» » “БӨКЕНДІ АТЫП МЕРГЕН ӨЛТІРГЕНДЕ, ЖАЗАСЫЗ ЖАН ӨЛДІ ДЕП ОЙЛАЙ МА ЕКЕН?”

“БӨКЕНДІ АТЫП МЕРГЕН ӨЛТІРГЕНДЕ, ЖАЗАСЫЗ ЖАН ӨЛДІ ДЕП ОЙЛАЙ МА ЕКЕН?”


“Арқаның Бетпақ деген даласы бар,
Бетпақ – шөл, ойлы-қырлы панасы бар.
Сол шөлде ел жоқ, күн жоқ өсіп-өнген
Жәндіктің киік деген баласы бар”.
Сәкен Сейфуллиннің осы бір өлеңі киіктей сұлу жануарға арналған. Бір ғажабы, киік баласы тек қазақ жүретін жерде ғана жүреді екен. Қазір киікті Қазақ жерінен, Моңғолия мен Қалмақ даласының қазақтар мекендейтін өлкесінен ғана кездестіруге болады. Осыдан-ақ бөкенді табиғат-ананың өзі қазаққа ғана тиесілі жануар етіп тарту еткенін айғақтап тұрғандай көрінеді маған.
Иә, киік баласымен қазақтың талай аңызы байланысып жатыр. Киелі саналатын осы бір түз жануарына көптеген ақындар жыр арнаса, сазгерлер әуезді әуеніне қосты. Жоғарыда мысалға келтірген Сәкен Сейфуллиннің өлеңіне Әлмырза Ноғайбаев ән шығарып, талай жерде төгілте орындады. Бі­рақ бөкенді қанша жерден киелі сана­сақ та базбіреулер ты­ныштық бермей, мүйізіне бола ше­тінен қы­рып әлек. Сондайларға қарсы тұра­мын деген табиғат жана­шыр­ла­ры­ның өзі өлім құшуда. Бұған дәлел келтіріп, сөзімді айғақ­тап жатпай-ақ қояйын. Онсыз да белгілі жай ғой.
Жалпы киік немесе бөкен деп атайтын осы бір жануар сұлу­лы­ғымен де талайды таңғал­дырады. Энциклопедиялық мәлі­меттерде олардың текелерінің дене тұрқы 126-150 см, салмағы 37-49 келі, ал ешкілері кішірек, дене тұрқы 109-127 см, салмағы 22-37 келідей бо­ла­тынын айтылады.
Кезінде ақын Кәкімбек Салықов сөзін, сазгер Жақсыкелді Сейілов әнін жазған “Жезкиікті” көпшілік ұмыта қойған жоқ шы­ғар. Қазір дәл бұрынғыдай көп айтылмаса да, жұрттың жүрегінде жатталған туынды екені анық. Тіпті домбыраның күмбірімен “Қызжі­бекте” аққудың өзін билеткен Нұрғиса Тілендиев те осы өлеңге ән арнапты. Жұрт жан-жүрегімен жақсы көретін сұлу жануарды қалай ғана көзі қиып өлтіреді екен.
Ақбөкен жұп тұяқты жануар­лардың ішіндегі ең өсімталы, жы­лына бір рет төлдейді. Жаппай төлдеуі мамырдың 1-ші жартысында өтеді. Бұл кезде күн салқындап, жауын-шашын көп болады. Бұл кезеңді бабаларымыз «Құралайдың салқыны» деп атаған. Киік баласы көбіне егізден, кейде 3 лаққа дейін туады. Тағы бір ерекшелігі, ақбө­кендер өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді.
Мақалаға бастау болған өлеңде Сәкендей арысымыз: “Бөкенді атып мерген өлтіргенде, Жазасыз жан өлді деп ойлай ма екен?” – деп тебі­­ренеді. Тағы бір жерінде:
“Бөкеннен сұлу аңды мен көр­медім,
Өзге аңға жануарды тең көр­медім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім” – деп жүрек еті езіле жырлайды. Сәкендей асыл ақын жырға қосқан бөкеннің басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Оның үстіне адамның “қасқыры” да тыныштық берер емес. Бір кездері Ұлы далада өріп жүретін киіктерді осылайша қызыл кітапқа да кіргіздік. Ал оны қорғау – сіз бен біздің ортақ міндетіміз.

Азиз БАТЫРБЕКОВ


12 қараша 2019 ж. 609 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930