"ҚАРА БАУЫР ҚАСҚАЛДАҚ" қалай шықты?
"Желтоқсан оқиғасы" тәуелсіздіктің алауын жаққан ұлт-азаттық көтеріліс ретінде біздің жадымызда жаңғырып тұруы тиіс. Өйткені бұл біздің тарихымыз. Бір кездегі алып империяның құрамында болған өзге ұлттарды білмеймін, бірақ бізге тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. Қызыл империяның өктем де, озбыр саясаты ақыры қазақ халқының қалғып кеткен рухын қайта оятты. Ұлтымыздың алқымынан алған бодандық бұғауы кеңірдегін қылғындыра түскенде тұла бойына ғайыптан күш құйылып, сана саңлауына себезгі сәуле түсіп бұлқына бастады. Бұл – елінің амандығы, жерінің бүтіндігі үшін кеудесін оққа тосып, басын құрбандыққа берген кешегі батыр бабалардың алдаспандай атой салған мұқалмас рухы еді.
1986 жылы желтоқсан айының басында-ақ Алматы қаласының көшелерінде толқулар басталды. Әр көшеде, әсіресе орталық алаңында топ-топ адамдар шоғыры көзге шалынды. Бұл Қазақстан басшылығына Г.В. Колбинді әкелуге қарсылық білдірген студент жастар еді. Алаңға шыққан қазақ жастары "Қазақстанды тек қазақ басқаруы керек", "Біз өз елімізде өгей баланың күйін кешуге тиісті емеспіз" деген ұранды талаптармен тоталитарлық жүйеге жалаң қолмен қарсы шықты. Желтоқсанның ақ түтек боранына да қарамай, ақ қар, көк мұздың үстінде иін тіресіп тұрып ұлт намысын қайрайтын патриоттық әндер шырқады. Алматының аспанында жаңғырған "Менің Қазақстаным" әні биліктің берекесін кетіріп, құтын қашырды және билік оларды бос сөзбен алдаусыратып тарқата алмайтынын білді. Көп ұзамай билік "маскүнемдер", "нашақорлар", "бұзақылар" деген желеумен алаңға шыққан жастарға күш қолдана бастады. Өрт сөндіргіш көліктерден өте жоғары қысыммен мұздай су шашты, улы газдармен тұншықтырды, төтенше жағдайлар үшін арнайы дайындалған әскери жасақтар қарусыз жастарды резеңке шоқпармен соққының астына алды. Мұздай қаруланған әскерилер қарсы тұрған жас жігіттерге аяушылық танытпады. Әсіресе керзі етік пен резеңке шоқпардан бет-аузы ісініп қанталап кеткен өрімдей қазақ қыздарының шашынан сүйреп, автокөліктерге тиеп алып, қаланың шетіндегі сайға саудыратып төгіп жатты. Бір үйдің үміт күтіп отырған қашама ұл-қыздары қыршынынан қиылды. Қаншама үйдің шырағы сөнді, оты өшті, ана зарлап, әке күңіреніп қалды. Иә бұл жантүршігерлік қанды оқиға басқа мемлекетте емес, өзіміздің елде орын алып еді...
Осы желтоқсан оқиғасынан соң қаншама азалы өлеңдер жазылды, сай-сүйегіңді сырқырататын қаншама зарлы әндер шықты. Өлеңнің мәтінінің өзі өте ауыр, қанға малынып тұр еді. Әннің сазындағы қайғының жүз батпан салмағы ше, омыртқаңды опырып, қабырғаңды қақырата сөгіп, көмекейіңнен шығып үлгергенше өзегіңді өртеп жіберетіндей әсерге ие еді. Сол оқиғаны суреттеген туындылардың бірі сазгер Әбиірбек Тінәлиевтің "Желтоқсан желі" деген әні болатын. Бұл әнді білмейтін қазақ жоқ шығар. Әлі күнге дейін шырқалып келеді.
"Тоңдырды мені, тоңдырды сені
Желтоқсан желі ызғарлы.
Солдырды гүлді, оңдырды нұрды
Көңілде мұңлы із қалды", – деген бір шумақ қайырмасының өзі оң жақ кеудеңді солқ еткізгенде, алаңдағы қанды оқиға көлбеңдеп көз алдыңа келе қалады.
"Желтоқсан оқиғасын" еске түсіретін тағы бір тағдырлы ән бар. Бұл ән қанды оқиғадан тура бір жылдан соң шыққан. Бірақ бір қызығы, бұл әннің мән-маңызын көпке дейін көпшілік түсінбей жүрді. Сондықтан да кешеге дейін "Қара бауыр қасқалдақ" әні тойларда қойылып, ол әннің ырғағына қуаныштың қызуына елітіп алғандар құтырына билеп келді. Нақтырақ айтсақ, ән мәтінінің авторы қазақтың белгілі ақыны Есенғали Раушанов. Әнді дүниеге әкелген сазгер Лесбек Аманов. Өлең әннен бұрын жазылған. Сондықтан ән мәтінінің шығу тарихын әлі күнге дейін тыңдарман сан-саққа жүгіртіп келеді. Оған себеп те бар, Есенғали Раушанов қазақ ақындарының ішінде құстар тақырыбына ең көп қалам тартқан ақын. Оның "Құстар – біздің досымыз" деген кітабы да жарық көрген. Яғни қазақ даласын мекен ететін құстардың өзіне бір кітап арнаған. Сондықтан бұл өлеңнің астарында қаншалықты саяси сипат барын автордан басқа әлі ешкім дөп басып айта алмайды. Ал сазгер Лесбек Аманов ән тарихы жайында бір басылымға берген сұқбатында:
«Әннiң мәтiнiн жазған белгiлi ақын Есенғали Раушанов. “Жұлдыз” журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзiме оттай басылды.
“Қара бауыр қасқалдақ,
Қайда ұштың пыр-пырлап?
Сазың қалды сәбидiң
Еңбегiндей былқылдап.
...Ұя қалса иесiз,
Айдын үшiн сол қайғы.
Қаңғып келген шүрегей,
Көлге пана болмайды”, – деп ойын астарлап жеткiзген өлеңде автор қасқалдақ деп – Қонаевты, ал Колбиндi қаңғып келген шүрегейге теңеп отырғанын бiрден түсiндiм. Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл – 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын», – дейді.
Ал бұл әннің алғашқы нұсқасын орындаушы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Әбдахметов өз сұхбатында:
"Бұл ән алғаш шыққанда тек қана екі шумақты ән болған. Әркім әр жерде сол нұсқаны орындап жүрді. Алматы қаласында, Сейфуллин көшесінің бойында «Жерұйық» деген мейрамхана болған. Ұлттық бағыттағы мейрамхана еді. Сол жерге біз тамақтануға баратынбыз. Мен ол кезде «Арқас» тобының құрамында едім. Мейрамхана болған соң ән шырқалады ғой. Сол әндердің қатарында «Қара бауыр қасқалдақ» әні де айтылатын. Оған мейрамханада отырған жастарымыз билейтін. Бұл жерде көбіне қазақтың спортшы жігіттері, түрлі топтың белсенділері жүретін. Сол жігіттер де осы әнге билейтін. Алайда осы ән қойылған сайын менің жүрегім ауыратын...
Алматыдағы мықты жігіттердің ішінде Сабыржан деген жігіт бар еді. Нағыз ұлтын сүйген азамат болатын. Сол замандарда қазақ қызы көшеде басқа ұлт өкілімен қолтықтасып кетіп бара жатса, ерінбей көлігінен түсіп, әлгі қызға да, жігітке де ақыл айтатын әдеті бар-тын. Наурыз мейрамын жалпыхалықтық мереке ретінде тұңғыш рет тойлаған жылы Сабыржан мені, композитор Марат Омаровты және ақын, журналист Мұхтар Бөпетаевты өз ауылына апарды. Алматыға қайтар жолда Мұхтар маған «Бөке, «Қасқалдаққа» бір сөз жаздым. Мына шумақтарын қалдыра отырып, жаңа шумақтар қоссақ айта аласыз ба, қорықпайсыз ба?», – деді. Өзі маған әнді домбырамен орындап берді. Әннің сөзі бірден ұнады. «Айтамын» деп уәде бердім. Жалпы бұл әннің авторы Лесбек Аманов, сөзінің бірінші шумағы Есенғали Раушановтікі, Мұхтар Бөпетаев 2,3,4 шумақтарының авторы. Бірақ ол мәтіннің де бір жерін ауыстыруға мәжбүр болдым. Оның өзі телевидениеге өтпейтін болғандықтан. «Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы. Қаңғып келген Колбиндер, елге пана болмайды» деп келетін. Ішінде "Қонаев", "Колбин" деген сөздер болатын. 1991 жылы Қазақ телеарнасы мен жайлы деректі фильм шығармақ болды. Ресейде «Август ПУТЧ-і» болып жатқан кез еді. Мені түсіргелі жатқан бағдарламаның бас режиссері, әрі бас редакторы Хадиша Сейітқұлова апамыз «Болатжан, аумалы-төкпелі заман болып тұр. Ресейде төңкеріс болып жатыр. Ертең осы сөздер үшін тағдырың түбегейлі өзгереді. Тым болмаса Қонаев пен Колбин жайлы жолдарыңды өзгерт», – деп кеңесін берді. Содан студияға барып адам аттары аталатын жолын өзгертіп, қайта жаздым. Сол бағдарлама арқылы бұл әнді Қазақстаннан бөлек, Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз тыңдады. Біреулер «Бұл әнді әуелі Болат Құсайынов орындаған еді ғой» деп айтып жатады. Мен оған таласпаймын да. Бірақ, ол орындаған нұсқа бағана сөз басында айтқан билейтін ән еді...
Хадиша Сейітқұлова апамыздың айтқаны расымен де алдымнан шықты. Мен сол әнге дейін қазақтар арасында Юра Шатунов секілді танымал болған едім. Той-томалақтардан, концерттерден қолым босамайтын. Аталған әнді басқаша нұсқада орындағаннан кейін менің жолым жабыла бастады. Концерттерге шақырту алмай қалдым. Жалпы аталған әннің екінші нұсқасы менің өнердегі жолымды жүйелі түрде жапты деп айта аламын. Әлі күнге шақырту алмайтындығым да соның себебі шығар..." – дейді.
Иә, қалай десек те "Қара бауыр қасқалдақ" әнінен "Желтоқсанның" ызғары сезіліп тұрады. Бұл әнде халқымыздың аумалы-төкпелі тарихи кезеңде басынан кешкен өкініші, мұңы, қайғысы, қуанышы бар...
Қуат АХЕТОВ