» » Ұлтым деген ұлдың бірі

Ұлтым деген ұлдың бірі


Өткен ғасырда қазақ басынан өткерген сұрапыл жылдарда 125 журналист саяси қуғын-сүргінге ұшырағандығы туралы дерек дәлелденіп, олардың есімдері анықталған болатын. Сол тізімнің алдыңғы легінде ұлт азаттығы үшін күрескен атақты қайраткерлер – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Санжар Асфендияров, Смағұл Сәдуақасов, Ораз Жандосов, Жанайдар Сәдуақасов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Қоңырқожа Қожықов, Құдайберген Жұбанов секілді белгілі азаматтар тұр. Кеңес Үкіметінің солақай саясаты салдарынан атылған, қала берді аштыққа ұшыраған қазақтың санын миллиондап санауға болады. Арыстарымызды атты, халықтың жауы жасады қолдан. 100 мыңнан астам адам қудаланып, соның 25 мыңнан астамы атылған. Міне, сондай ұлт үшін жанын қиған ұлы тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай.
Қуғын-сүргін құрбандарын саусақпен санай алмайсың, тізімдесең тізімің де түгесіледі. Себебі, қазақияның қай қиырына барсаң да қанға бөккен бабалардың бейіттеріне кезігесің. Қазаққа қырғидай тиген қызыл империя миллиондаған адамның жанын алды. Дәуірінің тықсырғанына пысқырмай елім деп еңіреп етегі жасқа толған талай ерді айдауға жіберіп, қара күйе жақты. Ұлтым дегеннің кеңірдегін қиып, Алаш арыстарын оқтың өтіне қойған қызыл империяның қылышы қиып түсті қыршындарды. Атты, асты қалағанын жасады қазағым дегендерге. Сол репрессия құрбандарын еске алар 31-мамыр қаралы күн деп, баба рухына тағзым етуді естен шығармадық. Өйткені, олар ұмытылмас ерлік жасағандар. Ұлт азаттығын көксеген Түркі әлемінің көсемі, қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Мұстафа Шоқай бабамыздың ескерткіші бүгінде Шиелі кентіндегі орталық алаңның қақ ортасынан ойып орын алып тұр. 
М.Шоқайдың 1886 жылы 7 қаңтарда Сыр бойында Сұлутөбе секілді ауылда, кірпіштен салған қазақы үйде дүниеге келіп, саясаттың биік тұғырына көтерілуі көбіміз үшін таңғаларлық жағдай. Бала күнінен қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өседі. Осылайша, он төртке толар-толмас жасөспірім бала, бейшараның көзіндегі жасты сүртіп, әділеттің ауылын нұсқауға жарап қалады. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктерді танып біле бастайды. Түркістан халқының қамында бір қасиет пен кесапатты өмірге тоқиды. Өмірден осы кезде алған екінші сабағы – орыс өктемдігі болатын. Сол сәттен өмірі азаттық үшін күреске айналады. Тіптен, әлемге аты мәлім қоғам қайраткері, саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын қайыспай көтерген, әділет пен адалдықтың жолын нұсқаған Мұстафа Шоқай сол кездегі солақай саясаттың кесірінен өмірінің соңғы жылдарын туған жерінен жырақта өткізеді.
Мұстафа Шоқай Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған ұлтшылдық идеясына түсініктеме бере келіп, былай дейді: «Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді». Сондай-ақ, осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін айта кетсек артық болмас. Ұлтым деген ұлға «халық жауы» деген ауыр айыпты артып, ұлтшыл рухты сындырмақ болған солақай саясатты тағынан тайдырған да сол өр рух пен ұлтшылдық емес пе? 

Г.ДҮЙСЕБАЙ.
https://osken-onir.kz
06 маусым 2018 ж. 923 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930