға, сатып алуға тыйым салған. Себебі, айнаның сиқырлы күші бар, одан бұ дүниеге шайтан қарайды деп білген. Айна ана дүние мен бұ дүниені жалғастырушы ретінде саналған.
XVII ғасырдың соңына дейін Ресейде де айна пайдалануға болмады. Айна пайдалану үлкен күнәға саналатын және 1666 жылы бас шіркеулері үйлерде айна ұстауға қатал тыйым салды. Жапон халқы өздерінің бұрын пайдаланған айналарын ешкімге сыйламайды да, сатпайды. Айнамен бірге иесінің қасиеттері кетіп қалады деп болжаған.
Ғалымдардың айтуы бойынша, айнаға түскен жарық тек шағылысып қана қоймайды сонымен бірге, аз көлемде энергиясы жұтылады. Экзотериктердің айтуына қарағанда айна кез-келген ақпаратты бойында сақтайды және оны кері әсермен шағылыстырады. Мысалы, адам айнаға қарағанда өзіне сырт-пішіні ұнамаса, көңіл күйіне кері әсер етеді дейді. Осыған орай психолог-мамандар айнаға әрдайым күліп қараңдар, айнадағы көлеңкелеріңмен сөйлесіңдер, армандарыңды айтыңдар, жылы сөздер айтыңдар деп ақыл-кеңес береді. Қытайдың атақты фэн-шуй ғылымы да айнаға ерекше мән береді. Жатын бөлмеде, төсек маңында, үйдің кіре берісінде ешқашан айна тұрмауы керек екен. Ал қонақ бөлмеде немесе ас бөлмесінде айна тұруы отбасы мүшелерінің көңіл-күйіне жағымды әсер етеді-мыс.
Қазақтың салтында айнаға байланысты ырым-тыйымдар да көптеп кездеседі. Сәбиді айнаға қаратпайды, түнде, күн күркіреп найзағай болғанда айнаны жауып қояды деген секілді. Қазіргі тұрмыста айна ең көп қолданылатын зат екенін біреу білер, біреу білмес. Айна – көп нәрселердің бастауында тұрған бұйым.
XIX ғасыр басында бір дәрігерге өңеш арқылы асқазанды қарау ойы келеді. Ол осы мақсатын іске асырады. Дәрігер жіңішке ұшында айнасы бар түтікті өңешке тығып, одан ауызқуысқа тағы бір айна салу арқылы алғаш рет асқазан ішін көрді. Кейін бұл жаңалығы қазіргі емханаларда қолданылып жүрген перископ құрылғысының негізін салды. Айнаның басты қасиеттерінің бірі жарық шағылыстыру қасиетін шамшырақ жасауда да жүзеге асып жүр. Жай шамшырақтың жарығы санаулы-ақ шақырымға ғана жететін болса, ал айнамен сәулелендірілген шамшырақ жарығы алысқа жетеді. Порттардағы және қазір қолда­нылатын әуежайлардағы шамшырақтың жары­ғына осы кішкентай айнаның тигізер пай­дасы мол.
Көп ғылымның дамуына үлкен септігі тиген микроскоптың негізінде де айна жатыр десек сенер ме едіңіз?! Әрине, ақиқат. Біреуге жай шашын тарауға немесе бет-бейнесін қарауға пайдаланып жүрген айнаның орны әлдеқайда үлкен екен.

Жанұзақ ӘЛІМГЕРЕЙ

05 қараша 2019 ж. 845 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 772

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930