ЖАДЫМДА ТҰР ЖЕЛТОҚСАННЫҢ ЫЗҒАРЫ
«Орталық алаңға біздер «Әр ұлттың өз қолбасшысы болсын» деген плакат ұстап шықтық. Өйткені бізді халықтың тағдыры алаңдатты. Жастық жігер, күш-қайратымызды бойымызға жиып, намысты қолдан бермедік. Екі жақтап қыспаққа алған әскерилерге қарсы тұрдық. Ешкім ешкімді аямады. Бұл күннің ызғары әлі де жадымда тұр». 86-ның қанды қырғынын осылай еске алған желтоқсан оқиғасының куәгері Жанғабыл Ибраев ауыр күрсінді.
Жанғабыл ағамыз сол жылы Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтының ІІ курсында оқыған. Тарихтағы ең ауыр оқиғаны еске алған ағамыз шамамен 15-ші Желтоқсан күні кешкісін Қазақ Компартиясы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнынан кеткенін естідік дейді. Ол кісінің айтуынша, бұл жағдайды жатақханада бірге жататын өздерінен жоғары курстың жігіттері жеткізген. «Ертең алаңға шеруге шығамыз. Плакат жазып дайындалыңдар. Бұл әділетсіздік» дейді олар. Желтоқсанның 16-сы күні таңғы сағат 7.30-да билікке талаптары жазылған плакаттарымен алаңға барған. «Әр ұлттың өз көсемі болсын» деген талаптарын желеу етіп, бірнеше көшені аралап, шерулетіп, алаңға түс қайта оралған. Бұл кезде шеруге шыққан мыңға жуық жастың саны он мыңға жеткен. Ал олар келгенде орталық алаңға он бес мыңдай адам жиналған. Жастарды әскери курсанттар қоршап алып, «Халықпен санассын, әр ұлттың өз көсемі сайлансын» деген талаптарына құлақ аспапты. Сол күні кеш қарайғанда курсанттардың орнына бастарына каска киген, қолдарына қалған мен резеңке шоқпар ұстаған солдаттар келген. Толық жасақталған солдаттарды көрген жас жігіттер одан әрі ызаға булығып, күш көрсетпекші болғандарына қарамастан алаңда қайсарлық танытқан. Қақтығыс орын алып, жастары небәрі 16-21-дегі қыз-жігіттерді ұрып-соғып қатігездік көрсеткен. Оқиғаның куәгері ол кезде 21 жаста болдым дейді.
– Сол күні алаңнан түн жарымында қайттық. Жатақханаға келіп, киім ауыстырып, тамақтанып алған соң қайта алаңға бармақ болғанымызда мұғалімдер кедергі келтірді. Есіктерді жауып тастады. Біз бұған қарамастан балкондардан секіріп, алаңға оралдық. Бұл жолы жағдай қиындаған болатын. Көршілес мемлекеттерден шақырылған әскерилер алаңды түгелдей жауып тастаған. Түн ортасы болған соң күн өте суық. Ызғар. Осыны біліп, бізге алаңға әкелінген өрт сөндіретін машиналардан суық су шаша бастады. Ертесі күні алаңға кіруге мүмкіндік болмады. Көшеде жүрдік. Жендеттер қолына түскен жастарды тиеп алып кетіп жатты. Қыздарды да аяп жатқан жоқ. Көз алдымызда осындай жауыздықпен жолдастарымызды ұрып, сүйреп әкетіп жатқанда біз шыдай алмадық. Қолымызға түскен нәрсемен атқылап, қарсы күш жұмсап, араша түсіп, берілмеуге тырыстық. Алаң қанға боялды, өртенген машиналар, адамдарды оңды-солды тиеп алып кетіп жатқан жендеттер. Мұның бәрі халықты, әсіресе жастарды қатты ызаландырды, – дейді Жанғабыл Ибраев.
Желтоқсан оқиғасының куәгерінің сөзін тыңдап отырып, көз алдымызға қанды қырғынды, аяусыз соққыға жығылған, жүректерінде қайраты, көздерінде жалыны бар жастардың қалай қиналғаны елестеді. Еріксіз көзіне жас келіп, жүрегің езілетіні анық. Ағамыздың жоғарыда еске алғаны дәл осы күн оқиғаның қызған шағы болды. Кеуделерін намыс кернеген жастар ешқайда кетпеді. Алаңдағы қырғын саябырсығанмен жастарды қудалау ісі басталған. Жатақханаға оралғандардың барлығын оқиғаға қатысқан деп алып кетіп отырған. Алаңда түсірілген суреттерді қолдарына алған әскерилер сол суреттерді дәлел ретінде пайдаланып, көзге түскен жастарды іздестіре бастаған. Тіпті плакатты қолына шиыршықтап жинап тұрған жігіттерді арасына дубинка тығып тұрдың деп кінәлап, тергеу изоляторына тоғытқан. Киімдеріне қарап-ақ түрмеге жапқан. Жан-айқайларына құлақ аспаған. Алаңдағы әскерилердің қатігездігі, озбыр әрекеттері кешегі Қайрат, Ербол, Сәбира мен Ләззат бастаған қаншама жасты қыршынынан қиды.
Жастарды алаңға намыс алып шықты. Осылайша тәуелсіздікке алғаш қадам сол күндері жасалды. Жанғабыл ағамыз орталық алаңда алдыңғы шепте жүрсе де, қудалаудың құрбаны болмады.
Н.АЛМАСҚЫЗЫ