АБЫЛАЙХАН КҮЙШІ БОЛҒАН БА?
Халық Абылайды үш жүздің баласы ақ киізге көтерген хан ретінде таниды.
Ол саналы ғұмырын қазақтың тәуелсіздігіне арнаған кемеңгер басшы ғана емес, сондай-ақ, талай қанды қырғында елге пана болған батыр, жауға қарсы қол бастаған қолбасшы.
Жаужүректігін даналықпен ұштастырған Абылайханның өз заманының дәулескер күйшісі екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ақселеу Сейдімбектей ғалым оны ХVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі ретінде атап өтеді. Оның күйлерін ең алғаш нотаға түсірген орыс ғалымы Затаевич: «Менің ойымша, «Абылайдың қара жорғасы» осы тектес күйлердің ішінде тәуірі деуге болады. Оған жау тұтқынынан босанған Абылайханның алып ұшқан көңіл-күйін, астындағы аттың желдей ескен жүрісін бейнелейтін осынау мамыражай күйдің сұлу суреті және бел буындағы әсем ырғағы жарқын айғақ бола алады», – деп пікір білдірген. Ал, Шоқан Уәлиханов: «Қазақтың аңыз-әңгімесінде Абылай ерекше бір аруақты даңққа бөленген. Олар үшін Абылай заманы – ерлік пен серілік заманы. Оның жорықтары, батырларының ерлік істері эпикалық жыр-шежіреге айналған. Сыбызғыда, қобызда тартылатын күйлердің басым көпшілігі оның заманы мен өмірінің қилы кезеңдеріне арналған» – дейді.
Мамандар Абылайханның күйлерін екі кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқы кезең жоңғар шапқыншылығы күшейіп тұрған кездегі өмірге арналған. Мұнда соғыс зардабы мен жеңіс салтанаттары, батырлардың ерен ерліктері көрініс тапқан. Екінші кезеңге жаудың беті қайтып, қазақ тұрмысы қайта жақсара бастаған шақта туған күйлерін жатқызуға болады.
Елдің мұңы мен қиындыққа толы тағдыры – Абылай күйлерінің өзекті арқауы. «Шаңды жорық» деген күй шапқыншылық кезде ержүрек Баян батырдың қаза табуына орай шығыпты. Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы жорыққа аттанғанда «Қоржынқақпай» күйі туған. Бұл күйді күйшілеріміз күні бүгінге дейін тартады. «Қара жорға» арқылы Абылай күйлерінің белгілі бір оқиғаға арналатыны байқалады. Мұндай ерекшелік «Садақ қақпай», «Майда жал»,«Алабайрақ»,«Бұлан жігіт» сияқты күйлерінен де аңғарылады. Оның «Ақ толқын»», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Сары бура» секілді өз дәуірін терең суреттейтін басқа да күйлері бар.
Әзиз Жұмаділдаұлы.