Жұмыстың жүйесін көргің келсе, Жалағашқа кел
Алашқа ана атанған Сыр өңірінің құт қонған өлкесінің бірі – Жалағаш ауданы. Бұл жер облыстағы Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін ынтымағы артқан, ырысы тасыған аудан ретінде де жұртшылыққа белгілі. Осы ретте өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, жыл басынан бері жасалған тындырымды тірлікті оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға, аудан экономикасын әртараптандыруға бағытталған басым жобаларды іске асыруға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізіліп, нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артты.
Жалпы, 2018 жылы (2017 жылмен салыстырғанда) өңдеу өнеркәсібі 105 пайыз, ауыз су 144 пайыз, электрмен жабдықтау 105 пайызға орындалған. Негізгі қорға тартылған инвестицияның бағалау көлемі 2018 жылы 9 млрд 824 млн теңгені құрап, салыстырмалы бағаммен алғанда 22,7 пайызға артқан.
Басқа өңірлерден өзіндік өрнегімен ерекшеленетін Жалағашта құрылыс жұмыстары да қарқын ала бастады. Мәдениет елді мекенінде 90 орындық балабақша ғимараты, 150 орындық клуб, аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, Мәдениет елді мекенінде спорттық кешен, Мырзабай ахун елді мекенінде ауыл әкімі аппараты ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ Еңбек елді мекенінде шағын маркет пен мейрамхана ашылып, халықтың қуанышын еселей түсті. Ал биыл аудандық аурухана мен М.Шәменов ауылында мектеп салынады деп күтілуде.
Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Егін шаруашылығында да алға ілгерілеушілік бар. Аудан диқандары рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдырып, қамбаны қазынаға толтыруда. Атап айтқанда, 2018 жылы 15 млрд 254 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Өткен жылы барлығы 36391 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім толық жиналды. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 22382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер немесе 126587 тонна өнім алынды. Сонымен қатар егілген 401 гектар жаздық бидай, 4559 гектар жаңа жоңышқа, 4456 гектар ескі жоңышқа, 641 гектар картоп, 1000 гектар бақша, 2200 гектар мақсары дақылдары толық жиналды. Аудан әкімдігінде өткен жиында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Қалниязов биыл 36 749 гектар алқапқа егiн егу межеленіп отырғанын мәлімдеген болатын. Бұл жұмыстар жүйелі жүріп жатқанын айта кеткен жөн.
Облыс әкімі 2018 жылдың басында облыс бойынша 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялауына байланысты кәсіпкерліктің дамуы алдыңғы қатарға қойылып, аудан бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1 млрд 207 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 155 млн теңге салық түсті. Сонымен бірге ауданда 2300 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын табуда. 2018 жылы мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 294 кәсіпкер 3 млрд 149 млн теңгеге қаржыландырылды. Атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктердің облыстық филиалдары арқылы 9 жоба 459,6 млн теңгеге қаржыландырылса, оның ішінен 5 жоба 90,4 млн теңгеге ішінара кепілдендірілді. Яғни, 5 кәсіпкерге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдеме жүргізілді. Ал, 2019 жылдың 1 тоқсанында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 11 кәсіпкер 256 млн теңгеге оң қорытынды алды.
Денсаулық, білім, мәдениет саласының жұмыстарында да ілгері өрлеуге бет бұрыс жасалуда. Білім беру сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді. ҰБТ қорытындысымен өткен жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Ауданның көрсеткіші 87,5 балды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,9 балға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ауданымыз облыста алдыңғы қатарда. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші бойынша да Жалағаш аудандар алдында екенін біз мақтанышпен айтамыз.
Мәдениет, спорт саласындағы қол жеткен жетістіктер де баршылық. Аудан орталығында бірқатар республикалық жарыстардың өтуі – өрелі де өнегелі істің нәтижесі.
Негізі денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық жағдайын қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Жаңадария, Бұқарбай батыр және аудандық емхананың шұғыл бөліміне жедел-жәрдем автокөліктері пайдалануға берілді. Сонымен қатар Бұқарбай батыр, Аққұм және Дәуімбай елді мекеніндегі дәрігерлік емханаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында медициналық нысандарды ел игілігіне беру жоспарланған.
Құт дарыған, кие қонған Жалағаш жерінде бұдан да бөлек қаншама жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлік саласы қарқын алып, құрылыс жүйесіне де қан жүгірді. Мұның барлығы нәтижелі тірлік пен берекелі бірліктің арқасы.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.