ХАЛЫҚТЫҚ ІСТЕР – ЕРІКТІЛЕРДІҢ ЕНШІСІНДЕ
Қазақтың жаратылысында қайырымдылық қасиет бар. Мұқтаж жандарға қол ұшын беруден алдына жан салмаған халқымыздың осы қасиеті қанынан әлі жоғалған жоқ. Қоғамдағы бір адамға ешқандай өтінішсіз, тапсырмасыз, бұйрықтан тыс өз еркіңмен көмектесу, жақсылық жасау, сол адамның ғана жағдайының оңалуына емес, тұтас мемлекеттің дамуын титтей болса да ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз. Әсіресе, бүгінде бұл істе өз азаматтық ұстанымдары қалыптасқан жастарымыз өте белсендік танытып келеді.
Мемлекет басшысы 2020 жылды – «Еріктілер жылы» деп жариялады. Мұндағы мақсат та сол: еліміздің өркендеуіне, көркейуіне, жеріміздің дамуына шын жаны ашитын патриот жастарды тәрбиелеу. 2016 жылы 22 желтоқсанда «Еріктілер қызметі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл заңдағы еріктілер қызметі жеке тұлғаларға, кәсіпорындар мен компанияларға әлеуметтік топтарға көмек көрсетуді, қоршаған ортаны қорғауды көздейді, сонымен бірге жастардың бойында азаматтық ұстаным қалыптастырып, оларға әлеуметтік жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған. Өз еркімен атқарылған әрбір істің, жан қалауымен жасалған жақсылықтың нәтижесі болады. Бүгінде ауданымыздың білім саласында волонтерлер тобы жасақталып, түрлі бағытта жұмыс істеп келеді. Атап айтсақ, аудан мектептерінен 355 оқушы еріктілер тобына тартылған.
Сәрсенбі күні З.Жарқынбаев атындағы №202 мектептің мәжіліс залында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев пен облыстық білім басқармасының тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Мәди Бекмағанбетовтің қатысуымен «Біз біргеміз, берік іргеміз» атты аудандық форум өтті.
Қанымызда бар қайырымдылық, қамқорлық секілді мінездерді қайта жандандыру арқылы елдігімізді нығайтатынымызды және бұл істің басынан жастардың табылуы көңілге қуаныш ұялататынын айтқан өңір басшысы ауданымыздағы еріктілер тобының атқарып келе жатқан жұмысына оң баға берді. Сонымен бірге еріктілер бас қосқан жиында мектеп оқушыларынан құралған еріктілер тобы «Таза әлем» жобасы бойынша тұрмыстық қалдықтарды жинау арқылы аймағымыздың санитарлық-тазалығына қосқан үлесін, «Қауіпсіз жол» акциясы аясында жас жол инспекторларының атқарған жұмыстары, «Саулық» бағыты бойынша денсаулық сақтау саласымен бірлесіп өткізген «Салауатты өмір салтын сақтайық» атты акциялардың нәтижелері, мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының арнайы ұйымдастырылған көрмелерде, қайырымдылық шараларында ерекше қамқорлықты қажет ететін оқушыларға тарту ретінде берілуі төтенше жағдайлар және орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп қауіпті аймақтарға белгілер ұйымдастырып, табиғатты қорғауға атсалысып жүрген еріктілердің жұмысын топ жетекшілері арнайы дайындалған бейнероликтер арқылы көрсетіп, бұл шаралардың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Форум соңын Қайратбек Әубәкірұлы мен Мәди Бауыржанұлы қорытындылап, белсенді жастарға сәттілік тіледі және волонтерлер жылының эстафетасын салтанатты түрде Жалағаш ауданынан Сырдария ауданына табыстады.