» » Жарқын жобалар, берекелі бастамалар

Жарқын жобалар, берекелі бастамалар

Биылғы жылы өңірдің қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын ауыз толтырып, зор мақтанышпен айтуға болады. Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстардың нәтижесінде, ауданның даму көрсеткіштері жоғарылағанын байқадық. Сейсенбі күні осы жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы өткен брифингте барлық саланы қамтыған аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ең алдымен әлеуметтік саланы дамыту басты орында екенін айтты.
– Ауданда жүргізіліп жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын өсіруге бағытталған. Осы жылы еліміздегі тұрақтылық пен аудан халқының бірлігі арқасында киелі Жалағаш жерінде толайым тірліктер атқарылды. Биыл «Алтын дән – 2019» мерекесі аясында Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілді. Мерейтой аясында Жалағаш кентіндегі «Тағзым» аллеясына Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов пен Алдаберген Бисеновтің бюсттері орна­тылды. Орталық стадионда еңбек озат­тары мен Жалағаш ауданының Құрметті аза­маттары марапатталып, аудан тарихынан сыр шертетін «Тарихы терең, еңбегі ерен – Жалағаш», «Жалағаш көшелері» атты кітаптарының және «Жалағаш жауһарлары» атты ауданның музыкалық мұрасының жинағы топтастырылған дискінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ республикалық ақындар ай­тысы, эстрада жұлдыздарының қаты­суымен гала-концерт өткізілді.
Жыл қорытындысымен ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласы бойынша Жалағаш ауданы облыста алдыңғы қатардан көрініп, күріштің әр гектарынан 63 центнерден өнім жинап, облыстық «Алтын дән – 2019» мерекесінде «Үздік аудан» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Тағы бір атап өтерлігі, үздік комбайншы, үздік сушы, үздік агроном, үздік күрішші де осы өлкенің еңбеккерлері болды. Бірқатар азаматқа “Еңбек даңқы” және “Ы.Жақаев” төсбелгілері табысталды. Бір сөзбен айтқанда, Жалағаш бүгінде үздіктердің елі, озаттардың жері болып отыр. Бұл – бірлігі бекем, тірлігі тын­дырымды Жалағаш диқандарының еселі еңбегі, – деген өңір басшысы өнеркәсіп өнімін өндіруде де бірқатар оң нәтиженің барын жеткізді.
Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп өнім­дерін өндіруші мекемелер мен кәсіп­орын­дар және жеке секторлар 2019 жылдың 1 қарашасына дейін 4 054,3 млн теңгенің өнеркәсіп өнімдерін өндірген. Бұл тиісінше 2018 жылдың осы кезеңінің салыстырмалы бағасымен алғанда 12,5 пайызға артқан. Негізгі қорға тартылған инвестицияның ба­ға­лау көлемі 2019 жылдың 10 айында 12 890,3 млн теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге өскен.
Аудан бюджетінде де біршама ілгері­леушілік бар. Бұл туралы баспасөз-кон­фе­ренциясында сөз еткен өңір басшысы аудан бюджетінің көлемі 12,2 млрд теңгеге жеткенін мәлімдеді.
Қызылорданың «Қостанайы» атанған Жалағашта ауыл шаруашылығы бойынша жыл сайын мол табыстарға қол жет­кізілуде. Биыл аудан бойынша 17 041,2 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнім­дері өндіріліп, оның көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға артты. Бұл жылы барлығы 36 665 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім толық жиналды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 21 800 гектар күріштің әр гек­тарынан 63 центнер өнім алды. Сонымен қатар егілген 306 гектар жаздық бидай, 3530 гектар жаңа жоңышқа, 6079 гектар ескі жоңышқа, 500 гектар картоп, 1 200 гектар бақша, 2 200 гектар мақсары дақылдары да толық жиналды. Бұған қоса 500 га картоптан 6090 тонна, 1004 гектар көкөністен 18373 тонна, 1200 гектар бақшадан 26 268 тонна өнім алынып, өңір қазынасының толығуына айтарлықтай септігін тигізді. Брифингте егіннен алынған өнімді сөз еткен аудан бас­шысы журналистер қауымын мал шаруа­шылығының да тынысынан хабардар етті.
Аудан басшысының сөзінше, шаруалар мал басын арттыру мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануда. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл МІҚ – 2 пайызға, жылқы – 7,8 пайызға, түйе – 1,1 пайызға, үй құстары – 15,9 пайызға, қой-ешкі 96,8 пайызға артқан. Аудан бойынша 88 шаруашылық тікелей мал шаруашылығымен айналысуда. Оның 84-і «Сыбаға», «Құлан» бағдарламаларына және 4-еуі «Алтын асық» бағдарламасына қатысуда, Жыл басынан бері де мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар 83,2 млн теңге көлемінде субсидия алған. Аққұм ауылындағы «Бақдаулет-57» ШҚ биыл 128 бас тоқтыны Иранға экспорттады. Жаңадария елді меке­нін­дегі «Адал» ЖК асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіріп отыр. Ал ақсулық «Киясов Еркебұлан» ЖК биылғы жылы Ресейден 100 бас асыл тұқымды қалмақ сиырын әкеліп, жұмыс жасауда.
Мал шаруашылығын дамытуда ветерина­риялық іс-шаралардың тиісті ережелерге сай жүргізілуі де қатаң бақылауда екенін айта кеткен жөн. Аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға республика тайқазанынан биопрепараттар алынып, ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттерге таратылған. Жалпы аудан әкімі 2 мал сою алаңы мен 6 ішкі сауда нысандарының ветеринариялық талаптарға сай жұмыс жасап, күнделікті ветеринар маман­дар­дың бақылауында екенін айтты.
Журналистермен өткен брифингте өңір басшысының баса назар аударғаны – осы кәсіпкерлік саласы. Өйткені мемлекет ұсынған қолдауды тиімді пайдаланып, кәсіпке бетбұрушылар саны артуда. Айталық, аудан бойынша 2019 жылдың 10 айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2397 бірлікті құрап, оның ішінде 2151-і нақты жұмыс істеп тұр. Жеке кәсіпкер Г.Иса­хановтың қара күрішті ақтау және жем өндіру цехы, жеке кәсіпкер М.Көптілеуовтің химиялық тазалау орталығы, «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас МІҚ малына арналған сүт фермасы, «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның мал сою және ет бумалау цехы, жеке кәсіпкер М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, жеке кәсіпкер Ж.Қазыбайұлының қонақ үй және тамақтану кешені, жеке кәсіпкер Н.Ералиевтың балықты алғашқы өңдеу цехы, жеке кәсіпкер С.Халықтың құрылыс заттар дүкені, жеке кәсіпкер Д.Алпысовтың жылыжай кешенінің пайдалануға берілуі де саланың серпін алғанына дәлел болмақ.
Аудан басшысы «Еңбек» нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­­дарламасы шеңберінде атқарылған жұмыс­тарға да тоқталды. Атап айтар болсақ, еңбек нарығында қажетті кәсіптер бойынша жаппай оқытуға 79 үміткерге жолдама берілген. Оның 64-і оқу орындарына қабылданған. Бағ­дар­ламаның екінші бағыты бойынша осы жылға қаралған қаржы есебінен 94 адамға 351,1 млн теңге, барлығы 106 адамға 417,1 млн теңге шағын несие беріліп, жоспарлық көрсеткіш 70,7 пайызға орындалып отыр. Бастау-Бизнес жобасы аясында 144 адам оқуды аяқтап, 85 адам қаржылай қолдау тапса, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 120 адамға әрқайсысына 252,5 мың теңгеден мемлекеттік грант беру жоспарланған.
Бұдан басқа халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының тиімділігін арттыру бойынша 186,9 млн теңге қаржы қаралып, әлеуметтік жұмыс орындарына 53 адам, жастар тәжірибесіне 356 жас маман, қоғамдық жұмыстарға 494 адам жіберілген. Өздеріңізге белгілі ауданда солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларда бар. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысына 3 отбасы қоныс аударды.
Сонымен бірге аудан әкімі «Жас кәсіпкер» жобасы шеңберінде «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант (505 мың теңгеден) және жастарға микрокредиттер ұсынылатынын, жоба шеңберінде 110 адам оқуды аяқтап, сертификаттарын алғанын жеткізді. «Диплом­мен ауылға» бағдарламасының шеңберінде де осы жылы 122 маманға 446 924,9 млн теңге қаржы берілген.
Жалағаштағы жұмысы жүйелі саланың бірі – білім саласы. Бұл сала бойынша ауданымыз үздіктер қатарында екенін мақтанышпен айтуға болады. Жыл сайынғы ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, облыста алдыңғы қатардан көрініп, шәкірттері республикалық, қала берді халықаралық білім бәйгелерінде топ жарып жүрген ұстаздардың еңбегін ерекше атауға тиіспіз. Өңір басшысы бұл ретте ауданымызда ұстаздардың кәсіби шеберліктерін нығайтуға, біліктіліктерін арт­ты­руға тұрақты жағдай жасалғанын, өңір бюд­жетінің де ең негізгі бөлігі білім саласына бөлініп отырғанын мәлімдеді. Биылғы жылғы бітірушілердің барлығы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсті.
Биылғы жылы аудандық орталық ауру­хананың құрылысы жүргізіліп жатқанынан хабардар еткен аудан басшысы ұлт саулығы жарқын болашақтың кепілі екенін және ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін атап өтті. 2019 жылдың 10 айында аудан бойынша 623 бала дүниеге келген. Ал соңғы 10 жыл көлемінде аудан бойынша ана өлімі тіркелмепті.
Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлықтай оң нәтижелі жұмыстар баршылық. Алдымен аудан басшысы талай тың баста­маға серпін болған «Ауыл – ел бесігі» жоба­сының маңыздылығына тоқталып, жоба аясында аудандық кітапхана ғимаратының күрделі жөндеуден өткенін жеткізді. Негізі ауданда саланың дамуына Мәдениет және Аққұм ауылдық кітапханаларында коворкинг орталығы, «book café», сондай-ақ 6 елді мекенде «Көше кітапханаларының» ашылуы да септігін тигізгенін айта кеткен жөн.
– Ауданның құрылыс саласының қарқын алғаны да біз үшін үлкен мақтаныш. Биылғы жылы М.Шәменов, Мырзабай ахун ауылында жаңа пайдалануға берілді. Сонымен қатар кәсіпкер Сағынбаев Ерланның демеушілігімен кент орталығынан 900 орындық мешіттің құрылысы жүруде. Бұйыртса, алдағы наурыз айында ел игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жалағаш кентінде әкімшілік ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 2018-2019 жылы Жалағаш ауданы, Аққыр, Жаңадария және Мақпалкөл елді мекендерінің ауыз сумен қамту жүйелерінің қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
Айта кету керек, жеке тұрғын үй салушылар қатары да жыл сайын артып келеді. Жеке сектор есебінен биылғы жылы 96 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Жастар жылы Жалағаш жастары үшін жағымды жаңалықтармен басталғанын айтқан аудан басшысы жастарды қолдау қашанда бірінші орында екенін атап өтті. Бәрімізге белгілі жыл басында аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығы ашылды. Орталықта жастар үшін үстел теннисі, аэрохоккей, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, гір тасы, армрестлинг, спорттық жабдықтары, музыкалық аппаратура, видеоойындармен компьютерлік қызметтерді тегін алуға мүмкіндіктер жасалған. Сондай-ақ 2-4 тамыз аралығында аудан жастарының қатысуымен тұңғыш рет еңбек лагері ұйымдастырылып,оған 25 жас қатысты. Ал 25-27 тамыз күндері дәстүрлі түрде «Zhalagash Life – 2019» жастар лагері екінші рет өткізіліп, Жалағаш кенті және ауылдық округтерден барлығы 60 жас қамтылды. Жастар жылындағы жаңаша бастамалар легі мұнымен тоқтаған жоқ. Жуырда ғана Аққұм ауылында алғаш рет аудандық жас кәсіпкерлер форумы ұйымдастырылды.
Жалағаштық жастардың жетістігін де зор мақтанышпен айтуға болады. Жыл қорытындысымен Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, аудан абыройын тағы бір асқақтатты.
«Білімді жастармен қатар ауданның мерейін асырып, дүбірлі додаларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылардың орны бөлек» деді спорт саласына тоқталған аудан әкімі. Олай дейтініміз, аудан спортшылары осы жылы республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, ҚР чемпионаттарында 11 алтын, 5 күміс, 12 қола медальдарды жеңіп алса, Әлем және Азия чемпионаттарында 6 алтын, 3 қола медальдарға қол жеткізсе, І разрядты спортшы 38, 4 спортшы ҚР-ның спорт шебері, 169 спортшы «Спорт шеберіне үміткер» нормативін орындады.
Көшелерді жөндеуге байланысты бірінші кезекте аудан орталығындағы көшелерді жөндеу қолға алынған. Осыған орай Жалағаш кентіндегі 14 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге жалпы құны 1,3 млрд теңге құрайтын жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Осы жайды сөз еткен аудан басшысы Нысанбай жырау, Абай көшелерін орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталғанын жеткізді.
Елді мекендердегі электр желілерін дамыту, газдандыру мәселелеріне шолу жасаған аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы бірқатар жаңалықтармен бөлісті.
– Биыл Аққыр елді мекенінің электр жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқ­талып, Мәдениет, Жаңадария, Жаңаталап елді мекендерінің электр желілері мен қондырғыларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан бюджетінен Жалағаш кентіндегі Абай, Әйтеке би, Бұқарбай батыр, Желтоқсан көшелерін жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттар әзірленді, ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өтті.
Жалағаш жұртын қуантқан жаңалықтың бірі – кентті газдандыру жұмыстарының басталғаны болды. Қазіргі таңда Жалағаш және Тереңөзек кенттеріне ортақ автомат­тандырылған газ тарату станциясы құрылысының жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар межелеген уақытта аяқталса, көгілдір отынды тұтынатын кез де алыс емес, – деді аудан басшысы брифингте.
Аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу бағытында біршама жұмыс атқарылған. Баспасөз-конференциясында бұл туралы өңір басшысы аудан көлемінде тіркелген қылмыстар былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 75,7 пайыз төмендегінін айтты.
Сонымен бірге осы жылдың қорытын­дысымен аудан әкімі аппаратына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 284 өтініш келіп түскен. Өтініш білдірушілер жер мәселесі, жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй беру, мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салалары бойынша жүгінген.
Баспасөз-конференциясында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ауданда атқарылған жүйелі жұмыстарды баяндап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

04 желтоқсан 2019 ж. 301 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930