» » 28 адамды қызыл жалыннан құтқарды

28 адамды қызыл жалыннан құтқарды

20 желтоқсан күні түнгі 23:30 сағат шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне Бөкейхан көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерлердің бірінен өрт шығып жатқандығы туралы хабарлама түсті. 
Полиция қызметкерлері жедел қызметтерге хабарласып, дереу оқиға орнына жетті. Қою түтін арасынан жол тапқан полицейлер тұрғындарды құтқаруға шұғыл кіріседі. Жан-жағын жалын шарпыған үйден олар жалпы 28 адамды, оның ішінде 7 кәмелетке толмаған балаларды аман-есен сыртқа алып шықты. 
Сонымен қатар, өрт шыққан көпқабатты үйден полицейлер құтқарушылармен бірге жалпы 73 адамды эвакуациялады, арасында 20 бала бар. Біраз уақыттан кейін өртті сөндіріп, полицейлер мен құтқарушылардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында балалар мен ересектер қауіпсіз жерге шығарылды.Өрт шыққан үйден жалпы 15 газ баллон алынды. 
Орын алған өрт оқиғасының басынан түтіннен уланған 6 тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда мамандар өрттің шығу себебін анықтауда. 
Оқиға басына жалпы 40-қа жуық полиция қызметкері, 10 қызметтік автокөлік, 47 Төтенше жағдай қызметкерлері, жедел жәрдем қызметкерлері жұмылдырылды. Осылайша, құтқарушылардың келуін күтпей-ақ басын қатерге тіккен полиция қызметкерлері нағыз азаматтықтың үлгісін көрсетті. 

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

22 желтоқсан 2019 ж. 446 0