Айбарым да, айбыным да – азаттық
Тәуелсіздік – жаратқанның бізге берген ең қасиетті сыйы. Сол себепті де тәуелсіздікті барымызды сала қорғауға, қастерлеуге тиіспіз. Міне, биыл ата-бабаларымызға арман болған тәуелсіз мемлекет құрғанымызға 28 жыл толды. Осы жылдар ішінде еліміз экономикасы тұрақты дамып келе жатқан, саяси аренадағы орны нық, Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды. Биыл Қазақстанда үлкен саяси оқиға орын алып, Мемлекет басшысы болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті әрі Елбасы ретінде тарихта қалатын тұлға.
Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан күллі дүние жүзіне өзінің тәуелсіздігін жариялады. Сырт мемлекеттерден бірінші болып біздің егемендігімізді мойындаған Түркия елі болды. Бұл – бар қазақтың жүрегінде сақталатын тарихи оқиға.
Тәуелсіз мемлекет құрып, Қазақстан атын әлемге паш ете бастаған тұста дүние жүзінің түкпір-түкпірінде жүрген қазақтар да қуанды. Өйткені олардың тарихи Отандары, бабалар мұрасымен үндесіп жатқан атамекендері – Қазақстан еді. Егемен елдің ертеңі бүгінгі жасаған ісімізден көрінетінін естен шығаруға болмайды. Ертеңгі ұрпақ Отанын қорғай алатын, туған елі мен жері үшін жанын пида ететіндей азамат болсын десек, оларға бүгіннен бастап өзіміз мұрындық болуымыз шарт.
Тәуелсіз Қазақстанның экономикасы тұрақты, айбаты да осыған сай болуы тиіс. Жерімізде көптеген пайдалы қазбалардың ошақтары бар. Басқасын айтпағанның өзінде көмір, уран, мұнай өндірісі бойынша әлемде алдыңғы қатарлы мемлекеттердің санатынан табыламыз. Бұл да болса, пейілі кең қазаққа құдайдың берген нәсібі болар.
Төрткүл дүние көз тіккен айтулы шара – ЭКСПО-ны өткізген Қазақстан рухани жаңғыруға ден қойған ел ретінде өзін әлемге мойындатып үлгерді. Тәуелсіздік алғалы бері ширек ғасыр ішінде мемлекетіміз адам танымастай өзгерді. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылды. Посткеңестік мемлекеттер арасында да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ұзақ мерзімді стратегиялық бағдарламаның арқасында бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің санатына кірді. Осы жылдар ішінде еліміз жүріп өткен жол әлем назарынан тыс қалған емес. Тіпті елдік пен бірлікті бас бағыт еткен мемлекетіміз туралы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де өз пікірлерін білдірді. Бұл – елімізді әлем жұртшылығы таниды, мойындайды деген сөз. Мәселен, Испанияның бұрынғы Премьер-министрі Хосе Луис Сапатеро елімізді экономикалық әлеуеті жөнінен Орталық Азиядағы аймақтық көшбасшы мемлекет екенін атап өтеді. Францияның бұрынғы президенті Жак Ширак «Егемендікке қол жеткізгеннен бастап, Қазақстанның даму жолында көптеген кедергілер тұрды. Бірақ мемлекет, Үкімет ол кедергілерге төтеп бере алды. Бүгінде Қазақстанның дүниеге берері де, алары да мол. Бейбіт саясат ұстанған Қазақстан көптеген ғаламдық шиеленіскен мәселелердің шешімін табуда үлкен рөл атқаруда» деп пікір білдірген.
Тәуелсіздік алғалы бері елімізде сан мыңдаған тарихи оқиғалар орын алуда. Әлеуеті жағынан әлемдегі 4-ші арсенал саналатын ядролық қарудан бас тартып, Семей сынақ полигоны жабылды. Дүние жүзінің санаулы ғана мемлекеттерінде бар ғарыш айлағы – Байқоңыр бізде орналасқан. Оның тарихы, қалыптасуы, дамуы түгел кеңестік кезеңде жүрді. Адамзат баласының алғашқы ғарышкері де осы жерден аспан әлеміне сапар шекті. Тәуелсіздік алып, егемендік еншілегеннен кейін өзімізден шыққан ұшқышты ғарышқа ұшыру бақыты да туды. Бұл абыройлы міндет Тоқтар Әубәкіровке тапсырылды. Сөйтіп Тоқтар Әубәкіров қазақтан шыққан алғашқы ғарышкер атанды. Елбасының мұрындық болуымен ТМД, Кеден одағы, ШЫҰ, Еуразиялық одақтар құрылды. Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыс жасап тұр.
Осы күнге дейін титтей де бір жетістікке қол жеткізсек, соның барлығы егемендіктің арқасы деп білеміз. Өйткені тәуелсіздік біздің басымыздағы бағымыз ғана емес, сондай-ақ қызғыштай қорғайтын алтын тәжіміз болып қала береді.
Ерлан СОЗАҚБАЕВ