ЕЛІМНІҢ АЙБЫНЫ МЕН АЙБАРЫ
Егемендікті еншілеген алғашқы жылдары Елбасы Жарлығымен айбынымызды асқақтататын, тәуелсіз елімізге қорған болатын Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Тәуелсіздік алғалы бергі уақытта еліміз өзін әлемге экономикасы қарыштап дамып отырған, саяси аренадағы орны нық, өзіндік ұстанымы бар демократиялы мемлекет ретінде танытып келеді. Ал әскеріміз егемендігіміздің тірегі ғана болмай, елдігіміздің айғағы болатындай мәртебеге жетті.
Ат жалын тартып мінген азамат үшін Отан қорғаудан қасиетті міндет жоқ. Қастерлі тудың түбінде тұрып, ант беріп, аманат арқалаған азаматтарымыз ел сенімін ақтап, тәуелсіз ел шекарасын кірпік қақпай күзетіп келеді.
Халық даналығында «Отаны бірдің тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» деген қанатты сөз бар. Елімізді мекен етіп, осы дархан даладан бақыт тапқан барша ұлттың жалғыз-ақ тілегі бар. Ол – Отанымыздың амандығы, тәу етер тәуелсіздігіміздің тұғырлылығы мен еліміздің тұтастығы. Шынында да, адамзат баласы үшін ата-анасымен, отбасымен тең тұратын ең қымбат құндылық – Отан. Елін сүйетін әрбір азамат үшін бұл сөз ең қастерлі ұғымдардың бірі болуы тиіс. Жұртымызды бір шаңырақтың астына біріктіріп, Қазақ елі деп аталатын қастерлі ұғымға ұйытып отырған ұлы ұғым да – осы Отан. Ал оны қорғау, оған қызмет ету әрбір Қазақстан азаматының ардақты борышы, перзенттік парызы.
Төрткүл дүние көз тіккен айтулы шара – ЭКСПО-ны өткізген Қазақстан рухани жаңғыруға ден қойған ел ретінде өзін әлемге мойындатып үлгерді. Тәуелсіздік алғалы бері мемлекетіміз адам танымастай өзгерді. Орталық Азиядағы көшбасшы ел ретінде танылды. Пост кеңестік мемлекеттер арасында да алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ұзақмерзімді стратегиялық бағдарламаның арқасында бәсекеге қабілетті елу мемлекеттің санатына кірді. Осы жылдар ішінде еліміз жүріп өткен жол әлем назарынан тыс қалған емес. Шетелдік ақпарат құралдарында Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде айтылады. Отанымыз өркендеген сайын сол жетістіктерді қорғаудың өзектілігі де күн сайын арта түсуде. Сондықтан ата-бабаларымыз аманат еткен атамекенімізді, туған Отанымызды көзіміздің қарашығындай қорғау – мен Қазақстанның азаматымын деген әрбір адамның қасиетті борышы.
Бүгінде Қазақстан әскерінің қуаты жыл санап артуда. Қарулы Күштер қажетті техникамен жабдықталып, сарбаздарды дайындауда озық әдістер мен тәсілдер енгізілуде. Мемлекет Отан қорғаушыларды барынша қолдап, қамқорлық көрсетіп келеді. Әскердің тәртібі қатаң екені рас. Бірақ бұл ауыр болса да, аса абыройлы Отан қорғау міндетінің жүгі. Сондықтан дені сау, Отанын қорғауға қабілетті әр азамат әскер қатарында болуы тиіс. Өйткені еліміздің Қарулы Күштері – егемендігіміздің берік қалқаны. Бір сөзбен айтқанда, әскер – мемлекет тәуелсіздігінің, Қазақстандағы әрбір шаңырақтың тыныштығы мен алаңсыз өмірінің кепілі.
Сондықтан да Отан қорғаушылар күнін батырлық пен ерліктің, шыдамдылық пен төзімділіктің мерекесі деп атар едім. Ержүрек ерлеміздің мерекесі мемлекетімізге әрдайым қуаныш пен бейбіт күн әкелсін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын деген ізгі тілекпен сөзімізді түйіндейміз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.