Жүйелі жұмыс өркендеуге жол ашады
Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен өткен жылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы тұрған міндеттерді пысықтау мақсатында аппарат мәжілісі өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Ынтымақты өлке, ырысты өңір саналатын Жалағашта өткен жылы толайым тірліктің атқарылғаны белгілі. Экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған жұмыстар үзіліссіз жүргізілді. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханованың айтуынша, 2018 жылы экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштері артқан. Ол өз сөзінде облыстың жергілікті атқарушы органдары меморандумында бекітілген түйінді нысаналы индикаторлардың орындалуы мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын кеңінен тарқатты. Баяндамашының сөзінше, атқарылған жұмыстар негізінен әлеуметтік саланы дамытуға әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындауға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ, аудан экономикасын дамытуға бағытталып отыр. Осыған дейін ҚР Үкіметі мен облыс әкімдігі арасында бекітілген 16 түйінді нысаналы индикатордың орындалуы жөнінде меморандум қабылданған болатын. Оның ішінде біздің ауданға қатысты 10 түйінді нысаналы индикатор жоспарланған еді. Нәтижесінде 10 индикатор бойынша оң динамика қалыптасты. Мұнан бөлек, ауданның 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасында бекітілген нысаналы индикаторларда да өсім байқалып отыр. Бірқатар салада алға жылжу байқалады.
Осы сынды мәліметтерді алға тартқан бөлім басшысы қаржы-салық мәселесіне тоқталды. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 8 млрд 482 млн теңгеге орындалды. Оның ішінде жергілікті кірістер 1 млрд 305 млн теңгені құраса, субвенция 5 млрд 121 млн теңге, ал, ағымдағы және даму трансферттері 1 млрд 794 млн теңге болған. Осының ішінде жергілікті кірістер болжамы 102,8 пайызға орындалды.
Мұнан соң аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Элмира Құттымбетова жұмыспен қамту саласы бойынша атқарылған жұмыстарды саралады. Сондай-ақ, мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы Бердібек Нұрмаханов мемлекеттік сатып алу заңдылықтарының орындалуы барысына тоқталды.
Сыр маржанының үштен бір бөлігіне жуығын өндіретін Жалағаш негізінен ауылшаруашылықты аудан екені белгілі. Бұл салада атқарылған жұмыс аз емес. Аудан әкімінің орынбасары Алтынбек Дәрібаев ауылшаруашылығы, ветеринария, құрылыс, ауыз су, автомобиль жолдары мен электр желілерін жаңғырту бойынша жасалған жүйелі жұмыстарды хабарламасына негіз етті.
Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді. Егін шаруашылығында да алға ілгерілеушілік бар. Аудан диқандары рекордтық өнім алуды дәстүрге айналдырып, қамбаны қазынаға толтыруда.
Өткен жылы барлығы 36391 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өнім толық жиналды. Ауа райының қолайсыздығына, судың тапшылығына қарамастан диқандар ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, 22382 гектар күріштің әр гектарынан 56,6 центнер немесе 126587 тонна өнім алынды. Сонымен қатар, егілген 401 гектар жаздық бидай, 4559 гектар жаңа жоңышқа, 4456 гектар ескі жоңышқа, 641 гектар картоп, 1000 гектар бақша, 2200 гектар мақсары дақылдары толық жиналды.
Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі 105 пайыз, ауыз су 144 пайыз, электрмен жабдықтау 105 пайызға орындалған. Басқа өңірлерден өзіндік өрнегімен ерекшеленетін Жалағашта құрылыс жұмыстары да қарқын ала бастады. Мәдениет елді мекенінде 90 орындық балабақша ғимараты, 150 орындық клуб, аудандық ішкі істер бөлімі ғимараты, Мәдениет елді мекенінде спорттық кешен, Мырзабай ахун елді мекенінде ауыл әкімі аппараты ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, Еңбек елді мекенінде шағын маркет пен мейрамхана ашылып, халықтың қуанышын еселей түсті.
Денсаулық, білім, мәдениет, спорт, ішкі саясат саласының жұмыстарында да ілгері өрлеуге бетбұрыс жасалуда. Мәжілісте хабарлама жасаған аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов осы салалардағы жұмыстарды тілге тиек етті.
Жалпы, білім беру сапасы жылдан-жылға жоғарылап келеді. ҰБТ қорытындысымен өткен жылы облыс бойынша аудандар арасында бірінші орынды иеленді. Ауданның көрсеткіші 87,5 балды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,9 балға өскен. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша ауданымыз облыста алдыңғы қатарда. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылардың мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсу көрсеткіші бойынша да Жалағаш аудандар алдында екенін біз мақтанышпен айтамыз.
Мәдениет, спорт саласындағы қол жеткен жетістіктер де баршылық. Аудан орталығында бірқатар республикалық жарыстардың өтуі – өрелі де өнегелі істің нәтижесі. Спорттағы жетістіктер де жаман емес. Серпіліс бар екенін айта кеткен жөн. Діни ахуал да тұрақты. Жалпы, ырысты өлкеде жас буынға өнеге берерлік тәрбиелік мәні бар шаралар көптеп атқарылуда. Бұған дәлел ретінде саналы ғұмырын мемлекетіміздің өркендеуіне, туған жеріміздің көркеюіне арнаған тұлғаларды дәріптеу мақсатында мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргеновтің – 120, Ілияс Қабыловтың – 115, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың – 90 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде өткізілгенін атап өтуге болады. Мерейтойлар аясында кенттегі «Жеңіс паркі» қайта жаңғыртылып, «Тағзым» аллеясы болып атауы өзгертілді. «Тағзым» аллеясына мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің, Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановтың бюсттерімен қатар, 1930 жылдардағы әміршілдік жүйеге қарсы бағытталған Қарақұм көтерілісіне арналған монумент-ескерткіш және Невада-Семей, Ауған соғысы, Чернобыль техногенді апатының салдарын жоюға қатысқандарға арналған белгі қойылды. Жалағаш кентіндегі Дәуімбай елді мекеніне қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби философ Ілияс Қабыловтың ескерткіші орнатылды. Мерейтой аясында республикалық ақындар айтысы, ғылыми-тәжірибелік конференция, қазақ күресі, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өткізілді. Сонымен қатар, ауданымызда «Жаңғыру жолындағы Жалағаш жастары» атты жастар форумы, «Ана – қоғамның ұйытқысы» атты ІІІ аудандық әйелдер форумы, облыстық ауыл жастарының слеті, Еңбек ауылдық округіндегі «Батыр Аналар» ансамбілінің 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара және тағы басқа көптеген ауқымды шаралар өткізілді.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары қарқын алуда. Мемлекеттік бағдарламалармен несие алған азаматтар өз жобаларын жүзеге асыру жолында аянып жатқан жоқ. Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет жасаған хабарламасында осы сынды мәселелерге тоқталды.
Аймақ басшысы 2018 жылдың басында облыс бойынша 2018-2020 жылдарды жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы деп жариялауына байланысты кәсіпкерліктің дамуы алдыңғы қатарға қойылып, аудан бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның кәсіпкерлік саласында 1 млрд 207 млн теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 155 млн теңге салық түсті. Былтыр ауданда жалпы құны 690 миллионға жуық қаржыны құрайтын 8 жоба жүзеге асып, соның аясында 84 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Атап айтсақ, «Манақ Баба» фермер қожалығының оазистік суару жобасы, «Ер Әлі» шаруа қожалығының астық сақтау және техникаға қызмет көрсету орталығы, «Нұр» шаруа қожалығының күріш ақтау цехы, жеке кәсіпкерлер Н.Серікұлы мен Е.Ақышевтың сүт қабылдау және өңдеу пункті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, Ш.Искаковтың тойхана және шағын маркет жобасы, «Таң ЛТД» ЖШС-ның күріш ақтау зауыты, «СержанГазСтрой» ЖШС-ның темір бұйымдарды және тұрмысқа қажетті заттарды дайындау цехы пайдалануға беріліпті.
Аппарат мәжілісінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағытында атқарылған жұмыстар да назардан тыс қалмады. Бұл жайында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жұпар Баймаханова айтып өтті.
Жиынды соңында аудан әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, мәжілісті қорытындылады.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
М.АХМЕТОВ (сурет).