» » Қызыл айдаһардың басы кесілген күн

Қызыл айдаһардың басы кесілген күн

Қазақ халқының егемендігін еншілеп, өз алдына дербес мемлекет құрып, тәуелсіз елге айналамын дегенше бастан небір зұлматты өткізгені тарихтан белгілі. Қара жерге тіл бітсе талай шындықты айтары ақиқат. Адам баласы қанша жасырғанмен кәрі тарих ақтаңдақтар таза болғанды қалайтыны сөзсіз.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманында Қожабер­ген жыраудың «Елім-ай» жыры жаудың қолынан қырылған, өз жерінде өзгеге таланған халықтың жай-күйін көз алдымызға айна­қатесіз елестетеді. Жан-жақ­тан қаумалаған жау, кең-байтақ жері­мізге көз тігіп, аюдай айбатты, айдаһардай қаһарлы көршілер, етекте жағаласып жатқан Қоқан, Хиуа шапқыншылары, одан қалды әлсін-әлсін шабуыл жасап тұрған ойраттар мен қалмақтар, жоңғарлар елді әбден титықтатып жібереді. Елім деп бас көтерген Махамбеттей ерлерді өз ішімізге сыйдырмай өз қолымызбен кел­меске жіберіп, “бауырым” деп жүр­­ген алты алаштың бір тар­мағы Кенесары ханның басын орыс патшасына сыйға тартты. Бас­қа­сын былай қойғанда, сырттан со­ғысатын жау жоқтай үш жүзге бө­лініп алып өзіміз бен өзіміз қыр­қысып мына қалың қазақты әб­ден тығырыққа тіредік.
Кеңес үкіметі орнағанша «Ұлт-азаттық көтеріліс», «Азаматтық соғыс», «Ақпан», «Қазан» төңке­рістері сынды қанды қырғын­дар, орнағаннан кейін де «шаш ал десе, бас алатын» шолақ белсен­ділер қан қақсатқан жоқ па елімізді? Ел басына күн туғанда, елдік пен ерлік мәселесі қатар қойылғанда қазақтың ержүрек перзенттері қайсарлығынан танбай «малым жанымның, жаным арымның садағасы» дейтін бабалар жолын жалғастыра білді. Ел оқыған­дары ендігі кезекте саяси күрес жүргізуден гөрі, рухани күрес жүргізуді жөн деп тапты, сол жолда барын сала жұмылды. XIX ғасырдың соңы XX ғасырдың басында тарих сахнасына қазақ­тың оқығандары шықты. Ат төбеліндей ғана ел оқығандары XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысында күшейген Сталиндік әміршіл-әкімшіл, тота­ри­тарлық жүйеге, қызыл империяға қарсы тұру үшін газет-жур­налдар мен білім саласын мей­лінше басып қалуға тырысып бақты.
Алаштықтардың мұндай әре­кетін көрген кеңестік үкімет қарап отыра алмады. Қазақстанды бас­қаруға Голощекинді жіберіп, соның қолымен біздің елде “Кіші Қазан” төңкерісін жасады. Алдымен, ғасырлар бойы көшпелі шаруамен айналысқан қазақтай ұлтты күштеп колхоздастырып ұжым­дастырды. Ұжымдастыру ба­­ры­сында «Асыра сілтеу бол­масын, аша тұяқ қалмасын» деген же­леумен күнкөрісі – баққан малы болған қазақтың малын тартып ала бастайды. Елді байлар мен кедейлер деген екі тапқа бөліп, бүтін бір ұлтты өзімен-өзін қыр­қыстырып қояды. Осының сал­дарынан мал-жанын аман сақтап қалу мақсатында толық бір ауылды қамтитын байлардың қоныс­тары шекара асып кетеді. Одан кейін 1932-33 жылдардағы аштық қолдап ұйымдастырылады. Бұл аштықтан қазақтың үштен бір бөлігі кемиді. Бүгінде аштықты көргендер ол күндерді еске алуға да қорқады.
Елді осылай қырып жатқандары аздай енді оқыған азаматтарға, көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларға ауыз сала бастайды. Қазақтың жарқын болашағын ойлаған Алаш орданың құрамында бол­ған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан сынды тағы да басқа арда азаматтарды бірінен соң бірін тұтқындап, ату жазасына бұйы­рады. Күллі шығыстың шоқ жұлдызы, шынайы күрескері Мұстафа Шоқайды шет ел асуға мәжбүрледі. Басқа да бас көтерерлік жандарды осы алаш­тықтарға қатысы бар деген желеумен немесе солардың шы­ғар­маларын оқығаны үшін өлімге қиып жатты. Өлімге кесілмегендерін айдауға жіберіп, олардың отбасыларына «Халық жауының» ұлы не қызы деп күн бермейді. Сөйтіп жүргенде «Ұлы Отан соғысы» басталады. Оған да Бауыржан, Қасым, Рақымжан Талғаттай қазақтың қаһарман ұлдары көптеп тартылды. Тағы да қазақтарды ажал аузына айдайды, ол аздай ауған соғысында да осы оқиға қайталанады.
Осы езгінің бәріне шыдап баққан қазаққа басқа нендей қорлауды, кемсітуді білмеген кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе ұзақ жылдар Қазақстанды бас­қарған Д.А.Қонаевты бір күнде ауыстырып, орнына Колбинді әкеліп қояды. Енді бұған қалай шыдасын, қайран қазағым?! Бас­қаның бәріне көнсе де, қазақтай бүтін бір ұлысты өзге ұлт өкілінің басқаруына жол бере алмады. Алматыдағы орталық алаңға сол кезде жастар көптеп жиналып, бейбіт шеру жасап өз ойларын білдіріп бақты. Бұл 1986 жылғы 16 желтоқсан болатын. Иә, тек өз ойларын ғана айтқан, бейбіт шеру жасап пікірлерін білдірмек болған жастарды мұздай қаруланған кеңестік әскерлер күшпен тарқат­пақ болады. Жастар жалаң қол­мен БТР-лерге қарсы шықты. Көз алдарында Сәбира мен Ләззат секілді жәудіреген қаракөз қыздарының шаштарынан тартып, желтоқсанның қаһарлы суығында мұз үстінде сүйрелеп бара жатқан бақайшағына дейін қаруланған қаныпезер әскерилерді көргенде бейбіт шеруге шыққан топтың ішіндегі ержүрек ұландар қарап қала алмады. Оққа қарсы кеудесін тоса құтқармаққа ұмтылды. Олар­дың ішінде желтоқсаншылар арасында алғашқы құрбан болған Ербол, «Еркек тоқты құрбандық» деген Қайрат сынды батырлар бар еді. Өздерін құрбандыққа шалып, тәуелсіздік жолындағы жүз­деген ұрыстарда қазақ үшін жандарын қиып кеткен бабалар ерлігін қайталады. Бірақ... Арты не болды? Отан... Атамекен... Қазақ... деп өмірлерін шүберекке түйген жастарды “маскүнем”, «нашақор» деп айыптап, сол кезде Желтоқсан оқиғасын бүлік­шілердің әрекетіндей ғана жағдайға теңейді.
Тарихи оқиғаның шын мә­ні­сінде өз бағасын алу үшін қа­зақ зиялылары күрес жүргізе бас­тайды. Кеңес үкіметі тарқамай тұрып Мәскеуде өткен съезде қазақтың қайсар ақыны Мұхтар Шаханов Желтоқсан оқиғасына оң баға беруін және сол кезде алып империяны басқарған М.Горбачевқа Қазақстанға сапа­рында қазақ халқынан кеші­рім сұрауды талап етеді, деге­ніне жетеді.
Қазақ халқы елдікке бастайтын қадам жасау керектігін ұғынып, тәуелсіздік алуға ұмтылады. Осы­лайша 1991 жылғы 16 желтоқ­санда әлем картасында тәуелсіз Қазақстан атты мемлекет пайда болды. Біздің егемендігімізді алғаш болып бауырлас Түркия мемле­кеті мойындайды. Бұл күнді «Қызыл айдаһардың басы кесілген күн» деп айтар едім. Менің бұл сөзіммен талай адам келісетін шығар. Кеңес үкіметі секілді алып империяны ұстанған саясатына қарай “Қызыл айдаһарға” теңеуден басқа амал қалмады. Бір жерден билеп-төстеуді көздеген аждаһа осылайша аузынан от шашқан, жалын атқан күйі рухы мықты, арманы асқақ халықты жұтамын деп өз басын өзі жұтып тынды. Кеңестік қызыл үкіметтің қол астында болған қазақтардың көрген қорлығын, қиындығы мен нәубетін санамалаудың өзі қор­қынышты. Күштеп ұжым­дас­­­ты­руды қоспағанда 1932-33 жыл­­дар­дағы аштық, 1936-37 жыл­дар­­дағы қырғын... Жә-жә, ары қарай айтуға жүрегім де шыдас берер емес.
Тарихи деректерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары 125 мың қазақ зиялысы қырылған. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 196 мың адам қару асынып, майданға аттанды. 700 мың адам еңбек армиясының сапында болды. Соғыстан тек 410 мың қазақстандық жауынгер ғана оралды. Осыншама нәубеттің ішіндегі ең сұмдығы – 1949 жылдан қазақ халқы атом полигондарының сынағына тасталды. XX ғасырда дүние жүзіндегі бір де бір ел қазақ көрген азапты көрген жоқ. Көрмей-ақ қойсын. Бүтін бір ұлттың жойылып кетуіне сәл-ақ қалған ХХ ғасырда өз алдына ел болып үлгерген тәуелсіз Қазақстан бү­гінде дамушы мемлекеттердің қата­­рындағы елдердің санатында. Өз әнұраны, елтаңбасы, туы, ше­карасы, әскері, астанасы бар Қазақ елі бүгінде дербес, әлем мойындаған тәуелсіз мемле­кет. Жаратқан Алламыз осы егемен­діктен айырмасын, әумин!

Азиз БАТЫРБЕКОВ

14 желтоқсан 2019 ж. 573 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930