АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ АЛҒА БАСУ БАР
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауында ауыл мектептеріндегі білім сапасын жақсартуды міндеттеген болатын. Бұл ретте «Дипломмен ауылға» бағдарламасының маңызы зор. Десе де мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қаржы көзі елдегі барлық ауылдағы білім сапасын жақсартуға жете бермейді. Осы ретте біз мұғалімдердің біліктілігін арттыратын курстардың көмегіне жүгіну қажеттігін жақсы білеміз. Жалағаш ауданында білім сапасының алға басуына осы бағыттағы жұмыстар оң әсер етті. Мәселен, бір ғана Мәдениет ауылындағы №32 орта мектептің өзінде бір жылда бірнеше ұстаз аталған курстардан өтіп, тәжірибе шыңдаған. Қазіргі таңда «Мектеп-лицей» статусына ие болған ауылдағы білім ордасында 72 мұғалімнің 11-і ғана арнайы курстардан өтпеген. Мектеп директорының айтуынша, олардың да тәжірибесін шыңдау алдағы күннің еншісіндегі жұмыс екен.
Жалпы Мәдениет ауылында соңғы жылдары қай саланы алып қарасаңыз да алға жылжу басым. Оның ішінде әсіресе осы білім сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар көп ұзамай жемісін беріп жатыр. Ілияс Қабылов атындағы №32 мектеп-лицейінің түлектері ҰБТ-дан жоғары балл жинауды дәстүрге айналдырған. Мәселен, былтыр мектеп бітірген 13 түлектің 11-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, оның 9-ы ЖОО-на мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Түлектердің орташа балының өзі кейбір білім ошақтарының ең жоғары көрсеткішіне жетіп жығылады. Ал жоғарысы – 118 балл. Негізінен осы жылы мектеп түлектері 100 пайыз жоғары және арнаулы оқу орындарымен қамтылды.
Бұл нәтиже мектеп қабырғасында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың еселі еңбегінің жемісі екеніне біздің таласымыз жоқ. Білім ошағының басшысы Бақыт Әбдіреева алдағы жылы да оң қорытындыға қол жеткізуде аянбай еңбек етіп жатқанын айтады.
– Білім сапасын жақсарту – біздің басты міндетіміз. Ұлағатты ұстаздар қолынан келген көмегін аямай жұмыс жасауға дайын. Осы бағытта атқарған жұмысымыздан нәтиже шығарып жатқан шәкірттерімізді де жоғары бағалаймыз. Мұғалімдердің тәжірибесін шыңдауды біз күн тәртібінен түсірген емеспіз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы бастамамыз жалғасын таба береді. Бұл өз кезегінде ауыл мектебінің мәртебесін арттыруға да оң әсерін тигізері сөзсіз. Ауылда қазір бұрынғыдай емес, жастардың еркін білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектеп базасын нығайтуға ел ағалары да қолдау көрсетіп келеді. Тіпті ҰБТ-дан жоғары балл жинаған үш түлегімізге шаруашылық төрағасы бір реттік шәкіртақы тағайындады. Бұл дәстүр қатарынан 5 жыл жалғасын тауып отыр. Бұл да болса балалардың оқуға деген ынтасын қалыптастырады деп ойлаймын. Алдағы уақытта да жақсы нәтижеге қол жеткізуге күш саламыз, – дейді Б.Әбдіреева.
Биыл аталған тіректі елді мекеннен 13 оқушы мектеп бітіреді. Дайындықты әлден бастап кеткен түлектер бұйыртса, алдыңғы аға-апаларының ізін басып, ұлағатты ұстаздардың артқан сенімін ақтауға тырысатындарын айтып отыр. Мұғалімдердің сөзінше, әлден дайындық барысындағы тесттен олар жоғары нәтижеге қол жеткізген көрінеді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ