ЫНТА БОЛСА, ҚОЛДАУ БАР
Биыл Жалағаш ауданы үшін жетістікке толы жыл болды. Атқарылған жұмыстарды саралап, қай саланы алып қарасаңыз да ауданда ілгерілеушілік басым екеніне көз жеткізесіз. Кешегі Сыр салысынан тау тұрғызған Несіпбай Әпірезов пен Ұзақ Еспановтың ізбасарлары алтын күзде абыройымызды бір асқақтатса, білім саласы мен спорттық сайыстарда жастарымыз сенім үдесінен шығып келеді. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыру мақсатында өңір қазынасын еселеуге бағытталған жұмыстар да жемісін беріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалағаштық жұртымның жұмыла іс қылуының арқасында нәтижелі болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе кәсіпкерлікті дамытып, елді мекендердің әлеуетін арттыруға жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр.
Баяғыдай емес, қазір ауданнан шалғай жатқан ауыл тұрғындары да кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет ұсынған мүмкіндікті қалт жібергісі жоқ. Нәтижесінде кәсіпкерлік нысандардың да қатары артып келеді. Жалағашта биыл алғашқы он айда 2397 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелді. Қазіргі таңда оның 90 пайызға жуығы жұмыс жасап тұр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырсақ, бұл көрсеткіштің 2,3 пайызға артқанын аңғарамыз.
Аталған салада мұндай өсімнің қалыптасуына не себеп? Бұл сауалдың жауабын толық түсіндіру үшін алдымен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардан аттап кете алмаймыз. Іскер азаматтарды қолдау Елбасының бірде-бір Жолдауынан тыс қалған тақырып емес. Қазір жергілікті тұрғындар кәсіп бар жерде нәсіп қатар жүретінін жете түсінді. Кешегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында да осы салаға алдағы уақытта қолдау бола беретіні айтылды. Мемлекеттің қыруар қаржыны бүтін бір салаға бағыттауын ел қазынасын еселеуге негізделген ілкімді іс деп бағалауымыз керек. Себебі экономиканың күретамырына қан жүгіртетін негізгі саланың бірі һәм бірегейі – кәсіпкерлік.
Шыны керек, бұл бағдарламалардың қазіргі таңда халық игілігін көріп отыр. Бірінші кезекте бағдарламаны тиімді пайдаланған іскер азаматтар табысқа кенелсе, келесі кезекте өңірлерде жұмыссыздық мәселесі ауыздықталды. Яғни бір салаға бағытталған қыруар қаржы әлеуметтің әлеуетінің артуына да айтарлықтай сеп болды. Бір ғана Жалағаш ауданының өзінде жыл басынан қарашаға дейін мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 312 кәсіпкер 2 млрд 381,9 млн теңгемен қаржыландырылды. Бұл шағын аудан үшін үлкен қолдау екенін жақсы білеміз.
Мұнан бөлек Жалағашта қазынадағы қаржыны еселеуге тың серпін беретін ірі жобалар да жүзеге асуда. Олардың қатарында күн сәулесінен энергия өндіретін станциясы бар. Жалағаш кентінің шығыс жақ бөлігінде жаңартылған энергия көздерін өндіру мақсатында 30 мВт күн сәулесінен энергия өндіретін электр станциясын салу жұмыстары басталып кетті. Жобаның бастамашысы – «Nomad Solar» ЖШС. Аудан үшін тың бастаманы қолдау үшін кент аумағынан 164 гектар жер учаскесі табысталды. Жарқын жобаны Греция мемлекетінің «Метка» компаниясы жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны 19 млрд теңгені құрайды. Жаңа нысан іске қосылған күннен бастап 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жергілікті бюджетке жыл сайын 120 млн теңге салық түседі. Мұндай қаржы көзінің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына септігі тиері сөзсіз.
Мұнан бөлек жыл басынан бері 556,4 млн теңгені құрайтын 10 ірі жоба мемлекет тарапынан қаржылай қолдау тапты. Олардың қатарында жеке кәсіпкер Г.Исахановтың күріш ақтау және жем өндіру цехы, жеке кәсіпкер М.Көптілеуовтың химиялық тазалау орталығы, «Жер Ана» ШҚ-ның 50 бас МІҚ малына арналған сүт фермасы, «АгроЛидерТаң» ЖШС-ның мал сою және ет бумалау цехы, М.Ертуғанованың 50 адамдық қоғамдық моншасы, Б.Мырзағалиевтың техникалық қызмет көрсету орталығы, Ж.Қазыбайұлының қонақ үй және тамақтану кешені, Н.Ералиевтың балықты алғашқы өңдеу цехы, С.Халықтың құрылыс заттар дүкені, Д.Алпысовтың жылыжай кешені бар. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындардың барлығы жұмысын бастап кетті. Осынша кәсіпорынның іске қосылуының арқасында 71 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл – аудан үшін үлкен көрсеткіш. Мұнан бөлек «Сыздық» шаруа қожалығының тәулігіне 60 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауытын, жеке кәсіпкер Т.Жұмабекқызының 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңын, жеке кәсіпкер Д.Ержановтың тәулігіне 60 тонна қара күріш ақтау және жем өндіру цехы мен «Агрохимсервис-С» ЖШС-ның тыңайтқыштар және құрамында азот бар құрамаларды өндіру зауытын іске қосу алдағы күннің еншісінде. Бұл нысандар іске қосылса, тағы да бірнеше жаңа жұмыс орны ашылары сөзсіз.
Іс бастаймын деген жаннан мемлекет қолдауын аяп жатқан жоқ. Кәсіпкерліктің қай саласымен айналысамын десең де қазір көмек көп. Бастысы ынта керек. Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында шағын кәсіп көзімен айналысамын десең де үлкен жоспар қажеттігін айтқан болатын. Расында табысқа кенелуді көздеген жан бірінші кезекте әрбір жобаның мақсаты мен болашағына байыппен қараса, ол өзі үшін де кәсіпорын шоғырланған өңір халқы үшін де тиімді болмақ.