» » ЖАЛДАМАЛЫ ЖОҚТАУШЫЛАР НЕМЕСЕ ШІЛДЕХАНА ШЫРАҒЫ

ЖАЛДАМАЛЫ ЖОҚТАУШЫЛАР НЕМЕСЕ ШІЛДЕХАНА ШЫРАҒЫ

«Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең». Бұған өлең деп емес, өмір шындығы деп қарасақ, тіріге де, өліге де құрмет көрсеткен бұрынғы қазақтың таным-түсінігінің терең болғанына тағы бір мәрте көз жеткізесің. Адамзат баласының биологиялық жаралуы жақындарының жүрегін жарардай қуантса, жоғалуы қайғыдан қабырғасын қайыстырады. Бірақ оны біз тіршіліктің заңдылығы деп қабылдаймыз. Өмірдің өткінші, жарық дүниенің жалған екеніне көзі жетіп және оған қылар ешқандай амалы болмаған соң халқымызда дүниеге келген адамды өлеңмен қарсы алып, дүниеден өтерде де өлеңмен шығарып салу дәстүрі қалыптасты.

«Қой егіз туса, бір түп жусанның басы айыр шы­ғады». Бұны да басқа емес, тәуекелшіл, тәу­бе­шіл біздің бабаларымыз айтып кетіпті. Дү­ниеге келген әр баланың несібесі Тәңірден болады деп сен­ген бұрынғы қазақтың шаңырағында жыл ай­нал­ған сайын сәбидің іңгәсі естіліп тұрыпты. Өздері жиылмалы ағаш үйде тұрып, түйенің қомы, жылқының жалында жүріп көшпенді ғұмыр кешсе де он, он бес баланы дүниеге әкелген халқымыздың көбеюдегі көздегені де сол иен даланы иесіз қал­дыр­маудың қамы екен.
Сонымен шілдехана дегеніміз не? Кешегі көшпенділердің бүгінгі ұрпағы бұл дәстүрдің тек атауын және орындалу рәсімін ғана біледі. Ал мәні мен маңызын ұмытқан сыңайлы. Шілдехананы тек қуанышта, жақсылық үшін жасалатын дәстүр деп түсінеді. Ал шын мәнінде бұл дәстүрлі рәсімнің адам дүниеге келгенде ғана емес, дүниеден өткенде де жасалатынын көбі біле бермейді. Ежелгі дала тұрғындарының ұғымында жас нәрестеге жын-шайтан үйір болады деген түсінік болған. Сол жын-шайтан жаңа туған баланы және жас босанған ананы қырық күнге дейін торуылдап жүреді-мыс. Сондықтан қуанышты үйге «бауы берік болсын» айтып алыс-жақыннан жиылған жұртшылық жас босанған ана мен жаңа туған бала отырған үйге қырық күн бойы шырақ жағып, күзетіп, жын-шайтандарды үркіту үшін түнімен ән айтып, ойын-сауық құрып, анасы мен сәбиін қауіпті кезеңнен өткізіп жіберіпті. Бұл дәстүрді қазақ «Шілде күзет» деп атаған. Парсы тілінде шілде (шіллә) – «қырық» деген сан атауы. Яғни бүгінде ел арасында жасалып жүрген ба­ланы «қырқынан шығару» рәсімі осы қырық күндік шілдехана тойының түйіні. Ал енді кісі дүниеден өткендегі шілдехананың мәні неде? Тіршіліктен татар тұз-дәмі түгесілген кісіні оң жаққа шығарып, ортаны шимен бөледі. Бақилық болған жанның ши артында жатқан мәйітін жер қойнына тапсырғанша жақын-жуығы үш күн бойы күзетеді. Ол жерге де күні-түні шырақ жағылады. Мүрдені мәңгілік мекеніне апарып қойған соң да әлгі үйдің шамы қырық күнге дейін сөнбейді және сол ауылдың ақсақалдары мен ақыл тоқтатқан кісілері қырық күн бойы мәйіт шыққан үйге жиылып, марқұмның тіршіліктегі сауапты істерін, мінезінің жақсы жақтарын айтып әруағына дұға бағыштап отырады. Бұл көшпенділердің өлген адамның рухы қырық күнге дейін әлгі шаңырақты төңіректеп жүреді деген түсінігінен туса керек.
Ал енді Абайдың «...өлеңмен жер қой­нына кірер денең» дегені өлең ғана емес, көшпенділер тұрмыс-тіршілігінің бір бөлшегіне айналып кеткен ақиқи шындық екенін жоғарыда айттық. Қазақ дүниеге келген адамды қалай құрметпен қарсы алса, дүниеден өткен адамды дәл сондай дәрежеде бақилық сапарына шығарып салады. Оған қазақ халық әдебиетінің ең ежелгі түрі – «Жоқтау» дәлел. Жоқтау да өлең. Азалы өлең. «Біреудің кісісі өлсе қаралы ол». Бала күнімізде ауылда кісі өлсе, қаралы үйдің шаңырағынан қырық күн бойы жаныңды түршіктіретін азалы дауыс шығып тұратын. Бақилық болған пақырдың анасы немесе әйелі, жанашыр жеңгелері, көрші-көлемдегі келіншектер күнде кешкісін өлік шыққан қаралы үйге жиылып дауыс шығарып, қырық күн бойы аза тұтады. Тіпті кейде қара жамылып, дауыс шығарудың мерзімі марқұмның жылдық асы өткенге дейін созылады. Өмір бар жерде, өлім де болады. Қазақ тұрмысында жоқтаудың үлкен философиялық астары, тәрбиелік мәні бар. Бұрын жоқтауды жақынынан айырылып, қайғы жамылып отырған адам өз жанынан шыққан өлеңімен өріп, өмірден өткен адамның өзі үшін, сол отбасы үшін қаншалықты керек екенін, әулет үшін тіпті ел үшін ерекше орны бар екенін, оның тіршіліктегі туған-туысына, жұртқа жасаған жақсылығын сай-сүйегіңді сырқыратар ұйқасқа құрылған зарлы мақамға салып айтатын. Қазалы үйдің қайғыларына ортақтасып, көңіл айта келгендер өлген адамның жақын-жуығы қалай жоқтап отырғанына мән береді. Әрине, қызықтап, сынау үшін емес, жарық дүниемен байланысы үзілген марқұмды ақырғы сапарына құрметпен аттандырып салуға ниеттес екенін білдіру үшін олар жағалай жылап отырғандармен көрісіп, жоқтауына қосыла егілетін. Шынын айту керек, қазірде осы жоқтау айтудың мәні өзгеріп кетті. Жақынынан айырылған жандар біреудің жазып берген өлеңін қағазға қарап отырып айтатын хәлге жетті. Тіпті кейбір жоқтау сөздерінің о дүниелік адамға түк те қатысы жоқ екенін естіп отырып, таң қаласың. Жоқтауды ұйқаспен айту шарт емес, ішіңдегі шер-шемен мен өзекті өртеген өкінішті шынайы сөзбен шығарсаң жетіп жатыр. Осы жоқтауға қатысты тағы бір айта кететін жайт, қаралы үйдегі қыз-келіншектердің сол жерде отырған молда мен үлкен кісілер сабырға шақырса да бүйірін таянып, кейде жерді тоқпақтап ойбай салып жылауы және жылап отырып, Құдайды тілдеуі қанша жерден жанашыр жақыны болса да құптарлық іс емес. Бұл жайында пайғамбарымыздың «Біреу қайтыс болғанда бетін ұрғылап, тырнап, үстіндегі киімін жыртып және надандарша айқайлап жылаған адам бізден емес» деген хадисі бар. Тумақ – сүннет, өлмек – парыз. Дүниеге келгенің рас болса, қайтуың да айнымайтын ақиқат. Өзі берген аманат жанын Алла өзіне қажет кезінде алады және пенденің оған қылар ешқандай да амал-айласы жоқ. Ендеше дүниеге келгенде ашқан есігін уақыты келгенде қайта жабатынын біліп тұрса да Құран сөзіне иланып, молданың сабырына құлақ аспайтындарды қалай жұбатуға болады? Отыз ұлынан айырылса да Алланың жазғанына көнген Дәуіт пайғамбардың сабыры сабақ болса дегеннен өзге не айтасың оларға...
Бәрінен де сорақасы, қаралы үйлерде жал­да­малы жоқтаушылардың көбеюі. Әсіресе, мұндай жағдай қазірде қалалық жерлерде белең алып барады. Масқарасы сол, жоқтау бизнестің көзіне айналды. Танымайтын әулеттің төрінде отырып ақысына аңырап жоқтау айтатындардың бар екенін естігенде, біреудің жазып бергенін қағазға қарап отырып айтса да, өз жақынын өзі жоқтайтындарды кешіруге болады. Осындайда қазақтың батыр Бауыржаны мен келіні Зейнептің арасындағы мына диалог ойыма орала береді. Бірде Бауыржан атамыз дастархан басында отыр­ғанда ертең өзі өлгенде келінінің қалай жоқтайтынын естігісі келетінін айтады. Ұзақ жыл­дар қолында тұрып мінезі сыралғы болса да атасының аяқ астынан қойған бұл сауалына келіні қалай жауап берерін білмей сасып қалады. «Ата, қайдағыны айтпаңызшы, өлімі несі, олай қорқытпаңыз» деп жақауратқанына көнбей, «Немене, өлімнен қорқасың ба? Ерте ме, кеш пе бәріміз де өлеміз. Мен де ажалсыз емеспін. Бірақ мәселе өлімде емес. Мен өлгеннен соң өтірік-шыны аралас барлығың сықсыңдап жылайсыңдар. Сонда Бауыржанның келіні атасын қалай жоқтайтынын естігім келіп отыр», – дейді. Зейнепке шегінер жол қалмайды, шын қиналады. Сонда көкірегіне жиған-түйгені мол тәлімді келіннің есіне жас кезінде оқыған «Шеген бидің келінінің жоқтауы» деген әңгіме түсіп: «Ата, Шеген бидің келіні атасы дүниеден өткенде:
Аспанда ұшар лашын,
Лашын жаяр құлашын.
Атамды алған Құдайдың,
Келіні мендей жыласын», – деп жоқтаған екен дейді. Сонда манадан бері қалың қасынан қар жауып, қабағы қатулы отырған Бауыржан келінінің тапқырлығына разы болып, қарқылдап күліп жібереді...
Иә, қыз-келіншектің бәріне бірдей батырдың келіні болу бақыты қайдан бұйырсын. Бірақ олар сол Бауыржанды тудырған қазақтың келіні емес пе?! Ендеше, бүгінгі ақ жаулықтылар жоқтау айтуды ешкімнен үйренбеуі тиіс еді ғой...

Қуат Ахетов


25 ақпан 2020 ж. 758 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031